Көне Сайрам. Осылай ойласаң болғаны, ғасырлар керуені тізбегімен тарих тереңіне ұйып кете бересің. Аңдаған адамға топыраққа көмілген дәуірлер қатпарынан тағылым алар дүние көп. Том-том қабаттанған ауыр да, күрделі шежірелі қала. Бұл тақырыпқа соғудың өзі үлкен салмақ боларын біліп, кейінге қалдырып келген едік. Газетіміздің өткен сандарында жарияланған ортағасырлық Бабаата (Баладж) қаласы туралы мақаламызды жазарда кезіккен Ысқақ баб көтеріпті десетін аңыздағы тасты көру мұраты Көне Сайрам тақырыбы парақтарын ақтаруға жетелеп, тарих тұнған қала көшесіне бұрыла бердік. Кезекті саяхаттық жолжазбамыз осылайша туды.
Мәшһүр Жүсіп атамыз өз заманында қазіргі Сайрамға соғып, Бекасыл әулиеге жолығатын тұсын аңыз-әңгімелерден білетін боларсыз. Сол сапары кезінде Оңтүстіктің қызықты аңыздарын да хатқа түсіріпті. Соның бір аңызында «Сайрам мешітіндегі тас бағанды кім орнатқанын жазайын. Ерте заманда Алатау, Қаратаудың аралығында Әулиеата мен Шымкент, Сайрамға маңайлас жерде «Қырық қақпалы Қарғалық» атанған шаһар болыпты. Оның билеуші бастығы Ысқақ бап деген батыр болыпты. Мұның заманында қалмақтан Сауыр тонды Өтеміс деген батыр шығып, орталарында көп соғыс болып, ақырында Ысқақ баб Сауыр тонды Өтемісті байлап алып, тірідей қорғанның бір бұрышына қалап жіберіпті. Тас бағанды мешіттің қорғанына күшінің белгісін кейінгі заманның адамына көрсетемін деп, сол Ысқақ бап өзі көтеріп әкеп орнатқан екен» дейді. «Қырық қақпалы Қарғалық» шаһары – қазіргі Бабаата ауылы маңындағы ортағасырлық қала орны екенін айтқанбыз. Ысқақ баб орнатыпты деген тұғыртастың ертеректе түсірілген суреттері сақталып, бүгінгі күнге жеткен. Сол суреттегі баған қазіргі таңда Сайрам ауылы орталығындағы өлкетану музейінің алдында тұр. Бірнеше адамның құшағы әрең жететін тұғыртасты бір адам көтеріп әкеліпті дегенге сену қиын. Ғалымдардың айтуынша, көне Сайрам өңірі тас қашау өнерінің ошағы болыпты деседі. Ысқақ бабтың араб басқыншылығы дәуірінің ірі тұлғасы болғанын ескерсек, бұл өңір маңында талай әскери қақтығыстар орын алғанын ойша елестетуге болатындай.
Сайрамсу өзенінің оң жағалауындағы қазіргі Сайрам ауылының дәл ортасында көне қорған қабырғаларының орны және қоршай тартылған көшелермен ерекшелініп тұрған жалпы көлемі 32 гектар аумақта көне Сайрам (Исфиджаб) қаласының жұрты жатыр. Археологиялық ескерткіш қазіргі заманғы елді мекен құрылысының астында қалған. Бұл жерде Ресей патшалығы орнай салысымен-ақ қазба жұмыстары басталған екен. Бұл жағынан Сайрамды Қазақстандағы ең танымал, жан-жақты зерттелген археологиялық нысан деуге болады. Мұнда 1893-94 жылдары В.В.Бартольд, 1923-26 жылдары П.П.Иванов, 1925 жылы М.Е.Массон, 1940 жылы Г.И.Пацевич, 1947-51 жылдары А.Н.Бернштам, 1979 жылы Н.П.Подушкин еңбектенген.
Ғалымдардың айтуынша бұл көне қала ҮІ-ХҮІІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген деп саналса, оған қатысты ең алғашқы деректер ҮІІ ғасырдың басында кезігеді. Қытайдың будда монахы-саяхатшысы Сюань-Цзян «Батыс өлкеге саяхат» еңбегінде 629 жылы Үндістанға сапары кезінде жолай «Ақ өзен жағалауында орналасқан қалаға» аялдағанын айтады. Ал ХІ ғасырда өмір сүрген М.Қашқари «Сайрам – Исфиджаб деп аталатын ақ қаланың (Мединат ал-Байда) атауы» дейді. Осы жерден Сайрам мен Исфиджаб атауларының бір қалаға қатысты әр дәуірде әрқалай аталғанын білуге болады. Ислам діні келгенге дейін де Көне Сайрам өз заманының сауда, егіншілік, саяси, әкімшілік, білім және діни орталықтарының бірі болған. Буддист Сюань-Цзян Батыс Түрік қағанына жолығып, Исфиджаб маңына аялдауының да өз себебі болса керек. Өйткені, мұнда тәңіршілер, несториандықтар, манехеисттер, сонымен қатар будда дін өкілдері де мекен еткен секілді. Исфиджаб өңіріне Сыр бойы қалалары Кердері, Сығанақ, Сауран мен Янгикент, Қаратаудың теріскейіндегі Баладж бен Берукет, кейде Тараз, Құлан, Меркі мен Суяб та қараған. Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталығы үшін талас-тартыстар да үздіксіз болып тұрғаны белгілі. Араб басқыншылығының қолбасшысы Құтейбаның тұсында Сайрам өңірі халифат құрамына еніп, саманидтер тұсында ислам дінінің толық орнығуына жол ашқан. Ал қараханидтер мен хорезмшахтар дәуірінде мұсылмандық бұл аумаққа тұрақтанып, ірі ислам орталығына айналған. Бұл туралы жоғарыда айтылған Ысқақ баб аңызынан бөлек, қазіргі Сайрамда кесенелері орналасқан Әбдел-Әзіз (Бәлегардан) баб пен Мірәлі баб туралы халық аузындағы аңыздардың өзі мықты дәлел бола алады. Бүгінгі Сайрам ауылының тарихи сәулет ескерткіштері де осы ислам дәуірі орнай бастаған тұстағы және одан кейінгі заманғы тұлғаларға орнатылған кесенелермен тікелей қатысты. Ал көне заманғы қытай саяхатшылары жазып қалдырған «Ақ қала» сәулет ескерткіштерінің сақталмақ түгілі орны да, тарихы да жоқ. Бәрін де ислам құртып, орнын басқан. Бұл тұрғыда тек археологтардың дерегіне сүйенуден өзге амал жоқ.
Шымкент қаласынан республикалық маңызы бар киелі орындар тізбесіне енген нысандардың дені осы Сайрам тұрғын алабында орналасқан. Соларға кезекпен тоқталайық.
Ислам діні енген дәуірдің көрнекті өкілі – Әбдел-Әзіз (Бәлегардан) баб. Халық аузындағы аңыздарда ол кісі жергілікті тұрғындарға ислам тарату мақсатында келген араб басқыншыларының ірі қолбасшысы ретінде айтылады. «Барлық қауіптен сақтаушы, бәле-қатерлердің алдын алушы» деп әспеттеліп, әулиелердің үлкені деп саналады. Әулие моласының үстіне орнатылған кесене Сайрам ауылы орталығындағы ескі мола арасында тұр. Бұл кесене ХІХ ғасырдың сәулет ескерткіші саналады. Ескерткіш құрылыс стиліне қарай Оңтүстіктің ортағасырлардағы культтік порталды-күмбезді типіне жатқызылады. Негізі, бұл сәулеттік нысан екі дәуірде бөлек күмбезді 2 ғимарат етіп тұрғызылып, кейіннен кіре берісіндегі күмбезді-порталды құрылыспен біріктірілген секілді. Өйткені, кесенеге кірген кездегі дәліз көзіңізге солай елестетеді. Ортасындағы негізгі бөлігінің кіші күмбезі биік барабанға орнатылып, артқы фондағы екі күмбезден ерекшелініп көрінеді. Қабырғасы толықтай шаршы күйдірілген кірпіштен қаланған.
Мірәлі баб кесенесі де Сайрамның орталығынан батыс тараптағы көне зират ішінде орын тепкен. Бұл сәулет ескерткіші де ХІХ ғасырдың сәулет ескерткіші саналады. 1925 жылғы деректегі М.Е.Массонның айтуынша, «бұл нысанның күмбезі құлағанына бірталай уақыт болған». Ескі суреттерге сәйкестендіріп күмбезі қайта қалпына келтірілген. 120х250х60 мм өлшемінде күйдірілген кірпішпен бірнеше мәрте жөнделген. Бір камералы порталды-күмбезді кесененың жоспары 7,6х6,1 метр көлемде шаршыланған формада жасалған және кесене үсті биіктеу барабан етіліп келіп, күмбезбен жабылған. Кесененің артында Мірәлі бабтың әкесі Мәлік шахтың моласының үсті ашық, тек шаршы кірпіштен төртқұлақты аяқталмаған құрылыспен ерекшеленген. Мәлік шах өз заманында (Х-ХІ ғасыр шамасы) осы Сайрамда билік жүргізіп, патшалық құрған деседі. Ал оның баласы Мірәлі баб болса, жергілікті тұрғындар арасынан исламды ең алғаш қабылдаған мұсылмандар қатарында болады да, бір қолына құран, екінші қолына қылыш алып, күшпен ислам таратқан екен. Халық есінде қаталдығымен есте қалған патша болып, әулие саналыпты.
Ибраһим ата кесенесі Сайрамның солтүстік жақ бетінде, Ақсукентке қарай шығатын күре жол бойындағы қырда орналасқан. Бұл сәулет ескерткіші ХҮІІ ғасырда салынып, ХХ ғасырда жаңартылған. Кесене Қ.А.Яссауидің әкесі, жергілікті шайқы Ибраһим атаның моласының үстіне салынғаны белгілі. Еліміздегі ортағасырлық ең көне күмбезді кесенелерлің бірі саналады.
Ал Қ.А.Яссауидің анасы – Қарашаш анаға орнатылған кесене Сайрам ауылының қақ ортасында, ескі қорымның шетінде орын тепкен. Кесененің дәл іргесінен Әмір-Темір көшесі өтсе, әріректе Ж.Сареми көшесі қиылысады. Бұл жер Сайрамның тарихи орталығы саналады. Құрылыс ХҮІІІ ғасырға жатқызылса, кей элементтеріне қарай ХІХ ғасырдың сәулет ескерткішіне қосады. Дегенмен, ХХ ғасырда қайта жөнделгені анық көрінеді. Құрылыс Оңтүстік Қазақстан территориясындағы кейінгі ортағасырлар дәуірінің порталды-күмбезді сәулет типіне жатады. Біркамералы шаршы тәрізді (6,3х6,3м) құрылыс кішірек барабан үстіндегі сфера пішінді күмбезбен жабылған. Күмбездің ішкі интерьері сыланған, жарықтандыру тор көзді-панджаралы терезе көзімен, ал фасадының декоративті жабдықталуы жинақы қаланған кірпіштермен шешімін тапқан. Мұнда ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген, шашының ерекшелігіне қарай кейіннен Қарашаш ана атанып кеткен бибі Айша ана жерленіпті. Кесенеге келетін зияратшылар мен туристер толастамайды.
Сайрамдағы ең көркем кесене – Қожа Салих кесенесі. Бұл сәулет нысаны ХІХ ғасыр ескерткішіне жатқызылғанмен, сыртқы келбеті ХХ ғасырдың соңында қатты өзгертіліп, жапсырма өрнектермен әрленген. Бұл жерде ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда алғашқы кесенелер болғанмен, оның алғашқы бейнесі бүгінгі күнге сақталып жетпеген. ХІХ ғасырға жататын күйдірілген кірпіштерінің көлемі 350х170х150мм, 160х340х50мм және 230х230х40мм болып келеді. Порталды-күмбезді жабыны уақыт пен жауған жауыннан қатты зардап шеккендіктен, соңғы кездері күмбезінің үсті осы заманғы ағаш тіреулер арқылы көтеріліп, қаңылтыр жабынмен жабылған, қабырғасына жауған жаңбыр ұрмас үшін полиэтилен материалмен бүркелген. Қожа Салих деген кісі өз дәурінде өте танымал шайқы болған екен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жерде айтылған тілектерді қабыл алу үшін араға уақыт салып Қыдыр ата келіп тұрады деседі.
Сайрамның көрнекті сәулет ескерткіштерінің бірі – Қызыр мұнарасы. Ауыл орталығының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан бұл нысан да ХҮІІІ-ХІХ ғасырлар ескерткішіне жатқызылады. Кезінде мешіт-медіресе ғимаратымен қоса біртұтас сәулет кешені болған ескерткіштен бүгінгі күнге осы мұнара ғана жетіп отыр. Мешіт-медіресе орны сақталған. Мұнараның бастапқы биікті 10,5 метр болса, диаметрі 2,9 метрге дейін барады. Дөңгелене спираль тәрізді өрілген баспалдағы мұнараның жоғарғы жағындағы бақылау нүктесіне жеткізеді. Мұнара қабырғасы балшықпен байланыстыра қалана отырып күйген кірпіштен тұрғызылған. Жоғары жағы күмбезді жабынмен жабылып, қорытындыланған. Мұнара терезесінен тек ауланы ғана емес, қала шахристаны сыртындағы еңісті де көріп, бақылауға болады.
Көне Сайрам сәулет ескерткіштері қатарына Қазы Байза және Бибі Мариәм кесенелерін де қосуға болады. Бұл аталған кесенелер де ХҮІІІ-ХХ ғасырдың басы аралығындағы ескерткіштер саналып, тарихи-мәдени ескерткіштер санатына қосылғанмен, соңғы 10-20 жыл ішінде қатты өзгертілген. Жергілікті тұрғындар өз бетінше жөндеу жұмыстарын жүргізу салдарынан бастапқы сәулеттік келбеті сақталмаған. Дегенмен, бұл нысандарға да келетін зияраттаушылар мен туристер қатары мол.
«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңында тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауға жергілікті әкімдіктер жауапты болатыны, соған сәйкес елдi мекендердi жоспарлау, салу және қайта құру жобаларын әзiрлеу және бекiту кезiнде барлық санаттағы тарихи және мәдени ескерткiштерді сақтау жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ететіні айтылған. Сондай-ақ, 2014 жылы 11 желтоқсанда жарық көрген ОҚО Маслихатының №34/268-V шешімімен бекітілген аудан, қалалар аумақтарында орналасқан республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің қорғау аймағы, құрылыс салуды реттеу аймағы және табиғи ландшафтын қорғау аймақтары шекаралары тізімінде біз сөз еткен Сайрам (Исфиджаб) қалажұрты (Городище Сайрам (Исфиджаб) да бар. Онда республикалық маңызы бар Көне Сайрам архелогиялық ескерткішінің жалпы қорғау аймағы 32,4 га (оның ішінде қорғау аймағы 11,2 га, құрылыс салуды реттеу аймағы 22,4га, табиғи ландшафтын қорғау аймағы 22,4га) деп ап-анық көрсетілген. Алдағы уақытта Шымкент қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау саласына жауапты мамандары қала аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің қазіргі жағдайына мониторинг жүргізіп, қорғау аймақтарын қайта қарап шығады деп сенеміз.