Нумизматика дегенде көптің есіне алдымен тиын (монета) жинаушылар түседі. Ал, шындығында, бұл – ең әуелі, ақша тарихын зерттейтін ғылым. Бұл ғылымның тарихи кезеңдерді зерттеуде, нақты деректерді анықтауда көмекші бола алатын қасиеті бар. Мәселен, жазба деректерде жоқ, ешкім білмейтін мағлұматты да кішкентай тиын айтып беруі мүмкін. Айталық, тарихта аты қалмаған билеушілердің бірі, Ташкентті билеген Тұрсын ханды біз білмейтін едік. Оның есімі сол заманда соғылған монеталарда кездеседі.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарайтын Сайрам тұрғын алабының дәл ортасынан 2013 жылы археологтар күміс тиындар салынған құмыра мен алтын әшекей бар құнды көмбе тапқаны туралы бұқаралық ақпарат құралдары жиі жазды.
Сол қазба жұмыстары кезінде ғой, Х-ХІІ ғасырларда салынған ортағасырлық монша құрылысы аршылып, құрылымы нақтыланған еді. Монша құрылысының жанында тұрғын үйдің бір бөілігі анықталып, монеталар мен әшекей бұйымдар толы қазыналы көмбе сол үйдің ауласындағы тандыр ішінен табылған. Көмбеде 2600 дана күміс монета болған. Оның болжалды шекілген кезеңі ХV-ХVІ ғасырларға жатады деп шамаланды. Бұл – Қазақстан тарихының бастауында тұрған Қазақ хандығы заманына сәйкес келетін ең алғашқы монеталар жиынтығы. Өйткені, ХV-ХVІ ғасырлар шамасында билікте болған Қасым ханның тұсында Сайрам қаласы Қазақ хандығына қараған. Сол кезеңде Қасым хан күміс теңгеден соқтырған ақша айналымын ендіруі мүмкін.
Алтыннан жасалған ортағасырлық зергерлік бұйымдар да сол жерден табылды. Алтын бұйымдар – білезіктер, жүзіктер, сырғалар мен басқа да әшекей түрлері бірегей археологиялық жетістік және оның тарихи құндылығы аса жоғары. Бұл қазынаның жасы да шамамен ХІІІ-ХVІ ғасырлар деп болжам жасалынған. Былайша алғанда, алтын әшекейлер сол заманда Сайрам қаласында өмір сүрген зергер ұстанікі болуы мүмкін. Олай деп қорытынды жасаудың де өз сеебі бар. Өйткені, сол арадан алтын әшекей заттармен қоса, зергерлік бұйым жасайтын құрал-жабдықтар да табылған еді.
Жалпы, Қазақстан аумағында әр дәуірде әр түрлі ақша түрлері болғаны анық – ақша, бақыр, теңге, динар, дирхем, фулс, пұл, жамбы, тайтұяқ, қойтұяқ, алтын, күміс тиын, ділда, сом секілді ақша түрлері қазақ даласынан табылған. Қазақстан монеталарының шежіресі сонау ежелгі көшпенділердің «тауарға – тауар» (мал, аң терісі, жібек, алтын, күміс, металл кесектері, асыл тастар ақша ретінде теңгерілді) саудасынан бастау алғаны мәлім. Көне түрік (VІ-ІХ ғғ.), түргеш дәуірінде «жылқыға – жібек» саудасы қарқынды дамыды. Түрік қағандығы монеталар шығарып, ақша айналымында қолданылды. Түргеш теңгелері ірі территорияда айналымға түсті, олар көбіне Суяб, Таразда соғылып тұрды. Осылардың ішіндегі ең көнесі – түрік дәуірінің тиындары болып саналады.
Алғашқы түрік дәуірінде түрік империясы Корей түбегінен Қара теңіз, Дунайға дейін ұласып, шектесіп жатты. Сондықтан, негізінен Батыс Түріктер сауданың тасымал жолы – Жібек жолын бақылауға алып, сауданы қалыптастыру үшін соғды үлгісінде монета шығара бастаған. «Ябғу қағанның монетасы» деген сияқты тиындар соғылған. Батыс Түрік қағандарының, түргештердің, жалпы билеуші әулеттің таңбалары көп кездеседі. Көне соғдыша «Тұң жабғы қағанның ақшасы» деп жазылған. Ол тиындардың көбі Шаштан, яғни Ташкент маңы оазисінен табылды. Ал, 2010 жылы өз жерімізден табылған монетада жолбарыстың бейнесі бар.
Қарахан дәуіріне қатысты монеталарды бұрын-соңды ешкім көрмеген еді. 1974-1976 жылдары жүргізілген зерттеу нәтижесінде 1976 жылы Ақтөбе (Баласағұн) қалашығында ІХ-ХІІ ғасырлардағы қарахандықтар дәуірінің мыс монеталар көмбесі табылған. Қыш құмыра ішінен барлығы 2145 дана монета шықты. Араб графикалық мәтіндері сақталғаны 812 дана. Бұл Оңтүстік Қазақстандағы Ақтөбе қалашығында тиын соғатын ірі орын болғанын көрсетеді. Қарахан әулетінен Сатық Боғрахан деген алғаш ислам дінін қабылдаған хан бар, бұл монеталарда соның аты кездеседі. Белгісіз көмбе. Өте тотыққан теңгелер қазіргіше тиын салатын қобдишасымен («копилкасымен») қоса табылған.
Міне, Қазақстан аумағынан табылған көне монеталардың ортағасырлық кезеңіне қатысы бар уақытынан азырақ мәлімет келтірдік. Осы құнды қазына ішінен көне Сайрамнан табылған теңгелердің алар орны ерекше. Осы турасында да айта кетуді жөн санадық.
Қасиет АШТЕКОВА
«Сайрам» музейінің тарихшы маманы