КӨНЕ ШЫМКЕНТТІҢ ӘР АДЫМ ЖЕРІ ТАРИХ КУӘГЕРІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Күні кеше, яғни қазанның 7-8 күндері әлеуметтік желілер мен месенджердерде Шымкенттің В.Володарский көшесі бойындағы «Магнум» супермаркеті алдынан қазба кезінде табылған адам қаңқасы туралы хабар желдей есіп, жұрт жарыса бөлісіп жатты. Оған бірқатар баспасөз беттері қосылғаны тағы бар.

1-сурет. Құрылысшылардың қазба жүргізіп жатқан учаскесі, «Магнум» супермаркетінің алды.

Жастық шағымызда Омар Һайям дейтін Шығыс шайырының рубаяттарымен ауырғанымыз бар. Оның:

Жер басып өткен сайын күнінде сіз,

Ойлаңыз, адам болған ол да тірі.

Топырақты тебіндей асықпаңыз, сүрінбеңіз,

Мүмкін бұл, туған атаңның болған бірі, -дейтін шумақтарын кешегі күні еріксіз еске алдық. Күнделікті ары-бері өтіп жүрген жолымыздың астынан адам сүйектері табылғаны сол рубайилерді еске салды. Сонда барып, Шымкенттің ескі бөлігінің әр адым жері қадым замандардан қалған жәдігерлерге бай екеніне көзіміз жете түсті.

Адам қаңқасы шыққаны туралы хабар жете салысымен біз де оқиға орнына баруға асықтық. Иә, расымен адам қаңқасының қалдықтары жер бетіне шығарылған.  Яғни, 2025 жылғы қазан айының 7 қазан күні Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы, В.Володарский көшесінің Д.Қонаев көшесімен қиылысынан қазба жұмыстары кезінде адам қаңқасы табылған. Бұл қазба жұмыстарын «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС инвестициялық бағдарламасына сәйкес биыл Шымкент қаласы, Сапақ датқа-Таштракт көшелері бойында диаметрі 600 мм болатын су құбырын алмастыру жұмыстарын жүргізіліп жатқан. Аталған жұмыстарды жүргізуші мекеменің өкілдері адам қаңқалары табылған соң қазба жұмыстарын тоқтатып, табылған қаңқа сүйектерін полиэтилен қалтаға салып, бөлек алған. Біз барғанымызда қазба басында өзін Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының участке полиция қызметкері Әкімжан деп таныстырған мамандар болды.

2-сурет. Адам қаңқасы табылған тереңдіктегі қуыс.

Осы жерде азды-көпті қолда бар деректерді келтіре отырып, түсіндірме бере кетсек дейміз. Дәл осы орын ХІХ ғасырдағы орыс зерттеушілерінің сызған карталарында мұсылман зираты болғаны туралы деректер көрсетілген (1). Сондай-ақ, 2018 жылы жарық көрген «Түркістан облысындағы киелі жерлердің географиясы: үш томдық» деп аталатын еңбектің 475-бетінде Таштракт көшесі мен Базар көшесі (қазіргі Әйтеке би көшесінің Д.Қонаев даңғылына ауысқан учаскесі) түйіскен жерінен жоғары, автовокзал мен аурухана арасындағы аймақта (қазіргі «Жамалбек қажы» сауда үйі, «Магнум» маркеті тұрған жер) Қамбар ата мазараты орналасқаны туралы дерек бар (2).

3-сурет. Қазіргі «Магнум» супермаркетінің орнында ескі мазарат болғаны туралы карта дерегі.

Оған қоса, біздің 2021 жылы жарық көрген «Таңғажайып Түркістан» дейтін еңбегімізде де тоқталатын Шымкенттегі Жәми мешіт туралы «Жәми мешіт – Шымкенттегі ең көне сәулет ескерткіші» дейтін мақаламызды жазу кезінде де осы мазарат туралы дерек жолықтырып едік. Онда мешіт салдырған Шыңғысбай қажының үлкен ұлы Өтен деген кісі осы аталған мазаратқа қойылғаны, ол мазараттағы сүйектердің іздеушісі бары 1950-ші жылдары қазіргі Қасқа мазаратына көшірілгені, іздеушісі табылмағаны қазіргі «Жамалбек қажы» сауда орталығының астында қалғаны туралы ауызша деректі келтіріп едік (3). Осы аталған сауалнамалық деректің қайнар көзі ретінде Шыңғысбай қажының шөбересі Сейдахан Момынов деген ақсақалдың әңгімесі көрсетілген еді.

Осы аталған деректерді алға тарта отырып, бүгінгі таңда табылып отырған адам қаңқасын ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы мұсылман зиратының қалдығы деп қорытынды жасауға негіз бар.

4-сурет. Қазба кезінде табылған адам қаңқасы.

Қазіргі таңда аталған адам қаңқасын Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының қызметкерлері қалалық сот экспертизалық зерттеуге жолдаған. Сол экспертизалық зерттеудің қорытынды сараптамасы шыққан соң тиісті шаралар атқарылып, қайта жерленетін болады деп түсініктеме беріп отыр.

 

Сілтемелер:

(1) Шымкент қаласы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы / жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Шымкент: «Хикари», 2024. 117 бет.

(2) Түркістан облысындағы киелі жерлердің географиясы: үш томдық. 2-том. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2018. 475 бет.

(3) Дүйсебаев С. Таңғажайып Түркістан. Жолжазба. – Шымкент қаласы: «Қызмет» баспасы, 2021. 76 бет.

 

С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ