Биылғы 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Дүркіреп өте шыққан ұлттық спорт түрлерінің мерекесінде Ұлы даланың дүбірі қызды. Бұл үлкен мереке тек спорттық сайыстардың ғана жиыны ғана емес, оған қоса түрлі мәдени, туристік, ұлттық шараларды да топтастырды. ХІХ ғасырдың орта шешінде қазақ даласында ұйымдастырылған Қоянды, Қарқара, Ақмола, Әулиеата секілді жәрмеңкелерде тек сауда-айырбас қатынастар ғана емес, түрлі мәдени құбылыстар орын алғаны белгілі ғой. Ақан сері, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Майра Уәлиқызы секілді өнер иелерін, тұлғаларды таныстырды. Мына «Ұлы дала дүбірі» деп аталған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары да сондай ірі мәдени бас қосу орны болды десек, қателеспейміз. Еліміздің әр өңірі музей көрмелері, сахналық көріністер, концерттік іс-шаралар, айтыс, мәдени шеру, ән-би қойылымдарын қойып жатты.
Соның бірі Шымкент қаласының «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің қойған «Ұлы Жібек жолы бойындағы көне Шымкент» археологиялық-этнографиялық көрмесі және Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталағының қазақтың ұлттық құндылығын таныстырған этнографиялық көрмесі мен қойылымдары болды. Астана қаласының этноауылындағы ақшаңқан киіз үйлер қалашығының сәнін кіргізіп, тарихи-мәдени келбет-мәнін арттыра түсті.
КӨРМЕГЕ 80 ЖӘДІГЕР ҚОЙЫП, ШЫМКЕНТТІҢ САН ҒАСЫРЛЫҚ ТАРИХИ КЕЛБЕТІН КӨРУШІЛЕР НАЗАРЫНА ҰСЫНДЫ
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастырылуы жағынан жан-жақты ойластырылғаны көрініп тұр. Ойындармен қатар «Қазанат» ипподромы маңында құрылған Этноауыл іші ығы-жығы нөпірге толы. Құдды «Алдараспан» сатира театрының кейіпкері Түкәнің «қырық мың адам, алпыс мың қарүй» деп суреттейтін тойы осы болар. Осындай мәдени-концерттік шаралар алаңында өңірлердің өз ерекшелігін көрсететін күйіз үйлердің топтастырылуы да ерекше жобаланыпты. Елімізде 20 өңір болса, соның әрқайсысына 3 киіз үйден беріліп, жабдықталған. Шымкент қаласына да арнайы сегіз қанатты ақ ордадан бөлініпті. Соның біріне «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің апарған «Ұлы Жібек жолы бойындағы көне Шымкент» көрмесі жайласқан.
«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің экскурсия жүргізушісі Айдана Смайлова көрме туралы былай деп таныстырды:
– Шымкент – тарихы тереңде жатқан шаһар. Шымкент Ұлы Жібек жолының бойында жатқан, қолөнері мен саудасы қатар дамыған, бүгінде өзінің тарихи орнын сақтап қалған сирек қалалардың бірі саналады. Қазба жұмыстары қаланың жасын 2200 жыл болғанын көрсетті. Яғни, Шымкент – Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі.
«Ұлы Жібек Жолы бойындағы көне Шымкент» атты көрмеде әрқайсысы өз кезеңдерінен сыр шертіп, шежіре тарқататын жәдігерлер мен фотосуреттер көрсетіледі. Көрме бірегей жәдігерлерден жасақталған. Сол арқылы мәдениет пен өркениетті үндестіріп тұрған көне қаламыздың өткені мен бүгінін, терең тарихын келешек келушілерге көрсету, насихаттауды мақсат еттік. Келіңіз, көріңіз!-деп, ақ киіз үйге қарай жол бастады.
Көрмеде этнографиялық және археологиялық жәдігерлер, қаланың ХІХ ғасырдағы және бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігін көрсететін фотосуреттер таныстырылды. Қазақ халқының этнографиялық коллекциялары қатарында аяққап, музыкалық аспаптар, қару-жарақ, ағаштан жасалған ыдыстар, киім-кешек секілді бұйымдар бар. Ал, археологиялық жәдігерлер қатарында көне қаладан археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған XVII-XVIII ғасырларға жататын қыш кұмыра және құмыра бөлшектері, сиясауыттар, дәрілік ыдыстар, XV ғасырға жататын қыш құмыра, екі құлақты құмыралар мен төрт құлақты ыдыс, XI-XII ғасырларға жататын керамикалық ыдыстар, сфероконустар, керамикалық майшамдар, XIX ғасырдың керамикалық қақпақтары көрініс тапқан. Оған қоса, көне Шымкентте археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған XI-XII және XVII-XVIII ғасырларға тиесілі монеталар, қару-жарақтардың оқтары, жебе ұштары сияқты жәдігерлер де қойылыпты. Сондай-ақ, «Хидоят» шариғат заңдары, «Баяз Нили» өлеңдер жинағы, Беділ ақынның өлеңдері және т.б. арабша жазылған кітаптар да келушілер назарын өзіне бұрады. Жалпы, «Шым қала» тарихи-мәдени кешені осы көрмеге 80 жәдігер қойып, Шымкент қаласының сан ғасырлық тарихи келбетін көрушілер назарына ұсынылған.
«ШЫМКЕНТ – БІЗДІҢ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРМЫСЫМЫЗБЕН ҚАТАР, КӨШПЕНДІ ӨМІР САЛТЫМЫЗДЫҢ ҚАТАР ҰШТАСҚАН ЖЕРІ»
Этноауыл қалашығынан көрген-түйген нәрсеміз көп болды. Дегенмен, «сырт көз – сыншы» дегендей, көрмені көзімен көрген өзге танымал кісілердің пікірін тыңдауды жөн санадық.
Алғашқы сөзге тартқан кісіміз – елімізге танымал этнограф ғалым, туризм саласының маманы Амандық Әмірхамзин ағамыз болды. Әужекең Шымкент қаласының жабдықтаған қос ақ ордасын қарап шығып, сырбаз ғана бізге бұрылып бүй деді:
– Ашылу салтанатынан бастап, 5 күн ішіндегі іс-шаралар бірінен бірі асып, қызықты болды. Оған уақыт табу да оңай емес еді, алайда, этноауылға бармасақ тағы болмайды. Сонымен, баяғының хронистері жазатындай ақшаңқан этникалық үлгідегі ауылға келдік. Қолөнершілер бұйымдарымен таныстық. Мен үшін аса қызығушылық тудырған еліміздің 20 өңірінің құрған киіз үйлері болды. Әр аймақ кемінде үш киіз үйден құрып, оның іштерін өте сапалы жабдықтаған.Былайша айтқанда, әр аймақтың көрмесі дерсіз.
Сол өңірлер ішінде менің қызығушылығымды тудырған Шымкент қаласы болды. Бірінші киіз үйде қолөнер заттары болса, екінші киіз үйде ұлттық салт-дәстүрлеріміз туралы Еліміздегі жалғыз «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығының қызметкері Ләззат ханымның баяндауы керемет екен. Өте құнды мәліметтер алдық, айтқандай, салт-дәстүр туралы біз-пақырыңыздың салған материалдар қаралымының әрбірі 100 мыңнан 700 мың аралығында болды.
Ал, мен үшін қызықты тақырып, ол – Шымкент қаласының тарихы, бүгіні мен өткені. Әсіресе, кешен қызметкерлерінің «Ұлы Жібек жолы бойындағы көне Шымкент» деп аталған көрменінің таныстырылуы ерекше есте қалды. Біріншіден, Шымкент қаласы – Қазақстандағы ежелгі қалалардың бірі. Ал, оның жанындағы Сайрамның (қазір қала аумағына кіреді) да тарихы тереңде жатыр. Айтқандай, Шымкент қаласы Қазақстанда цитаделі сақталып қалған қаланың бірі және бірегейі!
Ал, аталған көрме туралы айтатын болсақ, әуелі шаһар аумағынан табылған ақшалармен таныстық. Яғни, ерте өркениет ошағы ретінде алыс-беріс үшін ақшаның маңызды екенін көреміз. Келесі менің қызығушылығымды тудырған нәрсе, ол – қыш бұйымдары. Және, біздің қалалық тұрмысымызбен қатар, көшпенді өмір салтымыздың қатар ұштасуы. Көрмеде кезіктірген өзім үшін бір қызықты жәдігер – қола дәуірінің, жыл санауға дейінгі ІІ ғасырға жатқызатын Андрон мәдениетінің керамика бұйымдары болды. Жалпы, бұл жерде ежелгі Ұлы Жібек жолы бойындағы Шымкенттің бағзы замандардан қазіргі күндерге дейін ұрпақ сабақтастығының орны да ерекше. Қысқаша айтқанда, «Ұлы Жібек жолы бойындағы көне Шымкент» атты көрме өте қызықты болды,– деп, өз бағасын беріп өтті.
«КӨРМЕГЕ ӨЗБЕКСТАНДЫҚ ЖУРНАЛИСТЕР ДЕ РАЗЫЛЫҒЫН БІЛДІРДІ»
Одан кейін көрме алдынан көзімізге түскені елге белгілі тұлға Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты Әлішер Сатыбалдиев мырза болды.
Ақ боз үйдің маңдайшасынан еңкейіңкіреп шығып келе жатқан депутатымызды сөзге тартып едік, былай деп шешіле сөйлеп берді:
– Қазақстанның атын бүкіл әлемге танымал еткен, туристік әлеуетімізді паш еткен іс-шараның бірі де бірегейі – биылғы өткен Көшпенділер ойындары болды. Осы Көшпенділер ойыны кезінде еліміздің әр өңірінен және алыс-жақын шетелден келген туристердің назарын өзіне бұрған, әрине, этноауыл болды.
Мен өзім сол кезде іс-сапарда болуыма бойланысты, этноауылға шараның соңғы күні ғана кештеу ат басын бұрып, киіз үйлер қалашығын аралап көруге мүмкіндік туды. Сол аралау барысында Шымкент қаласы қойған археологиялық жәдігерлерден құралған «Ұлы Жібек жолы бойындағы көне Шымкент» деп аталатын археолгиялық-этнографиялық көрмені тамашалап шықтым.
Менің қасымда Өзбекстан Республикасынан бірқатар журналистер де бірге болды. Ол кісілермен бірге Шымкент қаласы қойған көрмені тамашалап, қаланың ескі Цитаделінен табылған және қала тарихынан сыр шертетін жәдігерлер, қазақ даласының сол дәуірдегі этнографиясынан хабар беретін төл экспонаттарды көріп, тамашаладық. Әрине, бұл қазақ даласының тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне деген қызығушылығы бар кісіге барлық деректерді беретін, сондай керемет көрме болды. Осы тұста көрменің айналасында жүрген мамандардың да біліктілігін атап өту керек. Көрме қойылған киіз үйге бас сұққан кісілердің қызыға қойған сауалдарына жан-жақты түсіндірме беріп, жауап беріп жатқанын көрдік. Сол үшін де, өзімнің және қасымда бірге болған өзбекстандық қонақтар атынан кешен мамандары тарапына алғыс білдіремін,– деп, музей қызметкерлеріне алғысын білдіруді де ұмытпады.
Мамандар мен мәртебелі қонақтар осылайша жылы лебіздері мен көрмеден түйгендерін осылайша ортаға салып, бөлісті. Ал, «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің музей болып ашылғалы алғаш рет үлкен шараға қатысып, бел ортасында көрме қоюы осы екен. Жас ұжымның аяқ алысы, тәжірибе жинауы, көрме жабдықтау және оны келушілер назарына көрсете алу дағдысы тамаша баспалдақтан басталған секілді. Олай болса, музейдің алдағы тірлігіне сәттілік тілеп, тілеулестік білдірдік.
|
Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ |
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 2005 жылғы түлегі, 2019 жылдан бері «Қызмет» республикалық қоғамдық апталық газетінің тілшісі, openkazakhstan.kz туристік-ақпараттық сайтының редакторы |