Шымкент көне қаласының орнында 2020 жылдары археологиялық қазба жұмыстар жүргізілді. Ортағасырлық көне қалалардың өз заманында Цитадель, Шахристан және Рабат деген секілді бірнеше бөліктерден тұрғанын білетін боларсыз. Ал, көне Шымкент қаласының Шахристанының өзі бірнеше орамнан құралды. Соның ішінде көне қаланың Шығыс Шахристан бөлігінде де 2020 жылы қазба жұмыстары жүрді. Сол жұмыстар кезінде табылған құнды жәдігерлер жөнінде таныстырсақ дейміз.
Шымкентте ХІХ ғасырдың басында болған М. Поспелов пен Т. Бурнашев қаланы былай мінездеген: «Қазіргі кезде Ташкенттен кейін үлкен қала 700 үйі, жанында 10 шағын тұрағы бар Чеменгень бірінші болып есептеледі. Олардың барлығы қалың емес саз балшықты дуалдармен қоршалған және олардың басым бөлігі биік жерлерде орналасқан». Сібірлік корпустың арнайы аудармашысы Филипп Назаров 1813 жылы Шымкентте болып, бізге Шымкент қалашығының топографиясының анағұрлым нақтырақ мінездемесін береді. Оның шығармасында «Шымкент (Чимкент) Бадам өзенінің қарамағында орналасқан. Ол төбе жерде тұрғызылған және биік дуалдармен қоршалған. Қалаға өзен жақтан жіңішке бір аяқ жол арқылы кірген. Арықтан жіберілген сулар қорғаныс дуалдарында арнайы жасалынған тесіктерден өтіп, қаладағы қазылған каналдарды толтырып отырды, олардың кейбіреулерінде диірмен орнатылған. Үйлер қам кірпіштермен қатарлай, қытайлық үйлер тәріздес тұрғызылған, терезелері жоқ үйлерге жарық есіктерден түсіп тұр» деп суреттеледі.
Қаланың территориясы шығыстанушы академик В.В Бартольдтың сөзі бойынша, өзінің көптеген ортағасырлық қолжазбаларға қарап жасаған түйіндемелеріне сүйене отырып, қаланың аймағы 6 шақырым жерге дейін жалғасып жатқанын білуге болады. Қала ХІХ ғасырдың ортасына тән феодалды орталық болған. Дәл осы В.В.Бартольд алғаш рет, Шымкент қаласы туралы Шараф ад-Дин Али-Йазди «Зафар-наме»-де айтылатынын көрсеткен.
Шымкент сөзін көптеген ғалымдар зерттеді. Бұл сұрақпен анағұрлым нақтырақ В.Н. Попова айналысқан. Оның жұмысында Шымкент топонимінің ескерткіштері туралы түрлі нұсқалар берілген. В.Н. Попованың ойынша Чимкент сөзі соғды сөзінен шыққан чемень-чиминь – «көгал, көк шалғын, гүлденген өлке» және кент – «тұрақ, қорған, қала», нақтырақ «жасыл қала». Бірақ, «Зафар-намеде» Шымкент сөзі «Чаманкент» деп айтылған.
Шымкент қалашығының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша басқа ескерткіштерден айырмашылығы, археологиялық тұрғыдан қарағанда, ірі облыс орталығында тұрса да 2020 жылға дейін кешенді түрде мүлдем зерттелмегені болды. Тек, ХХ ғасырдың 60-шы жылдардың аяғында Н.П.Подушкин және 1980-ші жылдары К.Итеновпен жүргізген қысқа мерзімді археологиялық қазба жұмыстармен шектелді. Олар қалашықтағы цитадельде және шахристандағы кішігірім қазбадан XVIII-XIX ғғ. жататын материалдар алған.
Ал, 2003 жылы Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Б.А.Байтанаевтің жетекшілігімен Шымкент қалашығында кең ауқымды археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2004-2008-ші жылдары археологиялық қазба жұмыстар жалғасын тапты. Осы аз ғана уақыттың ішінде қалашықтың цитаделі мен шахристанындағы мәдени қабаттардан көптеген архитектуралық құрылымдардың ізі мен материалдар табылды. Экспедиция жетекшісі тарих ғылымдарының докторы Б.Ә.Байтанаев көп жылдық зерттеудің нәтижесінде 2012 жылы «История Шымкента» атты көлемді ғылыми еңбек жазып шығарды. 2017-2020 жылдар аралығында Шымкент қалашығында кең көлемдегі қазба жұмыстар мен қайта жаңғырту, реставрацияға бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде қалашық ашық аспан астындағы музейге айналды.
Археологиялық қазба жұмыстар қалашықтың барлық аймағында жүргізілді. Біз зерттеп отырған бөлігі қорғанның шығыс беткейі болып табылады. Бұл аймақ өзінің жақсы сақталуымен және фортификациялық құрлымының биік орналасуымен ерекшеленеді. Зерттеліп отырған бөліктің биіктігі қорған дуалының іргетасынан есептегенде ең биік нүктеге дейін 4-6 метрге жетеді. Бұл аймақтағы зерттеулер екінші құрылыс қабатында жүргізілді. Бұл 7-ші қазба орыны болып бекітілген (Сурет-1).
1-Сурет, 7-Қазба, Шымкент қалашығы шахристанның шығыс және оңтүстік-шығыс бөлігіндегі қазба жұмыстар, ортофотопланы
Шахристанның шығыс бөлігі кейінгі ортағасырда қаланың өте тығыз өмір сүрген бөліктерінің бірі болған. Бұл ерекшелікті осы бөліктегі археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған тұрғын бөлмелер мен көшелердің бір-біріне жалғасып жатқанынан көруге болады. Аталмыш бөліктен табылған керамикалық материалдардың басым бөлігі XVIII-XIX ғасырларға жатады. Олар осы кезеңге тән ою-өрнектері бар сырланған кесе, табақ, шара-тағаралардың сынықтары, әшекей бұйымдары, теңгелерімен ерекшеленеді. Жалпы, Шахристанның шығыс бөлігінде 2008, 2017, 2018 және 2019 жылдары бірнеше қазба жұмыстары жүргізілген. Қазба жұмыстар бірнеше кезеңдермен жүргізілген. Нәтижесінде, Шахристан тұрғын аймағында жоғарғы және екінші құрылыс қабаттарының бар екенін көрсетті. Бұл жерде кейінгі ортағасырлық кезеңге жататын үйлер мен тұрғын, тұрмыстық бөлмелер анықталды.
Шахристандағы жетінші қазба орыны (7-Қ) Шымкент қалашығының шығыс беткейіндегі шахристан бөлігінде орналасқан (1-Сурет). Аталмыш қазба трапеция пішіндес. Қазба орнында кейінгі ортағасырға жататын екі құрылыс қабаты ашылды. Қазба орнында тұрғын бөлмелер мен басқа да құрылымдар табылды. Бөлмелер мен қазба орыны 6-қазбаның жалғасы болып табылады. Қазбадағы жердің беткі деңгейі әртүрлі болып келген. Яғни, қазба алаңының деңгейі батыстан шығысқа қарай жоғары көтерілген болса, екінші жағы еңіс. Осыған қарай оларды үш сатыға (ярус) бөлуге болады.
Шахристандағы қазба жұмыстар кезінде І сатының ортасынан, ІІ сатының басындағы мәдени қабаттар алынды. Қазба орны екі секторға бөлінді. Батыс беткейі 1-сектор, шығыс беткейі 2-сектор. 1-Сектордың солтүстік бөлігінде кейінгі ортағасырлық құмыра табылды. Құмараның биіктігі 30 сантиметрді құрайды. Құмыраның ішінде топырақ болды.
1-Сектордың шығыс бөлігінде, еңісте күміс теңгеден жасалынған және күміс, алтын бөліктері бар әшекей бұйымдар қазынасы табылды. Табылған әшекейдің теңгелеріне қарап, оның ХХ ғасырдың басына жататыны анықталды. Сонымен қатар, бұл әшекей бұйым сатылуға немесе сыйлыққа дайындалған болуы мүмкін.
1-Секторлың шығыс және солтүстік бөлігіндегі археологиялық қазба жұмыстары кезінде, бірнеше бөлменің сұлбалары көріне бастады. Сонымен қатар, қойма-закромалар, қамбалардың, тандырлардың қалдықтары табылды. 7-Қазбаның орталық бөлігінде жоғарғы құрылыс қабаты мен екінші құрылыс қабатындағы құрылымдарды іздеу жұмыстары жүрді. Қазба орнындағы топырақтың құрамы мен түсі біркелкі сұр, және қоңырқай-сұр болып келген. Тығыз топырақтар дуал айналасында кездесіп отырды, бұл дуалдардың құлаған үйінділерінің нәтижесінен түзілген.
7-Қазбадағы негізгі жұмыстар батыс және солтүстік-батыс бөліктерінде жүргізілді. Негізінен жоғарғы құрылыс қабаттарындағы бөлмелерді іздеп табу және ашып тазалау жұмыстары жүргізілді. 7-Қазбаның солтүстік бөлігіндегі археологиялық қазба жұмыстары кезінде екінші құрылыс қабаты табылды. Бөлмелердің дуалдары күн шығысқа қарай бағытталған. Ал, 7-қазбаның оңтүстік бөлігіндегі жоғарғы қабат құрылымдары аласа, дуалдары жұқа болып келген. Негізгі жұмыстар тұрғын кварталдың еңісінде, яғни орталығында жүргізілді. Бұл жерде шөп деңгейі мен қоқыс қабатының астынан екінші сатыдан бастап адамдардың өмір сүрген қабаттары анықтала бастады. Үй жабдықтары бар бөлмелер табылды. Яғни сыпалары, ташнау, мұржасы бар тандырлар, қойма, сонымен қатар закромалар, есік тіреуішіне арналған төрт бұрышты қара тастар анықталды.
Ары қарайғы қазбалар 7-қазбаның орталық бөлігінде жалғасты. Бұл жерде жоғарғы құрылыс құрылымдарын іздеу жұмыстары жалғастырылды. Сонымен қатар, 6-қазба мен 7-қазбаның арасындағы қалдырылған жиек алынып тасталды. Жиекті алып тастау барысында жаңа құрылымдар табылып, кейбір бөлмелердің жалғасы ашылып, біріктірілді. Оған қоса, қазба зерттеу жұмыстар солтүстік-батыс бөлігінде жүргізіліп, нәтижесінде саздан жасалынған бірнеше ұяшық тәріздес қоймалар табылды.
7-Қазбадағы негізгі жұмыстар солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігінде жалғасты. Бұл жерде негізінен көптеген бөлмелердің ішкі элементтерін іздеу, табу, ашу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, оңтүстік-шығыс бөлігіндегі бөлмелерді іздеу жұмыстары жүргізілді.
7-Қазбадағы жоғарғы құрылыс және екінші құрылыс қабатынан табылған бөлмелер мен құрылымдардың сипаттамасы
Жалпы, 7-қазбада барлығы 18 бөлме табылды. Бөлмелердің көбісі орташа көлемде. Бөлмелердің көбісі тіреуіштері бар ашық түрдегі, яғни айван тәріздес болып келген. Бұл бөліктегі бөлмелердің қабырғалары қалың болмады, яғни, бұл қабырғалар көп жағдайда желден қорғану үшін жасалынған. Бөлмелердің қабырғаларының төменгі бөлігі қалыңдау жасалған. Үйлердің терезелерінің көлемі кішкентай, тар болып жасалған. Сонымен қатар, қабырғалардың жоғарғы жағында дыбысқа арналған саңылау тесіктер болған. Шатырлары буылған қамыспен жабылып, балшықпен сыланған. Буылған қамыстар көлденең қойылып, ағаш бағаналарға жатқызылып байланған.
Бөлмелерді ашу барысында көптеген археологиялық материалдар табылды. Олар керамикалық, нумизматикалық, әшекей және т.б темір, тас бұйымдар. Табылған материалдардың басым көпшілігі кейінгі ортағасырға, яғни XVIII-XIX ғ.ғ. жатады. Сонымен қатар, азын-аулақ ортағасырлық керамикалар кездеседі.
Қазба жұмыстары кезінде табылған бөлмелер жеке-жеке сипатталып, табылу барысында нөмірленді (Сурет-2, 3). 32-Бөлме қазба орнының оңтүстік-шығысында анықталды. Бөлме тік бұрышты, солтүстіктен-оңтүстік бағытта созыңқы пішінді. Бөлме толықтай ашылмаған, қабырғаларының жартысы қирап, сақталымы өте нашар. Бөлменің оңтүстік қабырғасында сыпасы орналасқан. Сыпа тік бұрышты, кесек кірпіштен қаланып, сыланған. Сонымен қатар, бөлменің солтүстік-батыс бұрышында қойма-закрома (ұра) табылды. Аталмыш құрылым еден деңгейінен төмен орналасқан және оңтүстік пен шығыс беткейі тоғыз дана қам кірпіштен қаланып жасалынған. Сыпада тандыр мұржасымен анықталды. Мұржа сыпа арқылы өтіп, дуалдың бұрышынан шыққан. Бұл тандыр арқылы бөлмені және сыпаны жылытып отырған. Бөлмеден бірнеше заттар табылды. Атап айтатын болсақ, керамикалық бұйымдардың сынықтары, бояуы жоқ құмыра бөліктері. Оның ішінде сырланған кесе, табақ бөліктері де кездеседі. Олар сұр немесе көк фондағы бояуға, қара қоңыр немесе қара түсті ою өрнектер түскен.
33-Бөлме тікбұрышты, солтүстіктен-оңтүстік бағытқа созыңқы пішінді. Сақталымы орташа, бөлменің шығыс беттегі қабырғасы қазбаның жиегіне кіріп тұр. Солтүстік қабырғасы үлкен тік бұрышты саз кірпіштерден қаланған. Батыс беттегі қабырғасы өте жұқа және шағын кірпіштерден қаланған. Солтүстік-шығыс бұрышында қабырғаның еңісі байқалады, осыған қарағанда кіреберіс болуы мүмкін. Бұл бөлмеден тек, бір ғана құмыраның түбі табылған.
34-Бөлме. Бұл бөлме қазбаның шығыс беткейінде табылды. Пішіні тік бұрышты, созыңқы келген. Бөлменің шығыс бөлігі қазбаның жиегіне кіріп кетеді. Ал, оңтүстік және батыс қабырғалары өте нашар сақталған. Бөлменің қабырғалары қалың емес, қабырға саз кірпіштерден және лаймен толтыру әдісімен тұрғызылған. Бөлменің батыс бөлігінде кең кіреберіс анықталды. Ал, бөлменің ортасында еденге орналастырылған тандыр табылды және ағаш бағаналарды тұрғызған жалпақ, төртбұрышты тастар табылды. Тастардың көлемі 40х30 см. Тандырдың сақталған көлемі 1 метрді құрайды.
35, 36, 37-Бөлмелер. Бөлмелер қазбаның солтүстік-шығысында табылған. Бұл бөлмелер толықтай сақталмаған. Қабырғалары қалың емес, саз кірпіштен қаланған, көлемі жағынан шағын бөлмелер. Кейбір бөлмелерде сыпа, ағаш бағаналардың астына қойылған тастар табылды.
38-Бөлме. Бөлме қазбаның оңтүстік-шығысында орналасқан. Аталмыш бөлме қазбадағы көлемі жағынан үлкен бөлмелердің бірі болып табылады. Бөлменің пішіні төрт бұрышты және жерге қарай тереңдетілген. Қабырғасының солтүстік, солтүстік-шығыс бөлігінің біткен жері нашар сақталған. Шығыс бөлігінде сыпасы болған, оның жартысы қазба жұмыстары кезінде ашылды. Бөлменің ортасында тіреуіш бағана қойылған тас орналасқан, ол еденге кіргізіліп орнатылған.
39, 40-Бөлме. Бөлмелер қазбаның оңтүстік бөлігінде табылды. Пішіні төртбұрышты, қабырғалары күншығыс бағытта орналасқан. Қабырғалары үлкен саз кірпіштен өрілген. Тандыры бар сыпалары да саз кірпіштен қаланып жасалынған. Солтүстік-шығыс және солтүстік-батыс бұрышында екі қойма-закрома орналасқан. Бөлмелердің қабырғалары анағұрлым қалың және жақсы сақталған. 40-шы бөлменің оңтүстік-батыс бұрышында күйген және күлдің қалдықтары табылды. Ал, бөлменің ортасында көлемі дәу, қашалған төртбұрышты тас орналасқан.
41, 42-Бөлме. Бұл бөлмелер қазбаның орта тұсында анықталды. Бөлмелердің барлық қабырғалары ашылып тазартылды, сақталымы өте жақсы. Бөлменің солтүстік бөлігінде қойма-закрома орналасқан. Солтүстік-шығыс бұрышында келесі бөлмеге өтетін есіктің орны анықталды. Есіктің табалдырығына жалпақ тас орнатылған. 42-ші бөлмеде сыпа қалдықтары табылды, закромасы өте нашар сақталған. Бұл бөлмедегі екінші құрылыс қабатының еден деңгейі анағұрлым тереңде анықталды. Ал жоғарғы құрылыс еден деңгейінде ағаш бағаналардың бес орны табылды. Олар жеке немесе бірнеше тастан құралған. Тастар бөлменің ортасына және қабырғалардың жиегіне қойылған. Бөлменің солтүстік-батыс бөлігінде жартылай қираған ташнау табылды.
43, 44-Бөлме. Бұл бөлмелер қазбаның орталық бөлігінде анықталды. Бөлменің солтүстік-шығыс беткейі қираған. Бөлменің тандыры мен сыпасы батыс қабырғасының бойында орналасқан. Тандырдың мұржасы сыпа арқылы өткен. Солтүстік беткейінде күйген кірпіштен қаланып төселген ташнауы бар. Ташнау – қалдық суларды төгетін орын, көп жағдайда кіре беріске немесе аулаға жасайды. Ташнаудың айналасы қам кірпішпен айналдыра қоршалған, едені күйген кірпіштен төселген. Ортасында су ағып кететін шағын тесігі бар. 44-Бөлменің оңтүстік қабырғасының бойында орналасқан сыпасы жартылай сақталған. Сыпа пішіні ұзынша келген саз кірпіштен қаланған. Бөлменің батыс қабырғасы жұқалау келген, бұл екі бөлмені бөліп тұрған қабырға, яғни бұл бір адамның үйі болуы да мүмкін. Бөлменің ортасында бағана тастары, жартылай дөңгелек закромасы бар. Закрома бір жанына қарай шұңқыр тәрізді еңіскен. Закромалар сұр түсті балшықтан жасалып, сарғыш сұйықтау лаймен жұқа етіп сыланған. Ал, бөлменің батыс қабырғасында, еңісте шағын тұрмыстық бөлме орналасқан. Олардың арасында баспалдақ тәрізді өткел болуы мүмкін. Осы жерде закрома тәріздес құрылымның және құмыраның сынықтары табылды.
43-Бөлме, ташнау, оңтүстікке қараған көрініс
Бөлме-45. Аталмыш бөлме 7-қазбаның солтүстік беткейінен табылған. Пішімі төртбұрышты, сақталымы орташа. Қабырғалары қам кірпіштерден, кейбір жерлері лаймен толтырылып тұрғызылған. Бөлменің солтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс бұрыштарында ені кең кіреберісі бар. Солтүстік-батыс бұрышында шағын закромасы бар. Сыпасы да болған, бірақ сақталмаған. Бөлменің оңтүстігінде шағын тандыры бар сыпа табылған.
7-Қазба, 45-бөлме
46-Бөлме. Бөлме 7-қазбаның оңтүстік-батысында анықталды. Сыпа, тандыр және ташнауы бар. Бөлменің ортасында үлкен тас бар, ол ағаш бағананың астына қойылған тіреуіш болуы мүмкін. Сонымен қатар шағын ғана закромасы бар. Закрома таға тәріздес пішінді және жұқа етіп сылап қойған.
47-Бөлме. Қазбаның батыс бөлігінде табылған, бұл бөлме төрт бұрышты, созыңқы пішінде. Оңтүстік және шығыс қабырғасын бойлай орналасқан енді сыпасы бар. Сыпада тандыр орналасқан. Тандырдың мұржасы және оның екі тесігі бар. Бұл тесіктер ауа алмасу және қажет болғанда отын салатын орын болған.
48, 49, 50, 51-Бөлме. Бөлмелердің сақталуы жақсы, барлық бөлмелердің еден деңгейі ашып, тазартылған. Бөлмелердің бірінде тандыр, сыпалары болса, басқаларының закрома-қоймалары бар. Закрома-қоймалары аласа бойлы, көлемі шағын, қатарынан бірнешеуі орналасқандары да кездесті. Бөлмелердің кейбір қабырғаларын жоғарғы құрылыс қабатының қоқыс шұңқырлары бұзып кеткен.
2-Сурет, 7-Қазбада табылған бөлмелердің сызбасы
3-Сурет, 7-Қазба, аэрофото, оңтүстік-шығысқа қараған көрініс
Археологиялық қазба жұмыстары кезінде және бөлмелерді ашып, тазарту барысында керамикалық бұйымдардың сынықтары көптеп табылды. Сондай керамикалық ыдыс түрлерінің бірі, мойнының екі жағында ұстағышы бар құмыра. Сырты кіршіл көк түсті бояумен қапталып, үстінен қошқыл-қоңыр түсті бояумен өрнектелген. Бояу сапасы өте төмен. Ыдыстың сақталымы өте жақсы. Бұл ыдыстар шебердің арнайы шеңберінде саз балшықтан пішінге келтіріліп, кептіріліп, бояу мен өрнектермен көмкерілген. Кейіннен шыңылтырмен (глазурь) қапталып, пеште жоғары температурада күйдірілген. Бұл ыдыс түрлері көбінесе ас үйде қолданылған. Ыдыстың көлемі шағын, бойы аласа. Екінші ыдыс ернеуі кең, анағұрлым бай өрнектелген. Мойнының екі жағында тұтқасы бар. Ыдыстың іші-сырты ақ бояумен қапталып, аспан көк және қара түспен өсімдік тектес өрнектермен көмкерілген. Көлемі шағын, аласа бойлы. Осы ғасырға тән керамикалық ыдыстардың қабырғалары қалыңдау және салмағы ауырлау болып келеді. Бояу мен шыңылтырдың (глазурь) сапасы төмендеу.
|
|
1. Сырланған керамикалық ыдыс, құмыра шыңылтырмен (глазурь) қапталған |
2. Сырланған керамикалық ыдыс, құмыра шыңылтырсыз |
Археологиялық қазба жұмыстары кезінде керамикалық заттардан бөлек әшекей-бұйымдардың көмбесі де кездесті. Аталмыш көмбе 7-қазбаның шығыс беткейінде табылды. Көмбеде күмістен жасалынған үш түрлі сырға, екі түрлі моншақ бөлігі, күміс теңгеден жасалынған екі түймеден құралған. Сырғалар бағалы тастармен көмкерілген. Бір сырға күміс теңгелермен, қызыл түсті тастармен, күміс жезді орау, тоқу тәсілімен көмкерілген. Екінші сырға түрі қызыл тастармен, күміс жезді орау, жапсыру тәсілімен әшекейленген. Сырғалардың сақталымы жақсы. Сонымен қатар, моншақ немесе салпыншақ бөліктері де күмістен жасалып, көк түсті тастар жапсырылып, көмкерілген. Келесі бір түрі алтынмен қапталып, қызыл түсті тастармен безендірілген. Көмбеден табылған екі күміс түйме 1913 және 1915 жылғы 5-копеек тиыннан жасалынған. Түйменің беткі жағында Ресей империясының елтаңбасы бейнеленген.
Күмістен жасалған сәндік-әшекей бұйымдар көмбесі.
Сонымен қатар, қазба жұмыстары кезінде түрлі кезеңдерге жататын теңгелер көптеп табылған. Олар камералдық өңдеуден өтіп, нумизмат ғалымдар әрбір теңгенің сақталымына қарай, олардың ғасырын анықтады. Теңгелердің басым бөлігі күміс, мыстан жасалған. Басым көпшілігінің сақталымы нашар. Олардың пішіндері, қалыңдығы әр түрлі болып келген. Солардың ішіндегі бірнеше түрлеріне тоқталып отырмыз (1-Кесте).
1-Кесте. Күмістен жасалған сәндік-әшекей бұйымдар көмбесі
Н.Медетбекова
«Шым қала» тарихи-мәдени кешені Қор сақтау бөлімінің қызметкері
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Байтанаев Б.А. Раскопки городища Шымкент // Отчет об археологических исследованиях по государственной программе «Культурное наследие 2004 ». – Алматы: ИС Credo,
2. Байтанаев Б.А. Археологические исследования городища Шымкент// Отчет об археологических исследованиях по Государственной программе «Культурное наследие» в 2005 году. – Алматы,
3. Байтанаев Б.А., Авизова А.К. Позднесредневековый Шымкент // Научный мир Казахстана. – Астана, 2006. – №5(09)-6(10).
4. Байтанаев Б.А. История Шымкента. – Алматы, 2012.
5. Отчет о научно-исследовательской работе по теме: «Археологические исследования, консервация, реставрация и регенерация городища Шымкент» (Комплексные археологические исследования территории восточной части шахристана городища Шымкент в 2020 г.). Том III, Книга I. – 2020.
- Смагулов Е., Григорьев Ф., Итенов А. Керамический комплекс XVII-XIX вв. // Очерки по истории и археологии средневекового Туркестана.- Алматы, 1999.
- Байпаков К.М., Таймагамбетов Ж.К., Жумаганбетов Т. Археология Казахстана.- Алматы, 1993.
- Сүлейменова Ж. Сайрам және Шымкент қалашықтарының кейінгі ортағасырдағы керамика кешендерінің салыстырмалы сипаттамасы // Известия Национальной Академии наук Республики Казахстан: Серия общественных наук. – 2009, №1.