Құдық – гидротехникалық құрылыс. Елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету және жер суландыру үшін пайдаланылады. Археологиялық зерттеулерге қарағанда, құдық қола дәуірінде қазыла бастаған. Құдықтың қазақ даласының ежелгі отырықшы қалаларында да, көшпенді халықтарында да маңызды рөл атқарғаны белгілі. Әсіресе, ірі әскери қақтығыстар кезінде, қаланы жау әскері қоршауға алған кезде сырттан келетін су көзі тиылып, іштегі әскер мен тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуде құдықтың маңыздылығы арта түседі. Ортағасырлық ірі қалаларда жерасты суы көзіне жететін құдық және акведук құрылымдарының атқарған рөлі орасан.
Шымкент қорғанының Шахристан бөлігінен табылып отырған құдықтың да өз заманында маңызды нысан болғаны түсінікті. Археологиялық тұрғыда да ерекше мән беріліп, сипаттама жасап отырылу себебі сондықтан.
Қазақ халқының ерте замандардан бері келе жатқан гидротехникалық білімі «құдықшылық» деп аталған кәсіп түрін қалыптастырды. Дәстүрлі қазақ қоғамында табиғи су көздері жоқ шөл және шөлейт өңірлерде құдықтар көптеп қазылған. Құдық қазылу әдістеріне қарай шахталы (шегенді) және құбырлы деп аталады. Құдықтар қыстау, көктеу-күздеу, жайлауда және көш, керуен жолдарында көп болған.
Көш жолдары бойындағы ауыл уақытша тоқтайтын құдық басы да, табиғи және жасанды су көздерімен қатар «суат» деп аталып, бір суаттан екінші бір суатқа жету жолының қашықтығы 5-10 шақырым болатын. Ертеде жайылымдық жер, мерзімдік қоныс қарағанда иеленген жерге белгі қалдырып кетіп отырған, суатқа бірінші келіп тоқтаған ауыл суат немесе құдық басындағы шөптің басын буып байлаған, бұл дәстүр «топ будым» деп аталған. Егер, басқа ауыл байланған шөпті көрсе, онда олар құдыққа тоқтамай одан әpi көше берген.
Мал табынының мерзімдік жайылымын қамтамасыз ету мақсатында қазақтар жыл сайын өздерінің ата-бабалары қалыптастырған көш жолдары бойымен көшіп, қонысқа жеткенше белгілі құдық басына, өзен бойына тоқтап отырды. Көш және керуен жолындағы құдықтар көшпелілер мен керуеншілер жолын жалғастыратын, ел мен елдің арасын байланыстырып тұратын айрықша мәнді белгі, су бекеті ретінде қызмет еткен. Атап айтсақ, Қызылқұм даласындағы көш жолдарының бойындағы Кемпір құдық, Жалынды құдық, Көлқұдық, Байшуақ, Шірік рабат құдығы, Онадым құдықтарын кездестіруге болады. Қазақ жерінде құдықтардың қазылған жеріне, судың көлеміне, су көзінің таяздан және тереңнен шығатына байланысты құдық қазудың да өзіндік әртүрлі әдіс-тәсілдері қалыптасты.
Зерттеушілердің еңбектеріндегі мәліметтерді зерделей отырып, пайдаланатын уақыт мерзіміне қарай құдықтардың ұзақ жылдар пайдаланатын тұрақты, терең емес етіп қазылып, керек болмаған кезде көміп кететін уақытша түрлерінің болғанын көреміз. Бүгінгі таңда құдық дейтін дүниенің тұрмыстағы рөлі мен құндылығы едәуір азайды. Ал, бір ғасыр бұрынғы қазақтың тіршілігінде құдықтың алар орны айрықша болғаны даусыз. Сондай құдықтар әлі де сақталып қалып отыр.
Соның бірі «Инженерная археология» ЖШС-нің ғылыми қызметкері Азамат Ергешбаевтың зерттеу жұмыстарының есеп кітабында көрсетілгендей, «Шым қала» тарихи-мәдени кешені аумағында 2020 жылы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері бойынша Шахристанның шығыс бөлігінде құдықтың орны ашылған. Құдық сүйектеліп жасалған көшенің бойынан орналасқан. Құдықтың пішіні алмұрт тәрізді төмен қарай тереңдейді. Құдық ернеуінің жоғарғы бөлігінде 20-30 сантиметр көлемде 6-7 қатар тастар қаланып, шегенделген. Құдықтың ауызғы бөлігінің диаметрі 0,5 метрді құрайды. Құдықтың табанының жалпы тереңдігі 12 метрге жетеді. Қауіпсіздік шараларын қолдану мақсатында құдықтың бетіне 70х40х35 см көлемде үлкен тас блог жабылған. Кейінгі орта ғасырға жататын құдық сол кездегі барлық ережелерге сай жасалған. Ол 12 метр терең, әрі кең болуы да мүмкін. Өз заманында ерекше маңызды рөл атқарғанын растайтындай сыртқы дизайны соншалықты ойластырылған. Құдық кез-келген ауа-райына қарамастан суды бір қалыпты деңгейде, температурада ұстай алған.
Құдық ерте заманғы елді мекенге ерекше әдемі архитектуралық дизайн беріп қана қоймай, сонымен қатар сол дәуірдің өте маңызды мәдени элементі болған. Бұл археология нысаны мәдени мұраны сақтаудың қаншалық маңызды екендігінің мысалы. Қазақ даласындағы құдық – бабалардың еңбектеніп жүріп аршып алған жауһары, бізге қалдырған жәдігері. Сол қымбат тарихи мұраны ұмытпау үшін аталған аймақтан табылған құдықты қайта жаңғыртып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіп, кешен қонақтарының назарына ұсынсақ, бір тамшы судың қадірін біліп, құдығын аялаған бұрынғы аталарымыздың дәстүрі мен адал еңбегінің қадіріне жеткен болар едік.
Н. Медетбекова
«Шым қала» тарихи -мәдени кешенінің ғылыми қызметкері