Шымкент қаласының ежелгі орталығы болған көне Цитаделін ашық аспан астындағы музейге айналдырып отырған «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің ең биігінде бір тас баған тұр. Аталған музейге бара қалсаңыз, бұл бағанды «ХІ ғасырдың басындағы Ыдырыс пайғамбар мешітінің Испиджаб-Сайрам бағанасы» деп таныстырады. Енді осы тұрған тарихи жәдігердің аз-кем тарихынан хабардар етейік.
ХІХ ғасырдан бастап, көне Сайрамға табан тіреген тарихшы, археолог, саяхатшы, ғалымдардың барлығы дерлік осы тас бағанды бір көріп, ол туралы пікір айтып өтуді өзіне парыз санаған секілді. Әсіресе, А.К.Гейнс, П.П.Иванов, М.Е.Массон секілді ғалымдардың назарына іліккені, қазіргі зерттеушілердің сілтемелеп отыруына мүмкіндік берді. Жалпы, біз сөз етіп отырған тас баған ғылыми еңбектерде шартты түрде «Жұма мешіт ұстыны», «Сайрам бағаны», «Ыдырыс пайғамбар мешітінің бағаны» деген секілді әртүрлі атаулармен аталғанмен, олардың барлығы бір ескерткіш жайында мәлімет береді.
«…ЫСҚАҚ БАП ӨЗІ КӨТЕРІП ӘКЕП ОРНАТҚАН»
М.Е.Массонның 1920 жылы Тәшкенттен шыққан «Көне Сайрам» («Старый Сайрам») деп аталған еңбегінде пайдаланылған Сайрамның Шахристанының сызбасында «Жұма мешіт» деген нысан ерекше көзге түседі (1). Бұл қазіргі Әмір-Темір және Сареми көшелерінің қиылысындағы автобустар тұратын жерге сәйкес келетін маңай. А.К.Гейнстің «1866 жылғы Күнделік. Түркістанға сапар» («Дневник 1866 года. Путешествие в Туркестан») дейтін жазбасында сол «Жұма мешіттің» ішінде Тас ұстын тұрғанын суреттейді (2). Ал, бұл «Жұма мешіт» ХІХ ғасырдағы Қоқан хандығы тұсында жаңартылып, бұрынға Ыдырыс пайғамбар мешітінің орнына салынғаны кейінгі деректерде кезігіп қалады. Ыдырыс пайғамбардың Сайрамға келіп, қаланың негізін қалап, құдайына сыйынатын мешіт салып, осында 30 жылдай ғұмыр кешкені туралы «Сайрам аңыздары» («Сайрамские тарактаты») кітапта аңыз түрінде баяндалыпты (3). «Сайрам аңыздары» дейтін қолжазбалар жинағы мамандардың айтуынша, ХҮІІ ғасырдың шамасында жазылған дейтін пікірін алға тартсақ, Ыдырыс пайғамбар салды дейтін, одан кейін ХІХ ғасырда қайта салынып, «Жұма мешіт» деп аталған Сайрамның орталық мешітінің орнында расында да көне мешіт болғанын бағамдаймыз.
Ескі Сайрам және «Жұма мешіт». М.Е.Массон сызған 1920 ж. карта
Сонымен, ескі Сайрамда біресе «Ыдырыс пайғамбер мешіті» деп, бірде «Жұма мешіт» деп аталып келген үлкен мешіт болғанын білдік. Соңғы кездесетін тарихи жазба деректерде «Жұма мешіт» деп аталғандықтан, сол атаумен тас бағанды да «Жұма мешіттің тас ұстыны» деп пайдалана бергенді жөн санадық. Ұстын дегеніміз – ғимараттың, баспананың, айванның шатырын көтеріп тұруға арналған құрылыстың бір бөлігі. Ол ағаш, кірпіш, тас материалдардан салынуы мүмкін. Ортағасырларда қазіргі Қазақстан мен Орта Азия елдерінде кеңінен тараған Бұқара және Тәшкен-Ферғана сәулет стильдерінде мұндай ұстынды құрылыстар жиі пайдаланылған. Ал, Сайрамдағы тас ұстынның неше ғасырдан сақталап, аман жетуіне қарағанда, бұл сәулет стильдері Бұқара, Тәшкен, Ферғанада емес, ең алғаш Сайрам мен Шымкенттің маңында қолданылды деуімізге себеп сияқты.
Бұл тас ұстын туралы қызық деректі Мәшһүр Жүсіптің еңбектерінен кезіктереміз. Қазақтың ХІХ ғасырдағы танымал этнограф ғалымы, діни қайраткері Мәшһүр Жүсіп қазіргі Сайрамға соғып, Бекасыл әулиеге (кесенесі Төлеби ауданы, Кеңесарық ауылында тұр) жолығатын тұсын өз еңбектерінде жазады. Сол сапары туралы «Сайрам мешітіндегі тас бағанды кім орнатқанын жазайын. Ерте заманда Алатау, Қаратаудың аралығында Әулиеата мен Шымкент, Сайрамға маңайлас жерде «Қырық қақпалы Қарғалық» атанған шаһар болыпты. Оның билеуші бастығы Ысқақ бап деген батыр болыпты. Тас бағанды мешіттің қорғанына күшінің белгісін кейінгі заманның адамына көрсетемін деп, сол Ысқақ бап өзі көтеріп әкеп орнатқан екен» деп жазады (4).
Ысқақ бабтың Сайрамға келгенде мешіт салдырғаны туралы тағы бір деректі насабнамалық деректерден жолықтырамыз. VІІ–VІІІ ғғ. өмір сүрді деп шамаланатын Сафи әд-Дин Орын Қойлақының «Насабнаме» шежіресіне сілтеме бере отырып, академик Б.Байтанаев Ысқақ бабтың Сайрамда үлкен мешіт салдырғаны жөнінде «…ол Шуба мешітін салды. Мешіттің құрылысына 30 мың 500 алтын ақша кетті» деп сілтеме береді (5). Бірақ, бұл қай мешіт? ХІХ ғасырда «Жұма мешіт» деп аталған мешіт пе, әлде басқа мешіт пе, ол жағы белгісіз. Десе де, Мәшһүр Жүсіптің жеткізіп отырған аңызымен сәйкеседі.
Ал, елімізге танымал тарихшы, этнограф ғалым Ж.Артықбаев сол М.Көпейұлына сілтеме жасай отырып, «Ысқақ баб бір тас бағанды Сайрамда «Ыдырыс пайғамбардың намаз оқитын жері екен!»- деп орнатқан дейді. Бір тас бағанды Қоқанды билеп тұрған күнінде Мәделі хан алдырған екен дейді. Үйіне жетпей, өліп кеткен» дейтін дерек келтіреді (6). Осы дерекке қарағанда, тас бағандар біреу ғана емес, екеу болған сияқты. Ал, біз сөз етіп отырған тас бағанды Ыдырыс пайғамбардың намаз оқитын жеріне орнатылғанын шамалаймыз. Бүгінгі күнде де Шымкент пен оның айналасындағы тұрғындар мешітке намаз оқуға кіре қалса, мешіттің шатырын тіреп тұратын ұстындардың тұсына барып оқитыны бар емес пе? Сонда бұл баған тұсына барып намаз оқу – сол Ысқақ баб заманынан келе жатқан дәстүр болғаны ма?
ОРЫС ҒАЛЫМДАРЫН «ЕСКІ СЛАВЯН ӘРІПТЕРІ БАР» ДЕГЕН МӘЛІМЕТ ҚЫЗЫҚТЫРА ТҮСТІ
Орыс деректеріндегі баған туралы мәлімет А.К.Гейнстің күнделігінде кездеседі дедік. Ол бұл ұстынға 1866 ж. Сайрамға арнайы келген сәтінде назар аударған. Күнделікте «Мешіттің төбесі ішінен көптеген ағаш ұстындармен тірелген. Ұстындардың ішінде біздің назарымызға түскені – қатты құмтас материалдан қашалып дайындалған өте көне ұстын болды. Оның сырт пішіні біздің байырғы шіркеулердегі орта беліне таман таялып қойылатын шағын ұстындарына ұқсас. Онда беймәлім сына тәрізді әріптер бар. Ол әріптерді Г. және П. деген жолсеріктерім ескі славян әріптері деп таныды. «Олар бұл жаққа қалай келген?» деген сұрағыма татар шапқыншылығы кезінде әкелінілуі мүмкін деп жауап қайтарды. Осы сұраққа жауап іздеп бізді қоршап тұрған құрметті сайрамдықтарға сауал салғанда олардан: «Бұл ұстынды Адам атаның бір баласы жасаған және ол ешбір жақтан әкелінбеген, ертеден осы жерде тұр» деген жауап алдық» деп сипаттама береді (7).
|
|
П.П.Ивановтың еңбегінде пайдаланылған сурет
|
М.Е.Массонның еңбегінде пайдаланылған фотосурет
|
А.К.Гейнстің күнделігінде жазылған баған туралы деректі оқыған бірқатар орыс ғалымдарының қызығушылығы оянады. Олай болуының да себебі бар. Оларды А.К.Гейнстің «ескі славян әріптері бар» деген мәліметі ынтықтыра түскен секілді. Соның бірі, 1896 жылдың мамырында ескерткіштерді көру үшін Сайрамға археолог, этнограф ғалым И.В.Аничков келеді. Оның назарын А.К.Гейнстің күнделігінде баяндалған тас баған аударған еді. Осы себепті И.В.Аничков былай деп жазды: «Бұл бағанды (мешіт террасасының төбесін ұстап тұрған тіреу) жергілікті молдалар қандай да бір ежелгі құрылыстың бағанасы болса керек дейді. Олардың сөзінше, жазулары мұсылмандардікі емес. Бағанға көз жүгірте қарағанымда мен оның Каллаурға жеткізілген нұсқасына ұқсайтынына көз жеткіздім» (8).
1884 ж. Сайрам ескерткіштерін тамашалауға келіп, тас бағанның бойында жазылған жазуларды алғаш оқып, аударған кісі – шығыстанушы Н.И.Веселовский болды. Ол өзінің жарияланбай қалған есебінде: «Сайрамның барлық мешіттері жақын арада қайта салынған және сондықтан оларда байырғы жазулар жоқ. Оларда тек зияратқа келгендердің жазбалары бар. Олардың тарих үшін маңызы болмаған соң көшірілмеді. Ыдырыс мешітінің бастырмасында құмтастан жасалған бір тіреу назар аударарлық. Онда кейбір өрнектер және арабша «Алладан басқа Құдай жоқ», «Алла жалғыз, Алла әмірші» деп көрсетеді» (9). Жазудың ерте кезеңдерде пайдаланылған Куфи жазу стилінде жазылғанын, және онда ислам дінінің негізгі қағидалары айтылғанын да сол Н.И.Веселевский жеткізеді. Осылайша, тас бағанды моңғол-татар шапқыншылығы кезінде ежелгі славян қалаларының бірінен әкелінген деп шамаланып, реті келсе Петерборға әкеткісі келіп жүрген орыс ғалымдарының пиғылы сонымен қайтты десек те болады.
ТАС БАҒАННЫҢ САҚТАЛУЫНА ҚАЗАҚ ЗИЯЛАРЫ ДА НАЗАР АУДАРДЫ
А.К.Гейнстің күнделігінен кейін мешіттің бұл көз тартарлық жәдігеріне көптеген зерттеушілерді қызықты дедік қой. И.В. Аничковтан кейін, нақты осы ұстынға деген қызығушылық Орта Азия ескерткіштерінің айтулы зерттеушісі М.Е.Массонды Сайрам қалашығына барып оны көруіне ықпал етті. М.Е.Массон осы сирек жәдігерді ІХ–Х ғғ. жатқызып, оның ғылыми сипаттамасын жасады. Сары құмтастан қашалған ұстынның биіктігі екі жарым метр, ұстынның жоғары және орта бөлігі жағында куфи үлгісінде жасалған жазулар ойылғаны туралы мәліметтерді жеткізді.
Бұған қоса, М.Е.Массон ХХ ғ. басында ұстынның киелі болып саналғаны, апта сайын өтетін сопылардың зікір салу процесі кезінде кейбір зікірге қатысушылар оны екі қолымен құшақтап тұрғаны туралы дерек келтіреді. М.Е.Массонның бала көтермеген бір әйелдің ұстынды тәуап еткен рәсімін көріп, жазғаны бар: «Менің көзімше мешіт қақпасына атпен келген салтанатты киінген, басында сәукелесі бар жас қазақ келіншегі көлігінен түсіп, жылдам қадамдап ауладан өтіп, сыпа үстіне көтеріліп, ұстынға жақындады. Қолдарымен ұстынды құшағына алып оған жабысты. Екі рет оны айналып шығып, үш мәрте маңдайын ұстынға тигізді. Осыдан соң мешіттен жылдам шығып, зияраттан таяу арада нәтиже болатынына сеніммен далаға бағыт алды» деп қызықты дерек жеткізеді (10).
Орыс ғалымдары осылай зерттеулер жүргізіп жүрген шақта қазақ оқымыстылары да ескерткішті қорғап қалу әрекетін назардан тыс қалдырмапты. ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзін зерттеп жүрген зерттеуші Абай Мырза фейсбуктегі өзінің парақшасында ескерткіштерді қорғау тақырыбына қатысты бір мәліметті бөлісті. Ол деректе 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде (қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің арғы атасы) жарық көрген мақалада қазақ оқығандары (интеллигенциясы) қазақ жеріндегі 13 тарихи-мәдени ескерткішті қорғауға алу қажеттігі туралы мәселе көтерілген. Сол 13 нысанның ішінде Сайрам бағаны да бар. Аталған мақалада «Алдымен қорғайтын, не күйде тұрғанын жазып білдіретін, тұрғын елдің аузында жүрген материалды жинайтын МӘДЕНИЕТ МҰРАЛАРЫ біздің хабарымызша мыналар:
- Қожақымет Жасауи мешіті, моласы (Түркістан қаласында).
- «Көккесене» мола (Қызылорда үйезінде).
- Сайрам қаласының мешітіндегі тас баған ( Шымкент үйезі)…
Осы айтылған мұралардың айналасынлағы жолдастардың жіберген материалдары ірі жұмыстың бастамасы болар еді. Барлық мәдениет мұрасы туралы мағұлматы бар жолдастардан материал күтеміз. Барлық саналы азаматтарды мәдениет мұраларын сақтауға, қорғауға үндейміз» деп дүйім қазаққа жар салады (11). Мақала соңында «1925 жыл» деп жазылғанына және авторын көрсететін «М.Б.» деген белгі қойылғанына қарағанда, үндеу иесі Бейімбет Майлин болса керек. Бұл мәлімет ХХ ғасырдың басындағы қазақ зияларының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау тақырыбын шетте қалдырмағанын білдіреді.
Сайрамның «Жұма мешіті» мен тас баған туралы мәліметтер Б.Майлиннің осы 1925 жылғы дерегі және М.Е.Массонның 1920 жылғы еңбектерінде жүргеніне қарағанда, ХХ ғасырдың 30-шы жылдарына дейін аман тұрған сияқты. Одан кейін Кеңес заманының «құдайсыздандыру» науқаны келіп, діни ғимараттарды жою процесі үдей түскені белгілі. ХХ ғ. бірінші жартысында «Жұма мешіт» (Ыдырыс пайғамбар мешіті) қиратылып, оның орнына колхоз кеңсесі мен автостанция салынды. Ал, тас ұстын әр жылдары әр жерде жатып, соңында Сайрам ауылы музейінің алдына қойылған еді.
СЫРҒА ТОЛЫ КУФИ ЖАЗУЫ
Куфи жазуы – араб жазуының ең ескі стильдерінің бірі. Ол Араб халифаты дәуірлеген VIIІ ғасырдың соңында халифатқа астана болған Әл-Куфа қаласында пайда болып, араб каллиграфиясының дамуында маңызды рөл атқарды. Куфи жазуы ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдаған Қарахан дәуірінде (Х-ХІІІ ғ.ғ.) біздің өлкемізде де қатты өркендеп, кәдімгідей сәнге айналды. Сол кездегі ескерткіштер мен жазбалардағы жазулардың дені сол ерекшелікпен жазылған. Араға уақыт салып, ондай көркем жазу өнері ұмытылды. Сондықтан, араб тілін меңгерген қазіргі мамандардың өздері бұл жазуды оқи алмай жатады. Тек арнайы мамандар ғана ежелеп таниды. ХІХ ғасырдағы осы «Сайрам бағаны» туралы ғылымға танытқан А.К.Гейнс, П.П.Иванов дейтін ғалымдар алғаш Сайрамға барғанда оларға жолыққан молдалардың «бұл мұсылмандық келмей тұрған есте жоқ ескі заманнан қалған жазу болса керек» дейтін себебі де сол (12). ХІХ ғасырдағы дін саласының білгірлері ескі куфи стилінде жазылған жазуды оқи алмаған болып тұр.
Аталған ұстын ортағасырлық Сайрамның тас өңдеу өнерінің жалғыз туындысы емес. Санкт-Петербургтегі Эрмитажда осы Сайрамнан алынған тағы бір ұстын, ал Шымкенттегі облыстық өлкетану музейінде бетінде жазулары бар тас астау қойылған. Осы жәдігерлерді алға тарта отырып, өз заманында Сайрам өңірі тас өңдеу, оған жазуларды қашау өнері дамып, үлкен орталығына айналғанын шамалауға болады.
Сайрам тас ұстынының қазіргі кейпі
«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің кешенінің аумағына жүргізілетін шолу экскурсияларының материалдарында тас ұстында жазылған жазу туралы мынандай мәлімет бар: «Бағананың төменгі белдеуіндегі жазу: «АЛЛА……… МҰХАММЕД – АЛЛАНЫҢ ЕЛШІСІ». Орта белдеудегі жазу: «АЛЛА ЖӘНЕ АЛЛАНЫ МАДАҚТАҢЫЗ, АЛЛАДАН БАСҚА ҚҰДАЙ ЖОҚ». Оған қоса жылмен бірге мәтін: «РАМАЗАН АЙЫНДА ТӨРТ ЖҮЗ ТӨРТІНШІ». Бағананың сәулеттік құрылымы ерекше, осы уақытқа дейін бағананың өзі толық зерттелмеген. Анықтап қараса, дөнес пішінді құмыралардың бейнесін және Қараханид кезеңіне жатын өрнектерді байқауға болады. Осындай, өрнектер Қарахан және Айша бибі кесенелерінде де бар» деп таныстырады (13).
Бағандағы «404» деген сандарды Хижра жыл санауы деп есептесек, Хижра жыл санауынан Григориан жыл санауына ауыстыратын конвертерге (https://namaz.today/date-converter ) сала қалсаңыз, 1013 жылды шығарады (14). Демек, «Сайрам бағанының» орнатылған уақыты ХІ ғасырдың бас кезі деп сенімді түрде айтуға болады. Ол кезең Қарахан қағанатының өркен жайған кезеңі, Қазақстан мен Орта Азияға ислам дінінің кеңінен тарала бастаған уақыты болған.
Сайрамның тас бағаны 2021 жылға дейін Сайрамның ортасында орналасқан музейдің алдында, тарихи экспонат болып тұратын. 2021 жылы «Шым қала» тарихи-мәдени кешені ашылып, оның ашылу салтанатына сол кездегі президент Н.Назарбаевтың қатысады деп жоспарланған соң, Сайрам музейі алдынан Шымкенттің Цитаделіне жеткізілді. Қазіргі таңда осында орналасқан. Тақырып қызықтырса, келіп көруіңізге болады.
Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Сілтемелер:
(1) Свод памятников истории и культуры Казахстана. Том 1 – Алматы: Гл. редакция «Қазақ энциклопедиясы», 1994. 202-бет
(2) Гейнс А.К. Дневник 1866 года. Путешествие в Туркестан А.К. Гейнс. Собрание литературных трудов. Т. II. СПб, 1898.
(3) Қазыналы Оңтүстік. 146-том. Сайрам аңыздары. Алматы, «Нұрлы Әлем» баспасы, 2014
(4) Көпейұлы М.Ж.. Шығармалары. 12 том. «ЭКО» баспасы, Павлодар, 2008 жыл. – 416 б.
(5) Алтайдан Каспийге дейін. Қазақстанның табиғи, тарихи және мәдени ескерткіштері мен көрнекті орындарының атласы. 2-том, Алматы, 2011. 479-бет. https://lib.yessenovfoundation.org/atlas-tom-2/files/assets/basic-html/page483.html
(6) Жамбыл Артықбаев. «Шежіре тыңдаймын десеңіздер». https://madeniportal.kz/article/3686
(7) Гейнс А.К. Дневник 1866 года. Путешествие в Туркестан А.К. Гейнс. Собрание литературных трудов. Т. II. СПб, 1898.
(8) Массон М.Е. Көне Сайрам // Известия Средазкомстариса. – 1928. – № 3. –23-42 б.
(9) Алтайдан Каспийге дейін. Қазақстанның табиғи, тарихи және мәдени ескерткіштері мен көрнекті орындарының атласы. 2-том, Алматы, 2011. 481-бет. https://lib.yessenovfoundation.org/atlas-tom-2/files/assets/basic-html/page483.html
(10) Массон М.Е. Көне Сайрам // Известия Средазкомстариса. – 1928. – № 3. –23-42 б.
(11) «Еңбекші қазақ» газеті, 1925ж. https://www.facebook.com/story.php?story_fbid=1187643055171640&id=100017778695353&mibextid=xfxF2i&rdid=Gjeat0QbLRMdnRfz
(12) Иванов П.П. Сайрам. Историко-археологический очерк. 1923;
(13) «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің кешенінің аумағына жүргізілетін шолу экскурсияларының материалдары. Шымкент, 2024.
(14) Хижра жыл санауынан Григориан жыл санауына ауыстыратын конвертер https://namaz.today/date-converter