ЛУДОМАНИЯҒА ТОҚТАУ: ШЫМКЕНТТЕ ҚҰМАР ОЙЫНДАРЫНА ТӘУЕЛДІЛІККЕ ҚАРСЫ КҮРЕСТЕГІ ЗАҢДЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ШАРАЛАР АТҚАРЫЛУДА
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Биылғы 2025 жылы бүкіл әлемде қарқын алып отырған психологиялық тәуелділіктердің ішінде лудомания, яғни, құмар ойындарға тәуелділік – Қазақстан үшін де өзекті мәселеге айналып келеді. Бұл тұрғыда Шымкент шаһары бұл қоғамдық қауіптің әлеуметтік және құқықтық салдарын дер кезінде бағалап, лудоманияның алдын алу мен оған қарсы күресті күшейту мақсатында жүйелі іс-шараларды жүргізіп келеді.
Лудомания дегеніміз – ойын автоматтары, онлайн-казино, букмекерлік кеңселер және лотереялар арқылы ірі табыс табу жайында қалыптасатын тәуелділік. Психологтардың пайымдауынша, бұл құбылыс көбіне жастар мен жасөспірімдер арасында жалғыздық, күйзеліс және бос уақытты мақсатсыз өткізу салдарынан өрши түседі. Былтрығы 2024 жылы Шымкент қаласында құмар ойынға байланысты психологиялық көмек сұрағандар саны 30%-ға өскен. Бұл көрсеткіш 2025 жылы қалалық деңгейде дабыл қағуға және нақты әрекеттер қабылдауға себеп болып отыр.
Осы мақсатта қала әкімдігі, денсаулық сақтау басқармасы, жастар саясаты басқармасы және құқық қорғау органдары бірігіп, «Ойнама – өміріңмен!» атты ақпараттық-ағартушылық науқанды іске қосты. Бағдарлама аясында мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында оқушылар мен студенттер арасында құмар ойындардың зияны, оның психологиялық және құқықтық салдары туралы дәрістер, тренингтер, пікірталастар өткізіліп жатыр.
Интернеттегі заңсыз құмар ойындардың таралуына қарсы Шымкент қаласының полиция департаменті тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында онлайн-казино және заңсыз ойын платформаларын жарнамалаған 15 дерек анықталып, ҚР Қылмыстық кодексінің 307 және 311-баптарына сәйкес іс қозғалды.
Биылғы 2025 жылы басталған «Тәуелсіздік – таңдаудан басталады» атты қалалық бағдарлама аясында мектептерде және ЖОО-да ерік-жігерді шыңдау, ішкі тәртіпті дамыту және бос уақытты тиімді өткізу дағдыларын қалыптастыруға арналған үйірмелер мен спорт секцияларының саны артты.
Сондай-ақ, бұл тұрғыдағы жастар арасындағы атқарылып жатқан шаруалардың басында Жастар ресурстық орталығы тұратыны түсінікті. Жастар руесурстық орталығы әлеуметтік желілерде заманауи форматтағы бейнероликтер, челлендждер және интерактивті сауалнамалар арқылы жастарға құмар ойындардың зиянын түсіндіріп келеді. Ал, діни ұйымдармен бірлесіп, мешіттерде, шіркеулерде және мәдени орталықтарда рухани-адамгершілік бағыттағы кездесулер ұйымдастырылып отыр.
Құқықтық сауаттылықты арттыру үшін оқу орындарында арнайы «Заң және қауіпсіздік» тақырыбындағы сабақтар енгізілді. Мұндай сабақтарда ҚР «Ойын бизнесі туралы» заңы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс және Қылмыстық кодекстерінің тиісті баптары түсіндіріліп, құмар ойын ұйымдастыру немесе оған қатысу кезінде туындайтын жауапкершіліктің түрлері нақты мысалдармен түсіндіріліп жеткізіледі.
Шымкенттегі барлық білім беру ұйымдарында психологтар мен әлеуметтік педагогтардан құралған мобильді топтар құрылып, оқушылар мен студенттер арасындағы тәуелділікке бейімділік белгілерін ерте анықтау жүйесі іске қосылды. Бұл топтар ата-аналарға да құқықтық кеңестер беріп, баланың құқығын қорғау жолдарын үйретеді.
Биылғы 2025 жылы қалалық наркологиялық орталық жанынан «Құмар ойындарға қарсы психологиялық көмек кабинеті» ашылып, ойынға тәуелділіктен арылғысы келетін азаматтарға тегін әрі анонимді түрде психологиялық, медициналық және заңгерлік көмек көрсетіліп келеді.
Шымкент қаласының тәжірибесі көрсеткендей, лудоманиямен күрестің тиімді жолы – заңды қатаң сақтау, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, ерте кезеңдегі профилактика және қоғамның барлық мүшесін қамтитын кешенді қолдау болып отыр. Құмар ойынға жол бермейтін, заңды білетін және еркін таңдау жасай алатын ұрпақ – тұрақты, әрі қауіпсіз қоғамның кепілі. Шымкент қаласы осы бағыттағы жұмысты табандылықпен жалғастырып келеді.