МАЙРА МҰХАМЕДҚЫЗЫНЫҢ КОНЦЕРТІ АНШЛАГПЕН ӨТТІ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Астана қаласындағы «Астана Опера» театрының Үлкен залында 12 қазан күні Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, опера дивасы Майра Мұхамедқызының концерті аншлагпен өтті. Концерт Майра Мұхамедқызының сахнадағы 30 жылдық мерейтойына арналған. Керемет шараның өтуіне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсеткен және құрметті қонақтардың қатарында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да болды.

Әлемдік опера өнерінде өзіндік орны бар, қайталанбас өнер иесі Майра Мұхамедқызы көрермендердің жүрегін өзінің эмоциялық тереңдігімен және ғажайып дауыс шеберлігімен баурай отырып, әлемдік және қазақ классикасының шығармаларының ең үздік туындыларын орындады.

Майра Мұхамедқызының шығармашылық жолы еңбекқорлыққа, кемелденуге деген талпынысқа және музыкаға деген махаббатқа толы жетістіктің тарихы. Сахнадағы алғашқы қадамдардан бастап, халықаралық деңгейдегі танымалдылыққа дейін оның мансабының әрбір сәті жаңа шыңдарды бағындырумен байланысты болды.

Майра Мұхамедқызының даусын сағынған Астана халқы зор қошеметпен қабыл алып, залдағы атмосфера таңданыс пен шаттыққа лық толды.

 Мен үшін «Астана Опера» театрының орны бөлек. Алматыдағы Абай атындағы театрда жиырма жыл, Францияда жеті жыл және елордада алты жылдай еңбек еттім. Ұлттық және әлемдік опералық қойылымдарда басты партиялардың барлығын орындадым деуге болады. Сондықтан концертте бала күнімнен бастап, бүгінгі күнге дейінгі шырқаған арияларды, сондай-ақ халықаралық байқауларда өзім өнер көрсеткен туындыларды таныстырамын. П.И.Чайковский атындағы байқаудағы жеңісім – менің өмірімдегі айтулы оқиға болды, бұл додада мен лауреат атанған едім, -деп әнші өзінің «Астана Опера» театрында еңбек еткен шағын еске алды.

Концерттің соңғы жағында Майра Мұхамедқызы «Домалақ ана» операсынан үзінді орындады. Қырық жыл бойы ол музыка арқылы көрермендерге өзінің ғана емес, бүкіл Қазақстанның тарихын таныстырып келеді. Еңбек сіңірген әртіс көптеген марапаттардың иегері және беделді сыйлықтардың лауреаты болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның мәдениетке қосқан үлесін атап өтіп, оған гүл шоқтарын жолдап, Майра Мұхамедқызын және барлық өнерсүйер қауымды құттықтады.

– Шымкенттен 60 адам келдік. Хор 80 адам. Оркестр 80-100. Бәрін қосқанда 500-дей бар-ау. 30 жылдағы бүкіл өмірің көз алдыңнан өтіп жатқандағы сезімді сөзбен жеткізу өте қиын. Шымкент опера және балет театрының «Трубадур» операсымен 1 операның үзіндісін көрсеткім келді, -деп Майра әнші ағынан жарылып, қуанышын бөлісті.

Айта кететін нәрсе, танымал опера әншісі елордадан бастау алатын шығармашылық кешті Қазақстанның барлық қалаларында жалғап, концерттер легін Шымкент қаласындағы өзі басшылық жасайтын Опера және балет театрында түйіндеуді жоспарлап отыр.

OpenKazakhstan-INFORM