МАЛ ҰРЛЫҒЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ЖЕДЕЛ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ШАРА ӨТКІЗІЛДІ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түркістан облысы полиция департаменті Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен ауылдық жерлердегі мал ұрлығының алдын алу мақсатында жедел профилактикалық шара жүргізді. Оның аясында полиция қызметкерлері «мал ұрлығы картасы» криминогендік жағдайдың осал учаскелерін айқындап, ұрлық жиі орын алған ауылдардың кіріс-шығыс жолдарында уақытша полиция бекеттерін ұйымдастырды.
Сонымен қатар жол бойында орнатылған бейнекамералардың мүмкіндіктерін және ауыл белсенділерінің көмегін кеңінен пайдалануды жолға қойды.
Мал ұрлығының жиі кездесуінің негізгі себебі, мал иелерінің жайылымдарға малдарын қараусыз жіберу және қоралардың тиісті деңгейде жабдықталмауы. Соған байланысты аудандық полицейлер тарапынан, ауыл әкімдеріне, учаскелік инспекторларға, ауыл билері мен белсенділеріне осы мәселені шешу жолдарын қарастыру ұсынылды.
Осы орайда мал мен ет өнімдерін сатып алып, өткізу орындарында да тексеру жүргізілді. Малдарды сырғалау, «GPS»чиптерін орнату, малдарды түгендеу, қараусыз қалдырмау ескертілді. Айта кетейік, биылғы жылдың өзінде Түркістан облысы полицейлері облыс бойынша бірнеше мал ұрлығына қатысы бар күдіктілерді құрықтап, барымташыларды ұстап, табылған малдарды заңды иелеріне қайтарды.
Полиция үй жануарларының жайылымдарда жоғалып кететінін ескеріп, ауыл тұрғындарының малға күзетті күшейтуін ескертеді. Төрт түліктің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасын, мал ұрлығын болдырмаудың басты қауіпсіздігі – оларды қараусыз, бос жібермеу екенін алға тартады.
Сонымен қатар Түркістан облысы Полиция департаменті Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Сауран» шеп-бекетінде мал тасымалдап жүрген көлік жүргізушілерін тексеріп, рейд ұйымдастырды. Жүргізушілерге құжатсыз мал тасымалдауға болмайтынын қатаң ескертті.
Айта кетейік, үй жануарларын қараусыз қалдырып, құжаттандырмасаңыздар оған заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.