МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші аудандық Полиция басқармасы Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері, полиция капитаны Мардан Айнабекұлы Бектас және полиция капитаны Жандос Ақылбайұлы Жүнісов бастаған арнайы топ қала аумағында орналасқан мекемелерді аралап, кездесу өткізіп, интернет-алаяқтықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіздік шараларын түсіндіру бойынша кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізіп жүр. Бұл іс-шара туралы Еңбекші аудандық полиция басқармасының әлеуметтік желідегі ресми парақшасы бөлісіп отыр.

Кезекті түсіндіру мақсатындағы ақпараттық іс-шара Шымкент қаласының №5 қалалық емханасының қызметкерлеріне арналды.

– Бұл іс-шара барысында біздің Шымкент қалалық полиция департаменті Еңбекші аудандық полиция басқармасының Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерінен құралған арнайы топ аудан аумағында орналасқан кәсіпорындардың қызметкерлеріне интернет-алаяқтықтың алдын алу және болдырмау мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Мұндай шаралардың өзіндік атқарар маңызы зор. Осы арқылы қала тұрғындарының құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттырамыз және қылмыстық әрекеттерге душар болатын азаматтарымызды сақтандырамыз, – дейді полиция капитаны Жандос Жүнісов мырза.

Кездесу барысында полицейлер қазіргі уақытта жиі кездесетін интернет-қылмыстардың түрлерін, алаяқтардың қолданатын тәсілдерін түсіндіріп, күдікті жағдайларда қалай әрекет ету керектігі жайлы практикалық кеңестер берді. Өз кезегінде №5 қалалық емхана қызметкерлері өзекті ақпаратпен танысып, сұрақтарына жауап алды.

Еңбекші аудандық полиция басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтардың әрекеттері жаңажылдық мереке қарсаңында өрши түсетінін айтып, сол себепті мұндай алдын алуға бағытталған тұрғындарға арналған түсіндірме жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады дейді.