МЕКТЕПТЕГІ БУЛЛИНГ ӘРЕКЕТТЕРІ ТЫЙЫЛМАСА, БАЛАЛАРДЫҢ СУИЦИДІ ТОЛАСТАМАЙДЫ
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Қыркүйек. Бұл ай жаңа оқу жылының басталатын айы ғана емес, сол мектептердегі оқушылардың өзара физикалық-психикалық қақтығыстарының да туындайтын уақыты. Сондықтан, мектеп басшылығынан бастап, психологтарының, ата-аналардың, құқық қорғау органдарының бірлесе белсенді түрде жұмыс істемесе, ақыры қайғылы жағдайларға ұласуы мүмкін.
Айтуға оңай ғой. Күні кеше ғана бүкіл елді шулатқан оқыс оқиға бір отбасының, бір ананың аңырап қалуына әкеп соқты. Шымкент қаласындағы №32 мектептің бар екенін бұл оқыс жағдай болмаса, білмес те ме едік? Бұл мектеп үшінші мегаполистің Қаратау ауданына қарайтын Өтеміс тұрғын алабындағы Абай есімімен аталатын №32 мектеп деп топшыладық. Өйткені, қала аумағында басқа 32-ші нөмірмен таңбаланған мектеп жоқ екен. Күні кеше ғана бүкіл ел болып ұлы ақын Абайдың 180 жылдығын атап өтіп едік, енді оның есімімен аталатын мектеп басқа жағдаймен аты шығып, елдің есінде қалып отырғаны қынжылтады.
Жаңа басталған оқу жылының бастапқы аптасында жоғарыда аталған мектептің 9-шы сыныбына барған он төрт жасар Өмірсерік Сұлтанбек деген оқушы өз ауласындағы қорада өз-өзіне қол жұмсаған. Телефонында қалдырған жазбасында жас жігіт «Досым» деп жүрген доссымақтар! Енді мені көрмейсіңдер! Енді мені ұра алмайсыңдар!» деп жазыпты. Оған қоса төрт сыныптасының аты-жөнін атапты.
Жасөспірімнің жақындары оның өліміне мектептегі жүйелі буллинг себеп болғанын айтады. Баланың анасы Жанерке Жүнісбекованың айтуынша, ұлы кейінгі үш жылда мектепте құрдастарының қоқан-лоққысына жиі ұшырап отырған. Анасы: «Әкесінің қайтыс болғанына 3 жыл болды. Мектепке барады, «сенің әкең жоқ!» деп балалар кемсітеді. Бұл – бір. Диас деген бала темекінің шоғын қолына басып, басынған. «Сен бізге ақша тауып бересің, маған темекі әкеліп бересің, менің айтқаныммен жүресің, мен не айтамын, сонымен жүресің» деп қорқытып, ақша мен темекі әкелуге мәжбүрлейтін», -дейді. Осылай баланың ар-ожданына тиіп, буллинг жасаудың салдары қайғылы оқиғаға әкеліп отыр дейді ол.
Ал, қайғылы оқиғаға ұшыраған оқушы оқыған мектептің ұстанымы басқа. Қайғылы жағдайдың бастауы қаладағы №32 мектептен бастау алған. Марқұм болған жас жігіттің әпкесі де осы білім ордасында оқып, өзі де буллингке куә болғанын айтады. Алайда, мектеп басшылығы ондай деректі жоққа шығарып отыр. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасар Райхан Төлеева: «Біз бұл оқиға туралы кеш білдік. Балалар арасында ешқандай төбелес, ақша жинау әрекеттері болмаған. Оқиғаның алдында оқушыны ешкім ұрмаған. Жалпы, ол өте тұйық бала болатын. Демалыстан бастап ол кейбір сыныптастарымен сөйлеспей жүрген екен. Бірақ, оның мектепте қысымға ұшырағаны туралы бізде ақпарат жоқ», – дейді.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары тарапынан аталған қайғылы оқиғаға қатысты тергеу басталды. Оқушының телефонында жазылған соңғы хатында аты аталған төрт сыныптасының бірі бұған дейін де жергілікті полиция есебінде тұрған. Бүгінгі таңда бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып жатыр. Марқұмның туыстары кінәлілерді және мектеп әкімшілігін жауапқа тартуды талап етіп отыр.
Мұндай қайғылы жағдай қайталанбас үшін мектепішілік бақылауды қатаңдатпаса болмас. Мектеп қабырғасындағы буллинг әрекеттерін дер кезінде анықтап, жолын кеспесе, балалар арасындағы суицид құбылысы толастамайтыны анық. Салаға жауапты мамандардың шәкірттерінің бойындағы әрекеттеріне қырағылығы маңызды болып тұр. Бала тағдырына абай болыңыздаршы, ұстаздар!