МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ КҮШЕЙДІ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

 

«Жылу энергетикасы туралы» заңның қабылдануы бұл салаға қатысты мемлекеттік бақылау нормаларын бекітіп берді. Осыған дейін бұл салаға қатысты арнайы заңның болмауы салдарынан мемлекеттік саясат пен бақылау ісі жүйелі түрде жүргізілмей келген болатын.  Осыған орай Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды  Кентау қаласындағы жылуэнерго орталығын жөндеу және қазандықтарын жаңарту жұмыстарының барысын қатаң бақылау ұстап келеді. Өңір басшысы орталықты жаңғырту жобасы бойынша жауапты мекеме басшыларымен кезекті рет кездесіп, ондағы өзекті мәселелерді талқылады.

Қазіргі уақытта «Қазақстандық Коммуналдық жүйелері» ЖШС мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігімен жаңа газ турбиналы электр станциясын салу арқылы Кентау ЖЭО-5 мекемесін кеңейту жобасын іске асыруда. Бүгінгі күнге дейін табиғи газға қосылудың техникалық шарттары алынған. Электр қуатын  тарату  схемасын әзірлеу, топография және геологиялық зерттеулер, техникалық экономикалық негіздемесін  әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда демеуші есебінен №6 қазандықты ағымдағы жөндеуден өткізу  жұмысы басталды.

Жылу энерго орталығындағы 8 қазандықтың екеуі қайта құрылды. Жылыту маусымы басталғанға дейін жылу энерго орталығындағы жалпы 6 қазандықты қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде 4 бірдей қазандық толықтай жаңадан орнатылады. Жоба биыл басталып, 2027 жылы аяқталуы тиіс. Халықты жылу-энергетика жүйелерімен қамту  маңызды болғандықтан бұл іс асқан жауапкершілікті қажет ететін айтқан облыс басшысы межеленген жұмыстарды мейілінше сапалы атқаруды тапсырды.

Айта кетейік, Кентаудағы №5 жылу энерго орталығы 1934 жылы салынған. Мамандардың мәліметінше, бүгінгі таңда негізгі материалдық жабдықтардың 85 пайызы тозған. Қалада 347 көп қабатты тұрғын үй болса,  14 мың абонент орталықтандырылған жылу жүйесіне  қосылған. Сондай-ақ 2000-нан астам жеке сектордағы тұрғын үй мен 106 бюджеттік мекеме, 441 коммерциялық нысан аталған орталықтан жылу алады.