МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ «ОРТАЛЫҚ АЗИЯ – АҚШ» САММИТІНЕ ҚАТЫСТЫ

  • Астана қаласы, Есіл ауданы
blog-single-image

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ үйде тарихи кездесу ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президентіне алғыс айтып, С5+1 форматындағы саммит шын мәнінде Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқанына назар аударды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі akorda.kz сайтында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқеав Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамптың халықаралық саясаттағы рөліне айрықша тоқталып, оны көрнекті мемлекет қайраткері деп бағалады.

– Сіз жүргізіп отырған парасатты және батыл саясатты бүкіл әлем қолдауға лайық деп санаймын. Мен де Сіздің ұстанымдарыңызды қуаттаймын. Сіздің жетекшілігіңізбен Америка алтын дәуірге қадам басты. Біз «Американы қайтадан ұлы елге айналдыру» (Making America Great Again) деп аталатын көреген тұжырымдамаңызды жоғары бағалаймыз. Бұл мақсат «Заң және тәртіп» қағидатына негізделген Әділетті, Қуатты Қазақстан құруды көздейтін ауқымды стратегиямызбен үндеседі. Бітімгер Президент ретінде сегіз айдың ішінде сегіз соғыстың тоқтауына ықпал еттіңіз. Осылайша, Американың халықаралық тұрақтылыққа тірек болған рөлін айтарлықтай күшейте түстіңіз, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетсек, 2025 жылғы 7 қараша күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев АҚШ астанасы Вашингтон қаласына сапарлап барып, «Орталық Азия – АҚШ», яғни С5+1 форматындағы саммитке қатысқан болатын. Бұл С5+1 форматындағы саммит 2015 жылдан бері Орталық Азияның бес елінің: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстанның және АҚШ мемлекет басшыларының бас қосатын, АҚШ-тың Орталық Азиядағы бес мемлекетпен қарым-қатынастарын жақсартуға және нығайтуға, сондай-ақ Орталық Азияның жекелеген елдері арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған ортақ мәселелерді талқылау және шешу үшін жыл сайын өткізілетін дипломатиялық саммит ретінде саналады.