«МЕН АЛАЯҚТАРҒА ҚАЛАЙ АЛДАНЫП ҚАЛДЫМ?»
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Әлеуметтік желіде Шымкент қаласының тұрғыны өзінің интернет-алаяқтарға қалай алданып қалғаны туралы жазба қалдырып, сол сәттегі бастан кешірген күйі мен ішкі жанайқайын көпшілікпен бөліскен. Өзін Айгүл деп шартты есіммен атаған желі қолданушысының жазбасына қолдау білдірушілер мен пікір қалдырушылар да интернет-алаяқтықтардан қалай қорғану әдіс-тәсілдерін жазып, ойларын бөлісіп отыр.
Кейіпкердің жазбасын сол қалпында оқырман назарына ұсынсақ дейміз.
Мен алаяқтарға алданып қалдым. Иә, дәл өзім. Қазір жазып отырып та қолым дірілдеп тұр. Өйткені, әлі өзіме толық келе алмай жүрмін.
10 қараша, өткен дүйсенбі күні еді. Автобустан түсіп, көңілім жайнап үйге келе жатыр едім. Сағат 15:02-де бейтаныс нөмір қоңырау соқты. Жас қыздың дауысы: «Сіз декларацияны қате тапсырғансыз, период дұрыс емес» – деп қорқыта бастады. Әңгіме арасында білдіртпей, «Телефоныңызға код келді, айта қойыңыз» – деді. Сол сәттегі аң-таң күйімді сөзбен жеткізе алмаймын…
Көп ұзамай басқа нөмірден қоңырау соғып, «ЦОН-нанбыз. Код айтып па едіңіз? Сіз қазір үлкен қауіптесіз! Мошенниктер сізді торға түсіріп жатыр! Ешкімге ештеңе демеңіз, ешкімге сенбеңіз, оңаша болыңыз» деп алдады. «ҚР-ның кодексінің 223-бабына сәйкес, сіз үшінші тұлғаға құпияны жарияламауға міндеттісіз» дейді. Ол да бос сөз екен. Дауыстары асығыс, қорқыныш тудырады. Сені шошытып алады да, сол қорқыныштың ішінен өздері «құтқарушы» болып шыға келеді екен.
Қазір ойлап отырсам, бәрі жоспарлы, ешбір қате қадамдары жоқ.
Сәлден соң телефоныма видеоқоңырау келді. Өзге ұлт, ер адам. Артында «Ұлттық банк» деген баннер тұр. Тіпті, аватарында да сол. Баннерді арнайы көрсетіп, «Сізді бақылап отырмыз. Уайымдамаңыз, біз көмектесеміз» дейді. Сол сәтте оған да сенесің. Өйткені, қорқып тұрсың. Өйткені, жалғызсың. Өйткені, «құтқарушы» керек болып тұр.
Бір кезде «старший менеджерге» қосты. Одан кейін «кибер полицияға». Ол да формада отыр. Артында көк туымыз ілініп тұр. Куәлігін көрсетіп өзін таныстырып жатыр.
Қазір ойласам, бәрі қолдан жасалған фильм сияқты сценарий сияқты. Бірақ, сол сәтте… Менің ақылым емес, қорқынышым сөйлеп тұрған.
Нәтижесі… Менің атымнан 3 кредит рәсімделіпті. Оның біреуін банк тоқтатты, сөйтіп ол аман қалды. Екіншісіне биометриялық тексеруім өтпей қойыпты. Үшіншісі, өкінішке қарай, рәсімделіп кетті.
Өмірімде бірінші рет қатты абдырап (в шоке) қалдым. Ішімнен бір дауыс «бұл – интернет-алаяқтар» деді. Осы сөзді өздеріне де айқайлап айттым. Тіпті, «шын адам болсаңдар екен» дедім. Бірақ… Олар құтқарушы емес екен. Олар – мінсіз жоспар құрған алаяқтар екен.
Мен ақшаны емес, адамдықты жоғалтып алғандай күй кештім. Сенімімді, қарапайымдылығымды, адал ниетімді пайдаланды.
Бірақ… Бүгін өз-өзіме «Бұл да бір – сынақ. Бұл да бір – сабақ» деймін.
Қабылдап жатырмын. Көндім. Сыналдым. Жыладым. Және… қайта тұрып келемін. Бұл – жеке тарих емес. Бұл – бүгін біздің халқымыздың күн сайын көріп жүрген трагедиясы. Біреу ұялып айта алмай жүр. Біреу ішінен сынып жүр. Біреу кредитке батып, өмірден түңіліп жүр. Сол себепті, мен жасырмадым. Айтуды жөн көрдім.
Егер осы пост бір адамды болса да құтқара алса, менің жеңісім – сол.
Ешкімге код айтпаңыз! «ЦОН», «банк», «полиция» деп қорқытқандарға сенбеңіз! Видеоқоңырауға шықса да, бұл дәлел емес! Асықтырып, қорқыта бастаса , тоқтаңыз! «Оңаша болыңыз» десе, бұл – 100% алаяқ! Олар адамның сезімін, әлсіз сәтін, психологиясын пайдаланады. Олармен ойнауға болмайды! Олар – бүтін бір әлем!
Мен бұл қиындықты көтеріп келемін. Қиын, бірақ көтеріп келемін. Бір білетінім – бұл сынақтың артында бір үлкен жақсылық бар. Құлауды да, қайта тұруды да Алла бекер жазбайды.
Сондықтан, аса сақ болыңыз! Ата-ана, бауыр, достарыңыз бен жақындарыңызға жаймен түсіндіріп, бәріне ескертіңіз!
Егер, осы жазба кімнің де бір жүрегіне жетсе, кімнің де бір қадамын тоқтатса, менің басымнан өткеннің бәрі бекер емес!
Айта кетсек, жазба авторы Айгүл деген азаматшаның жазуынша, бірінші банктен алған 4,5 миллион теңге несие Өзбекстанға асырылған екен. Ал, 10 миллион теңгені офисқа келіп, қол қойып аласың деген «Береке» банкке алғыс айтуға болады. Үшінші банк «Центркредит банк» биометриялық тексерістен өткізбеген дейді автор. Айналамызда оқыған, білімді деген қанша жан интернет-алаяқтарға алданып жатқанын естіп жатамыз, тек Айгүл сияқты айтуға бата алмайды. Оқырманға бұл да бір үлкен сабақ болар. Сақ болыңыз!