Соңғы ресми деректер Қазақстанда 3195 ғибадат үйі жұмыс істейді, олардың 2382-сі – мұсылман мешіттері екенін көрсетеді.. Республика бойынша рәсімдеуден өтіп жатқаны, қызмет етіп тұрғаны бар 492 исламдық, 15 православиелік, барлығы 507 мінәжатхана жұмыс істеп тұр. Ал, Түркістан облысында 750 ғибадат ететін мешіт бар. Бұдан бөлек, өңірде ресми тіркелген алты протестанттық бағыттағы елуіншілер, жеті баптист, төрт пресвитериан мен үш Егова куәгерлерінің діни бірлестігі жұмыс істейді. Сонымен қатар, ресми тіркелген бір миссионер бар. Бұл аймақтың дін істері басқармасына қарасты дін мәселелерін зерттейтін орталық таратқан дерек.
Аталған орындарда діни рәсімдер мен жоралғылар жасалады. Бұл дегеніңіз аталған рәсімдерді бұрынғыдай әртүрлі мекемелерде, орталықтарда, оқу орындарында, т.б. жерлерде өткізе беруге болмайды, ол «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңымен белгіленген орындарда ғана жүзеге асуы тиіс деген сөз.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы Дін саласындағы заңнама аталған діни бірлестіктердің барлығына бірдей. Заң аясында жұмыс жасап жатқан діни бірлестіктердің ешбірінің қызметіне негізсіз шектеу қойылмайды.
2017 жылы Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама аясында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді.
Соңғы 6-7 жыл ішінде дінмен және діни қызметпен байланысты кері үрдістер деңгейі артты. Бұның негізінде тұрғындардың діндар бөлігінің діни және құқықтық сауаттылығын жоғарылату және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша шешімдер қабылдау қажеттілігі туындады.
Осы орайда, заң жобасында 12 нормативтік заңнамалық актіге 53 өзгеріс пен толықтыру енгізу көзделген. Қабылданатын өзгерістердің барлығы елімізде тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздіктің сақталуына бағытталған.
Сондай-ақ заң аясында ғибадат ғимараттарын салу тәртібі де белгіленіп, талаптары айқындалған. Енді мінажат орындарын бұрынғыдай негізсіз сала беруге болмайды. Ғибадат ғимараттарын салу жеке немесе заңды тұлғаның қалауымен емес, Заңда көрсетілген тәртіпке және нақты қажеттілікке сәйкес жүзеге асырылады.
Мешіт салудың өзіндік жөн-жобасы бар
Игілікті істі қолға алған кез-келген пенде құрылысты бастамай тұрып, ниетін түзулеп, терең ойланып алғаны жөн. Алдымен мешіт салушы кісі жергілікті атқарушы органдардың келісімімен жиында көпшіліктің дауысына салынады. Содан кейін еліміздің Бас мүфтиіне өтініш жазып, рұқсат сұрайды және мешіттің өзі мен жерін түгелдей ҚМДБ-нің филиалы етіп тіркейді.
Мешітке ат беріп, имам сайлау мәселесіне, ішкі жұмыстарына араласпайтыны жайында тілхат беруге міндетті. Осындай тілхаттың негізінде ғана ол кісіге мешіт салуға рұқсат беріледі.
Бүгінгі таңда мешіттер негізінен демеушілердің қаржысына бой түзеп жатыр. Осы жылдың өзінде Түркістан облысы бойынша 800-ге тарта мешіт пайдалануға берілді. Мешітті салдырған азаматтардың өзі салған мешітке ата-бабасының, не әкесінің, тіпті руының атын бергісі келеді. Бір ауылда бірнеше мешіттер қатар түзеген жағдайларда бар. Осы орайда мешіт салуда ескеретін негізгі қағидаттар қандай?
Мешітті кімдер салмауға тиіс? «Тәубе» сүресінің 17-аятында: «Мүшіріктердің, өздерінің (дін Исламға) қарсылықтарына куә бола тұра Алланың мешіттерін жасауға (салуларына) болмайды. Олардың ғамалдары жойылған. Олар тозақта мүлде қалады», – делінген. Кім сала алады? «Тәубе» сүресінің 18-аятында: «Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға, ахирет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан қорыққан кісі жасайды (салады). Міне, солардың тура жол табушылардан болуы үміт етіледі», – дейді. Қараңыз, олардың тура жолда болуына кепілдік берілмейді, «үміт етіледі». Ал енді біздегі салынып жатқан мешіттердің қайсысын «шынайы түрде Аллаға, ахирет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан қорыққан кісі» жасады? Бұл сауалдың басы ашық.
Мешіт салудан басқа да сауабы мол амалдар
«Адам өлген соң оның үш амалынан басқасы тоқтатылады: (олар) жүріп тұратын садақасы, пайдалы білімі және өзіне дұға ететін перзенті» (Мүслим).
Пайдалы білім дегеніміз – артында қалған кісілерге обал мен сауапты айтып, жақсы мен жаманды үйретіп, кейінгілер үшін пайдалы білім мен ғылым қалдырып кету. Мектеп салуға болады.
Өзіне дұға қылатын перзенті – әкесінің артынан Аллаға мінәжат етіп, оның жарылқауын сұрап, сауап бағыштап, Құран оқып отыратын тұяқ қалдырып кету керек. Әр қайырымды іс – садақа. Ол неғұрлым жалғасымды болса, соғұрлым сауапты әрі құнды.Бала тәрбиесіне көңіл бөліңіз.
Жүріп тұратын садақаның мақсаты мұқтаж жандардың қажетін өтеу. Сол садақаның рахатын көрген адам қуанып, қажеті өтелген сайын, оның сауабы сол қайырымды істі жасаған адамға барып тұрады. Әлгі сауапты іс неғұрлым ұзақ болса, оның сауабы да соғұрлым үздіксіз жалғаса бермек. Адамдардың қажетін өтеңіз, жол салыңыз, көпір салыңыз.
Мешіт – бірінші кезекте құрылыс нысаны . Сол себепті де құрылыс нормаларына сай болуы ескерілу керек. Күн сайын адам арылмайтын, жұма сайын жүздеген, мыңдаған адам намазға жығылатын орынның құрылысында ақаулар болмауға тиіс. Мешіт салу сауапты іс, ал оны ұстап тұру жауапкершілігі одан да маңызды үлкен мәселе. Ізгі ниетпен салынған игілікті орынның есігін қара құлып күзетпегені абзал.
Мешіт салудың да өз тәртібі бар.
***Ресми деректер «Егемен Қазақстан» Республикалық газеті. Дін істері агенттігінің төрағасы М. Әзілхановтың «Мемлекет тағдыры – баршамыздың және әрқайсымыздың тағдырымыз» атты мақаласынан алынды.