МОПЕД ЖҮРГІЗУ ҮШІН ЕНДІ КУӘЛІК ҚАЖЕТ

  • Жамбыл облысы, Тараз қаласы
blog-single-image

ҚР Парламенті Мәжілісі «Жол жүрісі туралы» заңына жекелеген көлік түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мен оған ілеспе заң жобаларын екінші оқылымда қабылдады.
Енді жаңа заң жобасы бойынша қозғалтқышы бар қос доңғалақты тізгіндеген азаматтар жүргізуші куләгін алып, сақтандыру полисін рәсімдеуі тиіс. Құжатта мопедтерді уәкілетті мемлекеттік органда мемлекеттік тіркеуге жататын көлік құралдарының тізбесіне енгізу қарастырылған. Сонымен қатар, оларды механикалық көліктерге теңестіру, механикалық көлік құралдарының жүргізушілеріне қойылатын талаптарға сәйкес мопед жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттерін айқындау ескерілген.
Заң жобасын Мәжіліс депутаттарына таныстырған депутат Екатерина Смышляева заңға қол қойылғаннан кейін мопед жүргізушілері де жауапкершілікке тартылатынын айтты. Оның сөзінше, бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылып қалған автокіөілік жүргізушілері мопед мініп, оны басқара беретін. Енді оған тиым салынып отыр. Депутат:
– Заң күшіне енгеннен кейін мопед жүргізушілері бұрынғыдай жаяу жүргінші ретінде емес, көлік жүргізушісі ретінде қарастырылатын болады. Ішімдік ішкен жағдайда рөлге отыруға болмайды. Кейбір азаматтар ішімдік ішсе, мопедтің тізгініне отырады. Бұл дұрыс емес, өйткені ол да жол қозғалысына қатысып отыр. Ол да масаймаған күйде ғана жол қозғалысына қатыса алуы керек. Осылай болғаны бәрі үшін әділетті болады деп ойлаймын,- деді.
Сондай-ақ заң жобасында:
– Мопед жүргізушіге қойылатын талаптарды белгілеу;
– Қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден кем мопедтерді мемлекеттік тіркеу;
– Жергілікті атқарушы органдарға электр самокаттарды пайдалану тәртібін айқындау бойынша құзырет беру;
– Жол қауіпсіздігін цифрландыру бойынша нормалар бар.
Мопедтерді мемлекеттік тіркеу заң қабылданғаннан соң 6 айдан кейін басталады.