МУЗЕЙ ҚОРЫ ТОЛЫҒА ТҮСТІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының Сайрам музейінде қазан айының 15-16 күндері «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінде қор іріктеу комиссиясының кеңейтілген отырысы өткізілді. Бұл жиынның маңыздылығы сол, бір жағынан өңірдегі тәжірибелі мамандардың көрген-түйген біліктілігін жас мамандарға үйрету болса, екінші жағынан музей қорына жаңадан түскен экспонаттарды саралау, құндылығын анықтау, санаттарға бөлу, сақтау бойынша әдістемелік-консультациялық көмек беру болды.

Әдістемелік кеңес қаулысының №10 хаттамасына сәйкес, қорларды іріктеу комиссия мүшелері және ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Қолөнершілер одағының құрметті мүшесі, Музей ісінің ардагері, Түркістан облысының Мәдениет басқармасының «Бейнелеу өнері музейі» МКҚК-нің Экспозиция бөлімінің меңгерушісі Рыскүл Бекталиевамен бірлесе отырып, қазан айында қорға түскен жәдігерлерді қарады.

Жиын барысында музейлік маңызы бар заттардың құндылығына қарай іріктеу жұмыстары жүргізіліп, талқыланды. Күн тәртібінде Рыскүл Бекталиева ханым Сайрам музейі қорын түгендеу, музей қорына жинақталған жаңа түсімдерді іріктеу, ішкі қорларға бөлу, құжаттау, теңгерімге өткізу мәселелері бойынша тоқталып, музей құндылықтарын сипаттау, топографиялау, қор сақтау бөлмелерінде тиімді орналастыру әдістері туралы кеңінен тоқтала айтып өтті.

Комиссия мүшелері Ғылыми зерттеу және экспозициялық-көрмелік қамтамасыз ету бөлімінің қызметкерлерінің жинақтаған заттардың құндылығына тоқталып, биылғы қазан айында негізгі қорға 12 затты, ғылыми көмекші қорға 9 жәдігер, барлығы 21 экспонатты қабылдады.

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 2005 жылғы түлегі, 2019 жылдан бері «Қызмет» республикалық қоғамдық апталық газетінің тілшісі, openkazakhstan.kz туристік-ақпараттық сайтының редакторы