МӘДЕНИЕТ САЛАСЫ: ҚАНДАЙ ЖЕТІСТІК БАР, НЕ ШЕШІЛМЕЙ ҚАЛДЫ?

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Күні бүгін, 14 қараша күні Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Аталған жиында Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынбасарұлы Орынтаев 2024 жылдың 10 айында атқарылған мәдениет саласында атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Осылайша, кеңейтілген алқа мәжілісінде мәдениет саласына қатысты маңызды мәселелер талқыланды

Жиынға басқарма басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, мәдениет саласының қызметкерлері мен ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қалалық ономастика комиссиясы мүшелері, мәдениет және білім беру саласының қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының мәліметінше, 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында біршама жұмыстар атқарылып, көрсеткіштер бойынша ілгерілеу баршылық. Бұл сала бойынша жалпы 21 индикаторлық көрсеткіш болса, соның көп бөлігі жыл нәтижесі қорытындыланбай жатып-ақ жоспарланған көрсеткіштер орындала бастаған. Мысалы, жылдық жоспарда 1 ғана мәдениет үйінің құрылысы енген болса, қазіргі таңда Шымкент қаласының шалғай елді мекендерінде 4 бірдей мәдениет ошағы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда олар жергілікті тұрғындарға есігін ашып, қызмет көрсете бастаған. Соңғы кезде қолға алынған «Шымкент кештері» мәдени іс-шараларының жандана түсуіне осы жаңа клубтар ат салысып жатыр.

Мәжілісте басқарма басшысы Әзіл-ысқақ және сатира театры мен Опера-балет театрының ғимарат мәселесі, Салт-дәстүр орталығын «Түркістан» сарайына көшіру мәселесі, қолөнершілерді қолдау, мемлекеттік наградаларға үміткерлерді ұсыну, Үрмелі аспаптар оркестрін құру, қызметкерлердің жалақы мәселелері сияқты бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Ал Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппаркұлова «Мәдениет пен өнер тынысы» тақырыбында баяндамасын ұсынып, кітапхана мен мәдениет саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

Алқа мәжілісіне төрағалық еткен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы мәжілісті қорытындылай келе, басқарма басшысына қатысты сын-пікірін айтып, қала мәдениетін дамытуға бағытталған бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Олардың қатарында мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер саласы бойынша жұмыстарды жалғастыру, дәстүрлі өнеріміз ән, күй, жырды дәріптеу бойынша нақты іс-шаралар жобасын дайындау, эстрада, вокал жанры бойынша арнайы конкурстар ұйымдастыру, Республикалық романс әндерінің байқауын өткізу, Шымкент қаласында дәстүрлі түрде өтетін күміс көмей, күміс домбыра, күміс қалам конкурстары мен драматургтар фестивалін ұйымдастыру, суретшілер арасында конкурс өткізу, қаладағы тарихи-мәдени мұра нысандары мен ескерткіштер бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жыл соңына дейін аяқталуын қамтамасыз ету және ономастика саласы бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Мәжіліс барысында Сәрсен Абайұлы театрлардағы репертуар саясатын жетілдіру, Шымкент қаласындағы жаңа мұражайлар мен мұражай бірлестігін құру, 2025 жылы Салт-дәстүр орталығы мен опера-балет театрының жаңа ғимараттарының құрылысын бастау мәселелеріне де кеңінен тоқталып өтті. Жиын барысында мәдениет саласындағы маман тапшылығы мен театрлардың музыкалық аспаптары мен сахналық киімдері мәселелері де кеңінен талқыланды.

Жиын соңында Сәрсен Абайұлы 6-11 қараша аралығында Шымкент қаласында өткен Орталық Азия елдері театрларының IX халықаралық фестивалінің өтуіне ат салысқан мекеме басшыларын арнайы Алғыс хаттар, мәдениет және архивтер саласында еңбегі көзге көрінген қызметкерлерге де ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан төсбелгілер мен алғыс хаттарын тапсырып, марапаттап өтті.