МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫНА ҰСЫНЫСТАРЫН ЖЕТКІЗДІ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Жуырда ғана ҚР Парламент Мәжілісінің қарауына жіберілген Түркістан қаласына тарихи және рухани елорда мәртебесін беру туралы заң жобасы тарихи шаһардың кемелді келешегі мен оның әрі қарай өсіп-дамуына негіз болмақ. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі алғаш болып, Түркістан жұртшылығымен кедесуде айтқан болатын. Бүгінгі таңда аталмыш заң жобасы Парламентпен қатар, қоғамда да қызу талқылануда. Осы орайда, Түркістанға арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен жауапты министрлік өкілдері облыс әкімімен арнайы кездесіп, заңның маңызы туралы пікір алмасты. Кездесуде өңір басшысы Дархан Амангелдіұлы:
– Түркістанның тарихи орны айрықша ғой. Келешекте Түркі елдеріне ортақ іс-шаралардың бәрін осында өткізуді жоспарлап отырмыз. Соған сай әрі дайын болуымыз керек. Мемлекет басшысының қолдауымен тарихи шаһарды дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Оған қоса қалаға ерекше мәртебе беру туралы Заң жобасы әзірленді. Бұл бастама қаламыздың дамуына тың серпін береді деп ойлаймын. Қаланың өзіндік сәулет үлгісін сақтай отырып, ескерткіштерін қорғап, тарихи шаһар ретінде дамытуымыз қажет. Түркістанға келетін туристер қазақтың тарихынан, салт-дәстүрінен, мәдениетінен мағлұмат алып, танысатындай болуы тиіс. Оларға біздің ұлттық ерекшелігіміз, тарихымыз қызықтырақ. Аталған заң жобасы осы бағыттағы жұмысты жүйелеуге мүмкіндік береді,-деді.
Заң жобасын әзірлеуге өңір халық та тікелей атсалысып, өз ұсыныстарын білдіруде. Парламент Мәжілісінің депутаттары Түркістанда өткізілген басқосу барысында жергілікті тұрғындары мен зиялы қауым өкілдерінің тарапынан айтылған ойлар мен ұсыныстар Заңды бекітерде ескерілетінін айтты.
Мұндай маңызды шешім еліміз үшін ғана емес, күллі түркі әлемі үшін жағымды жаңалық болмақ. Заң жобасы мәдени мұраны сақтау және жаңғырту, дәстүрлі қолөнерді дамытуды, Түркістан қаласын рухани-мәдени, тарихи және туристік орталық ретінде дамыту және ілгерілетуді көздейді.