НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНЫҢ ТАРИХЫНА ҮҢІЛСЕК…

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Наурыз  жер бетіндегі ең көне мейрамдардың бірі. Бұл мейрам  Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы аталып өтілуде. Бұл мейрам тек қана түркі халықтарына ортақ мереке емес, сондай-ақ иран-парсы халықтары да Наурыз мерекесін тойлап, адамдар бір-біріне игі тілек тілейді. Төл мерекемізде адамдар жаңа киім киіп, кішілер үлкендердің батасын алады.

«Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді.Тасқа қашалып салынған суреттер Наурыз мейрамының тарихы тереңдігін көрсетеді. Алматыдан солтүстік батысқа қарай 170 шақырымда орналасқан Аңырақай тауларында өте ескі суреттер табылған. Олар 5 мың жыл бұрын салынған деп айта аламыз. Суретте екі ірі бейне салынған. Олардың бірі Тәңір болса, екіншісі қараңғылықтың символы – Іңір. Суретте екеуі құшақтасып тұрған бейнесі бар, бұдан көрісу дәстүрін көруге болады. Олардың ортасында жаңа туған бұзау, алты айлық тана, ірі бұқа және бие салынған. Бұлар сәйкесінше жыл мезгілдерін білдіреді. Олардың астында 12 ай тектес адамдар билеп жүр. Бұл 12 айды білдірсе керек. Бұл суретте «Наурыз» мейрамының күн мен түн теңелуі көрсетілген. Осыдан ақ ерте кезде қалай тойлағанын түсінуге болады.

Наурыз – өте көнеден келе жатқан мейрам. Күні бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналып отырған бұл мерекенің қашаннан бері тойланып келе жатқанын дөп басып айту қиын.

Көшпелілердің байырғы астрономиялық түсінігі бойынша, әрбір жыл алты ай жаз («йас») бен алты ай қысқа («қыш») бөлінген.  Жаз айларында дүние кеңіп, шаруадан мойын босап, жер бетін қуаныш, шаттық жайлайтындықтан «жағымды», ал қыс айларында суық, аштық, жұт болатындықтан «жағымсыз» саналған. Әуелгі адамдардың жақсылық пен жамандыққа жан бітіріп, оларды адам бейнесінде айтыстырып, күрестіргені туралы қызықты мәліметтер көне жазбаларда сақталған. Мәселен, біздің жыл санауымыздан бұрын дүниеге келген қасиетті «Авеста» кітабында, ХІ ғасырдағы түркі тілдерінің энциклопедиясы «Диуани лұғат ат-түрк» сөздігінде, сондай-ақ қазақ халқының қиял-ғажайып ертегілерінде осындай ұқсас сюжеттер қайталанып отырады. Соғдылықтар жақсылыққа «Ахуромазда», жамандыққа «Ахирман» деп ат қойса, бұрынғы қазақтар жақсылыкты «Кие», камандықты «Кесір», қысты «Зымыстан», жазды «Табысқан» деп атаған. Қазақтар бір жылды әрқайсысы отыз күннен тұратын он екі айға бөлген. Жыл соңындағы санатқа кірмей қалған 5(6) күн- «бес қонақ» деп аталады. Бұны фарсылар «фэнджи», сотистік күнтізбеде «эпагоменай» (шолақ ай) дейді. Қазақтар осы бір 5 (6) күнді өткізіп жібермей жолаушы шықпайды, қоныс аудармайды, жиын-той жасамайды, мал сойып, қонақ шақырмайды. Ақсақалдар өліарада «апыр-ай, қайтер екен» деп ауыл иттерін де үргізбеген.

 

Қыс пен жаздың халық санасындағы осы бір көрінісі кейбір ғалымдардың Наурыз мейрамының шығу тегін дуалистік түсініктен іздеп, Жаксылық пен Жамандыктың, Қыс пен Жаздың,  Суық пен Жылының,  Қайырымдылық пен Қатыгездіктің күресінен деген туған ой қорытындылауына себеп болды. Алайда, «екі жарты – бір бүтін», «бірлік болмай, тірлік болмас», «тіршілік көзі-бірлікте» деген халық даналығына үңілсек, ата-бабаларымыздың жаратылыс жайындағы түсінігі басқаша болғандығын байқаймыз.. Көшпелілер жыл басын Наурыздан бастайды.

Бұл күн аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні – Ұлыс күн» деп атаған. Тарихта Григориан күнтізбесі бойынша жаңаша 21-нен 22-не қараған түн осы күнге сәйкес келеді.

Наурыз сөзі иран тілінің ноу- «жаңа», руз- «күн» деген сөздерінен қалыптасып, жылдың бірінші күнін білдірген. Ал қазақ тілінде «наурыз» сөзі –  біріншіден, жыл басында тойланатын думанды халықтық мейрам, екіншіден – наурыз айы, үшіншіден – ұлыс күні жасалатын көжеге қатысты айтылады. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтына бағзы замандардан бері орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер «Патрих», бирмалықтар «Су мейрамы», тәжіктер «Гүл гардон», «Бәйшешек», «Гүлнаурыз», хорезмдіктер «Наусарджи», татарлар «Нардуган», буряттар «Сагаан сара», соғдылықтар «Наусарыз», армяндар «Навасарди», чуваштар «Норис ояхе» деп түрліше атаған. Шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлайтындығы жайындағы көне деректер бізге Әбу Райхан Бируни, Ибн Балхи, Омар Хайям еңбектері арқылы жетті. Иран тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндері әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды, жаңа өнген жеті дәнге қарап, келешек егін жайлы болжайды; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже – «сумалак» ұсынадыы; ағаш соқамен жер жыртады, ат шаптырып, жамбы атысып жарысады. көнетоз киімдерін тастап, үйдегі ескі шыны-аяқты сындырады; бір-біріне гүл ұсынып, үйлерінің қабырғасына  дөңгелек ою – күн символын салады; үйдің тіреу ағашына гүл егеді.

Ежелгі түркілер ұлыс күндері жаңа киімдерін  киіп,  сақал-мұрттарын түзеп, шаштарын алады, алты күн садақ тартып машықтанған соң, жетінші күні алтын теңге жамбы атып жарысады. Кімде-кім бірінші болып, жамбыны атып түсірсе, сол адам бір күн елге патша болып, билеуге ерік беріледі. Бұған тағы бір дәлел «Наурыз» жырында: «Құл құтылар құрықтан, Күн тұтылар сырықтан»,-деп жырланғандай, осы күні ертедегі гректердің патшасы да атын тағынан түсіп, қол астындағы өзіне ұнаған құлына бір күн ел басқартқызған. Наурыз күні ертедегі Иран патшасы қол астындағы адамдардың біріне патша шапанын сыйға тартады екен деген де деректер бар. Тіліміздегі күні бүгінге дейін айтылатын «құлға да бір күн азаттық», «құлдан да бір тілек бар» деген мәтелдер осы бір көне рәсімдерге қатысты болса керек.

Христиан дінін қабылдағанға дейін ежелгі Русьте Жаңа жылды 1 наурыз күні қарсы алу дәстүрі болған. Олар мейрам күндері Құт құдайының құрметіне арналған шырақтарды шие ағаштарына ілген. «Түрлі аурулар мен пәле-жаладан сақтайды» деген сенім бойынша дастарқан басына жиналған әрбір шаруаның алдына үш бас сарымсақ, үстелдің қақ ортасына бетін шөппен жапкан 12 тал пияз қояды екен.

Ағылшындар XVIII ғасырдың бас кезіне дейін Жаңа жылды 26 наурызда тойлап келді.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында, 1920 жылы жас Кеңес өкіметі Наурызды халыққа қайта тарту етті. Мәселен, 1925 жылы 22 наурыз күні «Еңбекші қазақ» газеті бұқара халықты наурыз мерекесімен құттықтап, өзінің бірінші бетіне ірі «әріптермен: «Мейрамы ежелден құтты болсын, бұл Наурыз!»-деп жазды. жазды. Осылайша Қазақстанда тойланып келген Ұлыс күні асыра сілтеушіліктің салдарынан 1926 жылы күрт тоқтатылды. Одан кейінгі жылдарда Наурыз мерекесінің бағы ашылды деп айту қиын. Ол бірде «діни мейрам», бірде «ескіліктің сарқыншағы» деген жалған жаламен қуғынға ұшырады. Халық жадында еміс-еміс, үзік-үзік болып сақталған Наурыз Қазақстанның кейбір өңірлерінде ошақ басында тойланып келсе, кейбір аймақтарда мүлдем ұмытылған. Бір халыққа тиесілі ұлттық мереке ғана емес, жалпыхалықтық ұлтаралық мейрам – Наурыздың қайта тіріліп, жаңғырып, халқымен қайта қауышуына бүгінгі уакыт, демократия, жариялылық мүмкіндік алып берді. Қоғамдық пікірге көңіл қойған үкімет орындарының басшылығымен 1988 жылы көктемде Алматы қаласы мен Астаналық облыстардын кейбір аудандарында 62 жылдан соң тұңғыш рет Наурыз тойы тойланды. Сол жылдан бастап ежелгі Күн мейрамы – Жыл басы тойын жалпы халық болып қарсы алып келеді. Қазақтар Ұлыс күнді «жыл басы» деп санайды.

 

Әсем АМАННУЛАЕВА

«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК экскурсия жетекшісі