«НЕГІЗГІ МАҚСАТЫМЫЗ – ЭТНОСТАРДЫ БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНА БІРІКТІРУ»
- Түркістан облысы, Түркістан қаласы

Елімізде түрлі этнос өкілдері ғасырлар бойы тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл бірлікті сақтау мен нығайтудың бірден-бір тетігі – Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы жүйелі түрде жүргізіліп жатқан жұмыстар. Солардың қатарында Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бастамалардың орны ерекше. Өйткені бұл өңір – этностар ең тығыз қоныстанған аймақтардың бірі. Мұнда атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы да жылдан-жылға артып келеді. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Жанғазиева Эльмира Ұласбекқызымен сұхбат барысында этносаралық қатынастарды реттеу, медиация, ғылыми сараптама, қайырымдылық және жастар саясатына дейінгі мәселелер қамтылып, маңызды жобалар мен нәтижелер жайлы жан-жақты айтылды.
– Эльмира Ұласбекқызы, «Қоғамдық келісім» КММ-і қашан және қалай құрылды?
– Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімі аппаратына қарасты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2014 жылы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін үйлестіруші ұйым ретінде құрылды. Оған дейін Достық үйі жұмыс істеді. 2013 жылы мен сол Достық үйінде директордың орынбасары қызметінде жүріп жаңа мекеменің құрылуына қатысты құжаттамалардың басы-қасында болдым. Одан әрі «Қоғамдық келісім» мекемесі Достық үйімен біріктіріліп, алғашқы кезде 24 штатпен өз жұмысын бастады. Ал 2015 жылы мекеменің ауқымы 71 штатқа көбейді. 2018 жылы Түркістан облысы жаңадан құрылып, мекеме өз жұмысын әрі қарай облыс орталығында жалғастырды.
Қазіргі таңда мекеменің штаттық саны 104 бірлікті (облыстық мекемеде – 45, филиалдарда – 29, шаруашылық қызметкерлер – 30) құрайды. Штат санының бұлай көбеюі де бекер емес. Бүгінде Түркістан облысында 50-ден астам этнос өкілдері тұрады. Бұл – этнос өкілдері ең көп қоныстанған аймақ болып саналады. Әсіресе, облыстың тоғыз өңірінде, атап айтар болсақ, Кентау қаласы мен Сайрам, Сауран, Төлеби, Келес, Мақтаарал, Сарыағаш, Жетісай, Түлкібас аудандарында этнос өкілдері өте тығыз шоғырланған. Аталған аудандарда мекеменің филиалдары өз жұмыстарын тыңғылықты атқаруда. Сонымен қатар, облыста 11 облыстық, 2 қалалық, 5 аудандық және 1 ауылдық этномәдени бірлестік бар.
– Мекеме құрылған сәттен бастап не өзгерді?
– Ол кезде Достық үйі тек этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтауға байланысты, айтулы мерекелік және мәдени көпшілік іс-шаралар өткізумен шектелетін. Бүгінгі таңда «Қоғамдық келісім» мекемесінің әлеуеті әлдеқайда күрделене түсті. Мекемеге өңірдегі қоғамдық келісімді, этносаралық татулықты және ынтымақтастықты нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуді міндеттеді. Ынтымақтастық пен ортақ тарихқа негізделген біртұтас Қазақстан халқын қалыптастыру бойынша тың жобалар қолға алынды. Негізгі мақсатымыз – этностарды бір шаңырақ астына біріктіру. Нәтижесінде қазіргі таңда мекемеде бес бірдей бөлім жұмыс істейді. Олар – этномәдени бірлестіктермен жұмыс жүргізу, этносаралық қатынастар саласының мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру, баспасөз орталығы, қоғамдық-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру және Ассамблея жанындағы құрылымдармен жұмыс жүргізу бөлімдері.
Бұдан бөлек Ассамблеяның жанындағы Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі, Ғылыми-сарапшылық топ, Журналистер мен блогерлер клубы, Ассамблея жастары секілді 6 қоғамдық құрылым жұмыс істейді. Бұл құрылымдардың әрқайсының өзіндік атқаратын міндеті бар.
– Мұндағы медиация кеңесінің жұмысы қаншалықты маңызды?
– Бұл өте қолайлы жоба дер едім. Медиация – істі сотқа дейін жеткізбей, өзара келісімге, бітімге келу. Ел арасы болған соң түрлі жағдайлар орын алып жатады. Кейде мектеп жасындағы балалар болмашы дүниеге тартысып қалады. Не болмаса «Сенің малың менің аулама кіріп кетті» деген секілді тұрмыстық деңгейдегі кикілжіңдер туындайтын кездер болады. Осындай жағдайлар үлкен дауға айналып кетпес үшін медиация арқылы шешуге тырысамыз. Әрине, ауыр деңгейдегі қылмыстар орын алып жатса, заң аясында шешілетіні анық. Ал енді ұсақ мәселелерде медиациялық келісім – ең оңтайлы жол.
Биылғы Ассамблеяның сессиясында Президентіміз еліміздің үш өңірінің жұмысын үлгі етті. Солардың қатарында Түркістан облысы да бар. Біздің осы медиация саласындағы тәжірибемізді бүкіл республика көлемінде Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажеттігін айтты. Мұны біз қол жеткізген жетістік деп қарауға әбден болады деп ойлаймын. Бүгінде Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған Медиация кеңесі құрамында 19 кәсіби және қоғамдық медиатор жұмыс істейді. 2024 жылы облыс көлемінде этнос өкілдерінің қатысуымен орын алған 126 құқықбұзушылықтың 100-і медиация тәртібімен оң шешімін тапса, биыл жыл басынан бері 34 құқықбұзушылықтың 20-сы бітімгершілікпен аяқталды.
– Ал ғылыми-сарапшылық топтың жұмысына не кіреді?
– Біз тоқсан сайын Түркістан облысындағы этносаралық қатынастарды сараптау мақсатында әлеуметтік зерттеулер жүргіземіз. Зерттеу барысында облыс көлеміндегі барлық аудан-қалаларға ат басын бұрамыз. Этносаралық қатынастар бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдары мен этномәдени бірлестіктер өкілдерінен құралған ақпараттық-насихаттық топ аудандарға шығып, түрлі тақырыптарда кездесулер, жиындар өткізеді. Түркістан облысында этнос өкілдері көбірек шоғырланған 62 елдімекен болса, барлығын зерттеп-зерделейміз. Сол жерде қандай мәселе орын алуы мүмкін екенін алдын ала бағамдаймыз. Мониторинг жасап, қай ауданмен, қай этноспен қалай және қай бағытта жұмыс істеуіміз керек екенін саралаймыз.
Сондай-ақ, облыстық прокуратурамен бірлесе зерделенген этнокарта дайындалады. Оған жергілікті жердегі этникалық топтар туралы ақпараттар енгізіледі. Сол жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша сараптамалық есеп әзірленеді. Осылайша тоқсан сайын анықталған мәселелер бойынша ықтимал болжамдарды жинақтап, тиісті мемлекеттік органдарға, облыстық әкімдікке ұсыныстар беріп отырамыз. Мұның бәрі – этносаралық кикілжіңдердің алдын алу мақсатында атқарылатын шаруалар. Ғылыми-сарапшылық топ осы бағытта жұмыс істейді.
Жалғасы бар