НҰРЛАН АҚЫН – КӨКШЕТАУДА ӨТКЕН АЙТЫСТЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Шымкент қаласында орналасқан, мәдениет саласында қызмет көрсетіп келе жатқан «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы қазақтың дәстүрлі өнерінің небір майталмандарын жинаған. Солардың қатарында айтыс өнері өкілдерінің күллі қазақ еліне танымал өкілдері қызмет атқарып жүр. «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы дегенде айтыскер ақын Нұрлан Есенқұловтың домырасын қағып қойып, суырып салып өлеңдетіп отырғаны көз алдыңызға келе қалады.
Шымкенттің жүйрігі, айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов «Көкшенің көк семсері – Көкен ақын» деп аталатын халықаралық айтыстың жеңімпазы атанды.
Көкшетау қаласында орналасқан «Көкшетау» мәдениет сарайында 11 қазан күні Көкше өңірінің халық ақыны Көкен Шәкеевтің 100 жылдығына орай «Көкшенің көк семсері – Көкен ақын» деп аталған халықаралық айтыс өтті. Шараның өтуіне Ақмола облысы әкімдігі қолдау білдіріп, мұрындық болған. Айтысқа Қазақстан мен Қырғыз елінің айтыскер ақындары мен дәстүрлі әншілері, жыршы-термешілері қатысқан. Бұл шара халық ақыны Көкен Шәкеевті еске алу арқылы халқымыздың ұлттық өнерін насихаттап, айтыс өнерін дамыту жағын мақсат еткен.
Айтысқа елімізден Мақсат Аханов, Жансая Мусина, Мұхамед Қонқаев, Аспанбек Шұғатаев сынды белгілі ақындар бақ сынаса, көршілес Қырғыз елінен Амантай Кұтманалиев, Азамат Болғонбаев, Кұбат Тукешов, Нұрсұлтан Малдыбаев, Жамайка Токонова өзара сөз сайысына түсті.
Халықаралық айтыстың қорытындысымен жерлесіміз, мәдениет саласының үздігі Нұрлан Есенқұлов бәсекелестерінен оза шауып, бірінші орынды иеленді.
Халықаралық айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев жүргізіп отырды. Қазақстан мен Қырғызстан елінің мәдениет пен өнер қайраткерлерінен құрылған қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының» төрағасы Жүрсін Молдашұлы Ерман төрағалық етті.
OpenKazakhstan-INFORM