«НҰРСӘТТЕ» KASPI НӨМІР СҰРАЙТЫН АЛАЯҚ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Сізге бір қызық оқиғаны айтайын ба?
Негізі мұны ертерек айтуым керек пе еді…
«Әдемі қыздардың» чатында құрбылар арасында бөліскенім бар. Бірақ, ол кезде ол туралы «тәуір бала екен» деп айтып едім. Соңы осылай боп кетерін кім білген…
Ол жігіт осы күні сізге де жолығып жүрген болар…
Басынан бастап айтайыншы…
Нұрсәттегі (Шымкент) Сейдолла Бәйтереков атындағы гүлзар ішін кесіп өтіп жаяу жүру менің күнделікті дағдым. Жұмыстан қайтарда гүлзардағы неше түрлі раушан гүлдер мен шыршалардың жұпар иісі аңқып көңіл күйді көтереді.
Төзіміңізді тауыстым ба? Әңгімеме бірден келейін. Сол әдетпен гүлзар ішін кесіп өтіп біііір күні үйге қайтып келе жатқанмын. Қарсы бетте келе жатқан жігіт менен озыңқырап кеткен апайға бірдеңе деп жатты. Әлгі апай басын шайқап әрі қарай кетті. Ана жігіт маған жақындап келе жатыр. Тура жаңыма келгенде
– Тәте, ақшаңыз бар ма? Маған пәлен теңге бере тұрыңызшы, – деді.
Түрі басы тәп-тәуір. Қайыршыға тіптен ұқсамайды. Киімі таза. Тек бірдеңеге әбіржіп, қиналып тұрғандай күйде. Көзі алақ-жұлақ етеді. Оның үстіне Шымкенттің қақ ортасында «тәтелеп» тұрғанына қарап, басқа қаладан келген-ау, жол таппай немесе діттеген жеріне жете алмай тұрған болар деген де ой келді. Жә, өз басым қайыр сұраса көшедегі алқашқа да тиын-тебен беремін. «Неге бересің? Ол оған арақ алып ішеді ғой» деген талай пікірді естісем де беремін. Ол сұрады. Алақан жайып сұрағанға теңгем бар болса беруім керек. Ал оны ол араққа құрта ма, басқаға жұмсай ма менің шаруам емес. «Құдай, мына адамға тезірек сана берші» деймін де іштей, өтіп кетемін.
Нұрсәтте. Бәйтереков гүлзарында жолыққан мына жігітке де сұраған теңгесін бермекке сөмкемдегі әмияныма қол сұққаным сол-ақ екен,
– Тәте, тәте… каспийде жоқ па? Наличка емес, каспиймен аударыңызшы, – десін.
– Неге?
– Мегабайт салуым керек еді. Сол үшін каспиймен аударыңызшы.
Ол өтінішін де орындап, жөніме бұрыла бергенім сол «Тәте, ақшаңыз болса тағы да пәлен теңге жіберіңізші. Просто, мегабайтыма жетпей тұр да» деді.
«Точно, қиналып тұр екен ғой. Қазір интернеті қосылса жолдан адаспас» деп, сұрағанын тағы аудардым.
– Тәте, каспий нөміріңізді айтыңызшы…
– Оны не қыласың?
Дәл осы сөзді уже ашуым келе, мына баланың «тәуір адам» екеніне күмәндана бастасам керек, көзім атыздай болып айттым.
– Тәте, уайымдамаңыз, осы 1-2 күнде ақшам түссе сізге қайтарып салып жіберейін деп едім. Мен сізден пәлен теңгені қарызға сұрап тұрмын, – десін.
Жоқ жерден тәп-тәуір балаға күмән келтіргеніме енді мен ұялайын.
– Жоқ, керек емес. Қайтармай-ақ қой. Сенің шын қиналып тұрғаныңды көрген соң көмектескенім ғой, – деп жөніме кетіп бара жатсам ана жігіт қыр-соңымнан қалмайды.
– Тәте, пожалуйста, телефон нөміріңізді тастап кетіңізші, мен сізден сонша ақшаны қарызға сұрадым. Қайтарып беремін.
Қысқасы, әлгі жігітке нөмірімді айттым да, жөніме кеттім.
Шымкенттің аптапты ыстық күндерінің бірі еді. Кешкі қараңғылықта салқынмен, ауладағы сәкіде телефон шұқылап отырсам, вацапыма жазба келді. «Тәте, рақмет, ақшаңызды салып жібердім». Артынша Каспий «тық» етті.
Бұл кім? Қандай ақша? Түк түсінбеймін.
«Нұрсәтте жолыққан баламын ғой»
Арада қанша уақыт өтіп кеткен. Ұмытып кеткенім рас.
«Ойпырмай, мына бала ұмытпай, «қарызға алдым» дегенін қайтарыпты ғой» деп таңданып үлгермедім. Вацапыма «Тәте, маған мәлен теңге сала аласыз ба?» деген жазба келді ғой.
– Әй, сен қандай баласың өзі? Мен саған ақшамды қайтар дедім ба? Сонша ақша өзіңе керек болса несіне салдың жаңа? – деп жазғаным сол, вацаптағы ақша сұраған жазбасын өшірді. Қайта ештеңе жазбады. Қысқасы, «осындай да жағдай болады екен» деп қоя салдым.
Арада шамада бір айдай уақыт өткенде кешкі астан соңғы жаяу жүрісіме салып, Дендробақты бір аралап үйге қайтып келе жатсам, жол бойынан әлгі бала қарсы алдымнан тағы шықты. Қараңғылықта алдымен танымадым. Бірақ, баяғы Бәйтереков гүлзарындағы өтінішін сол қалпында қайталап тұр. Осы жолы бетіне бажайлап қарадым да «Ақшаны каспиймен сал дейсің ғой, иә? Сосын «қайтарып беремін» деп нөмірімді сұрайсың» деп келе жатыр едім, зытты. Тез-тез жүріп «ДурПлазаның» тұсына қарай қашып кетті…
Сіздерге мұны да айтпас едім. Осы қазір ғана Қ.Төлеметов көшесіндегі көршілер чатында (осындағы көпқабатты үйлердің бірінде ұлымыздың үйі бар. Арагідік барып, тексеріп тұратындықтан тұрғындардың ортақ чатына мені кіргізіп қойған) бір көршіміз «Мына жігіт ақша сұраса бермеңдер. Менен үнемі «2-3 мың теңге бере тұрыңызшы, үйге қайта алмай жатырмын» деп ақша сұрайды. Үнемі «садақам» деп беріп жүрсем, сөйтсек бұл бала 1хВЕТ ойнайды екен» деп әлгі баланың суретін салыпты.
Ал сосын кетті дейсіз, көршілер чатынан «тық-тық» еткен жазбалар толастамай. «Бұл бала үнемі өстеді. ЖК «Тұмар» жақта да жүреді. Бұл алаяқ. Каспийге тіркелген тел нөмірін сұрайды ещееее» дееееп. Мә, алаяқтықтың осындай да түрі шыққан ба, сонда? Осылай да адамдарды алдайтындар бар болғаны ғой.
Бұл жігіт сізге де жолығып жүрген болар. Мұндайларды тәртіпке шақырудың жолы қайсы сонда?