ОБЛЫСТА 50-ДЕН АСА ЭТНОСТЫҢ ӨКІЛДЕРІ БЕРЕКЕ-БІРЛІКТЕ ӨМІР СҮРІП КЕЛЕДІ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Тарихы терең, жері киелі, халқы еңбекқор, тірлігі мен бірлігі бекем Түркістан облысында бүгінде халық саны 2 миллионнан асады. Өңір тұрғындарының 24 пайызын этнос өкілдері құрайды. Облыста 50-ден аса этностың өкілдері береке-бірлікте өмір сүріп келеді.
Облыстық Ассамблея құрамында облыстық, аудандық деңгейдегі 31 этномәдени бірлестік пен Ассамблея жанындағы құрылымдар – «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі», «Ғылыми-сарапшылық топ», «Медиация» кабинеті, «Журналистер мен блогерлер клубы» және «Ассамблея жастары» Республикалық Қоғамдық Бірлестігі облыстық өкілдігі ел бірлігін нығайту жолында жемісті жұмыс істеп жатыр.
Бүгінде өңірде Ассамблея жанынан құрылған 191 Ақсақалдар кеңесі бар. Бұл кеңестерге мүше азаматтар саны 1210-ді құрайды. Кеңестердің төрағалары, мүшелері қоғамда беделі бар, сөзі өтімді тұлғалардан сайлануда. Қазыналы қариялар татулық пен тұрақтылықтың сақталуына жергілікті билік өкілдерімен күш біріктіріп, қызмет етуде. Бұл ретте, өткен жылы 60 іс-шара ұйымдастырылды. Биыл жыл басынан бері Кеңестер тарапынан аймақтардағы қоғамдық келісімді нығайту мақсатында 10 кездесу мен отырыс өткізілді.
`Ассамблея жанынан құрылған Журналистер мен блогерлер клубының мүшелері тоқсан сайын бас қосып, ел бірлігі мен қоғам тұрақтылығын нығайту жолында жұмыс істеуде. Клубтың қолдауымен жыл сайын ел татулығын дәріптеуге арналған «Шаңырақ» байқауы ұйымдастырылады. Байқау барысында жарияланған үздік мақалалар топтастырылып, арнайы «Шаңырақ» кітабы шығарылған. Дәстүрлі байқауда өңірімізге танымал көптеген журналистер мен блогерлер бақ сынауда. Байқау 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында қорытындыланып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаржылай сыйлықтармен марапатталады.