«ОМБУДСМЕН КЕҢСЕСІНІҢ ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ ӘЛЕУЕТІН НЫҒАЙТУ» ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
- Түркістан облысы, Түркістан қаласы

Құқық қорғау институтын нығайтуға байланысты Еліміздің адам құқықтары жөніндегі уәкілі мен Еуропа Кеңесі жаңа жобаны қолға алды.
Астанада өткен кездесу барысында «Омбудсмен кеңсесінің институционалдық әлеуетін нығайту» жобасын іске қосылды.
Жиынға ҚР Парламентінің депутаттары, Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Сыртқы істер министрлігінің, басқа да мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ азаматтық және ғылыми қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Басқосудың құттықтау сөзінде Артур Ластаев бұл жобаның адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Ол Еуропа Кеңесі мен өзге де серіктестердің құқық қорғау тетіктерін дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, алға қойылған бастамалардың табысты іске асатынына сенім білдірді.
Уәкіл Қазақстанда адам құқықтарын қорғау институты жиырма жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқанын және оның консультативтік құрылымнан қолданбалы өкілеттіктері бар конституциялық органға дейінгі елеулі трансформациядан өткенін еске салды.
– Уәкіл туралы» жеке Конституциялық заң өкілеттікті едәуір кеңейтіп, оның тәуелсіздігі мен қол сұғылмаушылығына кепілдіктерді бекітті. Бұл Омбудсмен институтының қоғам мен мемлекет арасындағы тәуелсіз делдал ретіндегі маңыздылығын айқындайды. Бүгін іске қосып отырған жоба құқық қорғау институтының әлеуетін одан әрі арттыруға бағытталған. Ол біздің жұмысымызды озық халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып қайта құруға мүмкіндік береді, қабылданатын шешімдердің сапасын жақсартуға ықпал етіп, сайып келгенде, азаматтардың мүдделерін тиімді қорғауға жол ашады», – деді ол өз сөзінде.
Сонымен қатар, А. Ластаев Адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарын іске асырудың маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, азаптаудың алдын алу, кемсітушілікке қарсы іс-қимыл, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес, адам саудасы және осал топтардың құқықтарын қорғау сияқты сезімтал салаларға ерекше көңіл бөлінуде.
2022 жылғы конституциялық реформалар мемлекеттік құрылымның іргесін нығайтып қана қоймай, елді одан әрі демократияландыру мен құқықтық прогресті қамтамасыз етуге берік негіз қалады. Бұл өзгерістер шеңберінде құқық қорғау институтын дамытуға айрықша мән берілді. Реформалар нәтижесінде негізгі қызмет бағыттары бойынша айтарлықтай өзгерістер орын алды: азаматтардың өтініштері мен жеке қабылдаулар саны артты, жабық мекемелерге мониторинг ауқымы кеңейді, заң шығару процесіне сараптамалық қатысу деңгейі ұлғайды.
Жалпы, Еуропа Кеңесі мен Омбудсмен институты адам құқықтарын ілгерілету саласындағы ынтымақтастықты нығайтып келеді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кеңсесі Еуропа Кеңесімен бірлесіп, Қазақстан Республикасындағы құқық қорғау институтының әлеуетін нығайтуға бағытталған жоба аясында бірқатар іс-шараларды өткізуде.
Жуырда ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында бірлескен дәріс өтіп, оған тыңдаушылармен қатар еліміздің барлық өңірінен онлайн форматта қосылған мыңнан астам мемлекеттік қызметші мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Жиында баяндама жасаған Артур Ластаев Уәкіл институтының негізгі міндеттері, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері және қол жеткізілген нәтижелер туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ, ол елдегі адам құқықтарын қорғауды іске асыру сапасын қамтамасыз ету ісіндегі мемлекеттік қызметшілердің рөліне ерекше назар аударды.
«Бүгін осында мемлекеттік қызметшілер, болашақ және қазіргі басшылар жиналып отыр. Әрқайсыңыздың қызметіңіз тікелей немесе жанама түрде адам құқықтарына қатысты. Қазақстан адам құқықтары жөніндегі барлық негізгі құжаттарды ратификациялаған. Сондықтан әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті шеңберінде мемлекет қабылдаған міндеттемелерді орындау үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет», – деді спикер.
Сондай-ақ, ол Уәкіл кеңсесі қоғам мен билік арасындағы сенім институты әрі диалог құралы болуға ұмтылатынын атап өтті.
«Мемлекет басшысы еліміздің даму бағытын нақты айқындады – бұл Әділетті Қазақстан құру. Ал әділеттілік – әрбір адамның құқығын тиімді қорғаусыз мүмкін емес. Біздің институт осы жолда сіздердің одақтастарыңыз. Біз ынтымақтастыққа, бірлескен жобаларға және сындарлы диалогқа әрдайым ашықпыз», – деп түйіндеді Ластаев.
Еуропа Кеңесі Бас директораттың Адам құқықтары мен әділет саласындағы стандарттарды іске асыру департаментінің басшысы Лили Гретарсдоттир өз сөзінде Еуропа Кеңесінің Омбудсмен институттарымен ЕО-ға мүше елдердегі көпжылдық ынтымақтастық тәжірибесі мен негізгі қағидаттары туралы айтты.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Азамат Жолманов осындай іс-шаралардың Омбудсмен институтымен ынтымақтастық аясында өткізіліп жатқанын мәлімдеді.