«ОРДАБАСЫ» ФУТБОЛ КЛУБЫ ЖЕКЕ БАСҚАРУҒА ӨТЕТІН БОЛДЫ
- Шымкент қаласы, Абай ауданы
Шымкенттік «Ордабасы» футбол клубы жеке басқаруға өтетін болды. Бұл жайында Шымкент қалалық әкімдігінің фейсбуктегі ресми парақшасы ақпарат бөлісіп отыр. Ресми хабарламада күні бүгін қала әкімдігінде «Ордабасы» кәсіби футбол клубын жекешелендіру туралы меморандумға қол қойылғаны айтылған.
Меморандум жүзіндегі келісімге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Integra Construction KZ» ЖШС басшылығы қол қойып отыр. Құжат жеке инвестициялар жұмылдыруды, тұрақты нарықтық басқару моделіне көшуді және заманауи корпоративтік басқару стандарттарын енгізуді көздейді. Негізгі бағыттардың қатарында материалдық-техникалық базаны жаңарту, жаттығу инфрақұрылымын дамыту, басқару үдерістерін цифрландыру және клубтың коммерциялық тиімділігін арттыру бар.
Қала әкімі Ғ.Сыздықбеков кәсіби спортқа жеке инвестиция тарту футбол инфрақұрылымын дамытуға, жас ойыншыларды даярлауға және қаланың елдегі футбол орталықтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
– Бұл маңызды қадам Шымкенттің елдегі жетекші футбол орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайтады. Ол клубты ұлттық және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті етуге, мүмкіндіктерін кеңейтуге және кәсіби спорттың тұрақты дамуына қосымша ресурстар жұмылдыруға мүмкіндік береді, – дейді Ғ.Сыздықбеков.
Ал, сөз кезегін алған «Integra Construction KZ» ЖШС басшысы Ш.Муталип өз компаниясы клубты дамытуды ұзақ мерзімді әрі әлеуметтік маңызы бар жоба ретінде қарастыратынын атап өтті.
– Әлбетте, «Ордабасы» футбол клубы – тарихы бай әрі жанкүйерлері мықты қолдайтын спорттық ұжым. Біздің алдымызда инфрақұрылымға, жас ойыншыларды даярлауға және бәсекеге қабілетті команда қалыптастыруға баса мән бере отырып, клубтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету міндеті тұр, – деді ол.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру және коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасын бергені есіңізде болар. Шымкенттік футбол командасын жеке басқаруға беру туралы қала әкімдігінің шешімі мен бүгінгі қол қойылған меморандум ел президентінің сол тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр деп түсіндірме берілген ресми хабарламада.