Шымкент қаласында орналасқан Ж. Шанин атындағы Қалалық академиялық қазақ драма театрының ашылғанына биыл 95 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент қаласының әкімдігінің ұйымдастыруымен Орталық Азия елдері театрларының IX халықаралық фестивалі Шымкент қаласында салтанатты түрде ашылды.
Бұл өнер мерекесі Орталық Азия және түркітілдес елдерден келген кәсіби театр ұжымдары мен өнер майталмандарының басын қосқан үлкен мәдени шарамен басталды. Фестивальдің ашылу салтанаты аясында Қазақстанның белгілі мәдениет майталмандары – Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Гүлжамал Қазақбаева, Әлия Бөпежанова, Сұлтан Сраилов, Еркін Жуасбек театрдың негізін қалаушы Ж. Шаниннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қазақ театрының ұлы тұлғасына құрмет көрсетуден бастады.
Халықаралық фестивальге қатысушы көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзірбайжан елдері және Қазақстанның театрлары ұжымдары мен қадірлі қонақтары қызыл кілеммен жүріп өтіп, құрмет-қошеметке бөленді.
Қараша айының 6-11 күндері аралығында фестивальге қатысушы елдердің театр ұжымдары шымкенттіктер мен қала қонақтарына арнап үздік шығармаларын сахналайтын болады. Сонымен қатар, қарашаның 7-10 күндері аралығында театр мамандарының шығармашылық әлеуеті мен кәсіби деңгейін жақсарту мақсатында «Шеберлік сабақтары» өткізіледі деп жоспарланып отыр.
Салтанатты шара барысында Ж. Шанин театрының 95 жылдығына арнайы дайындалған бейнефильм көрерменге жол тартты. Сонымен қатар, фестивальдің ашылуында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков құттықтау сөз сөйлеп, барша өнер майталмандары мен құрметті қала қонақтарын және Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры ұжымын 95 жылдық мерейтойымен құттықтады.
– Сіздерді Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз» – деп Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, 95 жылдық тарихында түрлі кезеңдерді бастан өткерген театр, бүгінде мәдениет саласының маңызды рухани ордасына айналып отыр, – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Салтанатты шарада мәдениет саласының үздіктері Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат минстрлігінің және Шымкент қаласының әкімінің арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды.