ОТБАСЫНДАҒЫ ҚАТЫГЕЗДІК
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Соңғы 5 жылда елімізде отбасыда жасалатын зорлық-зомбылық әрекеттеріне байланысты құқықбұзушылық тұрақты түрде өсіп келеді. Көпшілік қатегездіктің ең шырқау шегі бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі болғанын айтады. Бұл жәйт мемлекетімізде көптен сөз болып келе жатқан зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктерін реттейтін заң қабылдануына негіз болды. Осыған байланысты Ұлттық құрылтай мүшесі, қоғам белсендісі, заңгер Айгүл Орынбекпен сұхбаттасқан болатынбыз.
Сұхбаттың жалғасы:
- Сот процесін жіті қадағалап жүргендер Қуандық Бишімбаев
сотта жалған сөйлейді. Айтып жатқандарының көпшілігі ойдан құралған дегенді айтады. Бұған не айтасыз?
- Осы ойға мен де келісемін. 2022 жылы неке түнінде қайтыс болған
қызды да алғашқыда ваннада құлап өлді дегенді айтты. Күдікті ұсталмады. Анасы бір емес, екі рет полиция департаменті басшысының алдына кіріп көмек сұраған. Сараптама қорытындыларының өзі марқұмның денесінде зорлық-зомбылық іздері бар екенін растаған. Соған қарамастан құқық қорғау органдары күдіктіні ұстауға асықпады. Анасы шырылдап маған көмек сұрап келді. Президенттің атына Үндеу жасадық. Соның нәтижесінде 2 ай халықаралық іздеуде жүрген адам бір күнде ұсталды. Ол кезде де қызды спиртті ішімдік ішкен, қан құрамынан алкоголь табылды деді. Тек марқұм болған бойжеткеннің құрбысы жауап алу хаттамасында түнде зорланғанын айтқан. Бір қызығы бәрібір, күдікті азамат зорлау фактісі бойынша жаза арқалаған жоқ. Тек тоғыз жылға ғана бас бостандығынан айырылды.
- Демек, құқық қорғау ісінде де кемшіліктер болғаны ғой.
– Мұны неге айтып отырмын, осындай жағдайларға тап келмес үшін елімізде криминалистика, тергеу әрекеттерін, эксперттердің ісін жандандыру керек. Бізде қылмыстардың біразы неге ашылмайды? Дер кезінде қылмыс болған жерді суретке, бейнетаспаға түсірмейді. Айғақты заттарға мән берілмейді. Дұрыс сараптама жасалмайды. Осындай мәселелер шынай қылмыскерді жазалауға мүмкіндік бермейді. Бізде ақшасы көп дәулетті адамдар, мансабы жоғары қызметкерлер тайраңдап жүреді. Ақшасы жоқтар әділдік іздеп барлық есіктерді қағып шыққанымен іздеген әділдігін таба алмайды. Құқық қорғау органдары қылмыс жасаған адамды ақтап алу үшін неше түрлі ойдан құрастырылған сценарилерді жазады. «Өзі құлап қалды», «өзі ішіп алған», «өзі асылып өлді» дейтін. Оны зерделеп жатқан ешкім жоқ. Қылмыстың осылай ашылмай қала беруінің нәтижесінде елімізде жауыздар көбейді.
Жалғасы бар: