ОТБАСЫНДА ӘЙЕЛІНЕ ЗОРЛЫҚ КӨРСЕТКЕН АЗАМАТҚА ҚАТЫСТЫ ІС ҚАЙТА ҚОЗҒАЛАТЫН БОЛДЫ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі омбудсменнің Түркістан облысы бойынша өкілінің  араласуымен әйелге заңсыз бас бостандығынан айыру бойынша қылмыстық істі қайта  қаралатын болды. Бұл мәселеге мынадай жәйт негіз болды. Өңірде тұратын әлдебір азаматша Түркістан облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкіліне хабарласып, отбасындағы жанжалдан кейін күйеуі мен оның екі досы аяқ-қолын байлап-матап, Шымкент қаласындағы психикалық денсаулық орталығына апарып жатқызып тастағанын айтқан. Арызданушының сөзіне қарағанда, күйеуі осы орталықтың қызметкерлерімен алдын ала келісіп, оны ақыл-есі кем психикалық науқас деп орналастырған. Отбасында зорлық-зомбылыққа тап келген әйел  амалсыз психикалық денсаулық орталығында 3 күн бойы жатқан.  Ол күеуінен зәбір көріп қана қоймай осы емханада жатқан кезде орталық қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне де куә болады. Келіншек бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі өкілге де айтып берді.

Жалпы осы іс бойынша жәбірленуші әйел  Түркістан қалалық полиция басқармасына да арыз жазған болып шықты. Тәртіп сақшылары олар алдымен қылмыстық іс қозғағанымен, соңынан 2024 жылдың тамыз айында істі қысқартып жібереді.

Омбудсмен өкілі өтініш берушіге оның құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін қолдануға болатын тәсілдер мен құралдарды түсіндірді. Қазіргі таңда Түркістан қаласының прокуратурасы қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының күшін жойып, қылмыстық іс қайта қозғалды.

Жәбірленуші қиын жағдайға тап келген мәселені шешуге көмектескені үшін Адам құқықтары жөніндегі өкілге  бейнежазба арқылы алғыс білдірді.  Өкіл арызданушының кері байланысқа шығып, өз жұмысы туралы жылы пікір қалдырғаны үшін  рақмет айтты.  «Біз Сіздердің сенімдеріңізді бағалаймыз және ппоблеманы жедел шешуге, жұмыс процестерін жақсартуға ұмтылу арқылы ақтауға тырысамыз», делінген өкілдің хабарламасында.