ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҚТАРЫ 4 МЫҢНАН АСТАМ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТКЕН

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан облысында «Отбасын қолдау орталықтарының» жұмысы жанданып келеді. Бүгінгі таңда өңірдегі барлық аудан-қалаларда 17 «Отбасын қолдау орталығы» жұмыс істейді.  Олардың 10-ы биылғы жылы жасақталып, жұмысын бастады.  Жыл басынан бері орталықтардың көмегіне облыс бойынша 1 мыңнан астам адам жүгінген. Оларға психологиялық, құқықтық, заңгерлік кеңестер беріліп, жұмысқа орналасуға және біліктілігін арттыруға жәрдем көрсетілген.

«Отбасын қолдау орталықтары» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ашылып отыр.  Мұнда өмірлік қиын жағдайға ұшыраған адамдар мен отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Орталықтардың жұмысы бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен жиында сараланып, келешекте атқарылатын әс-әрекеттер жайы пысықталды. Жиында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміскүл Мирова Түркістан облысындағы Отбасын қолдау орталықтарының қызметі туралы есеп берді. Оның мәлімдеуінше, жыл басынан орталықтарға 4782 өтініш түсіп, мемлекеттік органдардан 426 сигнал тіркелген. Өтініштер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, психолог, заңгер және әлеуметтік қызметкер тарапынан 4033 түрлі қызмет көрсетілген.

Биыл орталықтардың жұмысын цифрлық платформаға ауыстыру бойынша FSM Social мобильді қосымша іске қосылды. Мобильді қосымша өмірлік қиын жағдайдағы адамдарға, отбасыларға қолдау көрсету процестерін автоматтандыруға бағытталған. Жүйе арқылы сигнал беру және цифрлық құралдарды қолдану көмекке мұқтаж адамды ерте анықтауға, оған жан-жақты қолдау шараларын жедел түрде көрсетуге және бекітілген жеке жоспарлық іс-шаралардың орындалуын қадағалауға толық мүмкіндік берді.

Барлық аудан, қалаларда мобильдік топтар жұмыс істейді. Жұмысшы топтардың құрамында әлеуметтік қамсыздандыру саласының мамандарынан бөлек, ішкі істер, білім, денсаулық сақтау, қорғаншылық қызметінен 5 мыңға жуық маман бар.

Жиында Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға жұмысты жандандыру бойынша тапсырмалар міндеттеді.

– Аудан, қалалардағы отбасы қолдау орталықтарын жеке ғимаратпен қамтамасыз етіп, олардың материалдық-техникалық базаларын жасақтаңыздар. Тұрмыстық ауыр жағдайға түскен отбасыларға жан-жақты сүйемелдеу көмегін көрсетіп, қоғамға толыққанды мүшесі ретінде қайта оралуын қамтамасыз ету жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырамын. Мобильді топтардың жұмысын жандандырыңыздар, – деген аймақ басшысы тапсырмаларды тиісті деңгейде орындамаған аудан, қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларының тәртіптік жауапкершіліктері қаралатынын ескертті.

 

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Күміс Мированың айтуынша бүгінде «Отбасын қолдау орталықтарында» 160-қа жуық маман қызмет көрсетеді. Ғимараттардың материалдық-техникалық базасын жасақтау, кәсіптік мамандармен және қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз ету жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылған. 2025 жылдың наурыз айынан бастап орталықтардағы мамандар үшін «FSM Social» мобильді қосымшасы іске қосылды. Мобильді қосымша өмірлік қиын жағдайдағы адамдарға қолдау көрсету үдерісін автоматтандыруға бағытталған. Жүйе – жеке көмек жоспарларын құру және мемлекеттік органдардың әрекеттерін үйлестіру үшін цифрлық құралдарды пайдаланады. Сонымен қатар, орталықтағы қызметкерлердің құзыреттілігін арттыру үшін өткен жылдан бері бернеше рет семинар-тренингтер өткізілген. Биылғы жылы да Түркістан қаласында 26 наурыз бен 2 сәуір аралығында барлық орталық қызметкерлеріне оқыту сабақтары жүргізілген. Сондай-ақ, сәуір айының екінші жартысында өмірлік қиын жағдайдағы адамдарды қамту жөніндегі мобильді топ мүшелері әрбір аудан-қалада көшпелі семинар-тренингтер өткізеді. Орталыққа жүгінген тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері болған азаматтарға уақытша баспана да берілген.»

Айта кетейік, 2022 жылдан бері әрбір қала мен ауданда отбасылық жанжалдарды шешу және балалары бар әйелдерге уақытша тұру үшін отбасын қолдау орталықтарын құру басталған болатын. Орталықтар мемлекеттік отбасылық саясат шараларын, оның ішінде неке мен отбасын сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын іске асырып келеді. Одан бөлек, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қолдаумен қамту жөніндегі жұмысты үйлестіреді. Орталықтарда аз қамтылған, көп балалы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған аналарға денсаулық сақтау мәселелері, жұмыспен қамту, мүгедектерге көрсетілетін әлеуметтік төлемдер, тұрғын үйге кезекке тұру, сертификаттар алу, құқықтық және медиаторлық кеңес, материалдық көмек, психологиялық қолдау, түрлі психологиялық және мотивациялық тренингтер, өзге де оқу курстары, шағын кәсіп ашу, грант алу, өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштарын қолдану және басқа да шаралар ұйымдастырылады.