ПАРАНЫ АЛҒАН ДА, БЕРГЕН ДЕ ҚЫЛМЫСКЕР

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Еліміздің өркениет көш-керуенінің алдына шығып, әлем назары түсер жұрт болғанын бәрімізде жан-ділімізбен қалаймыз. Солай болуға не кедергі десек алдымен ауызға жемқорлық деген сөз түседі, бүгінде. Өйткені пара-қоғамның дамуына барынша кедергі келтіретін ең үлкен жамандықтың бірі екендігі бүгінде әлемдік тәжірибеден белгілі болып отыр.

Парақорлық – кешегіміздің  кемелденуіне кедергі болып, бүгініміздің бүлінуіне жол ашып, ертеңіміздің еңселі болуына тосқауыл болатын апат. Адалдықтың арынын басып, жақсылықтың жолын жауып, ізгіліктің ірге көтеруіне  кері әсер ететін де осы парақорлық. Тарих көшіне көз салсақ, параға болмысымен қарсы текті бабаларымыздан талай-талай үлгілі өрнек қалған. «Парақор биге, ісің түспесін, сараң үйге кісің түспесін», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Атасыздан би қойсаң, босанбас аузы парадан» деген нақыл сөздер- осыған дәлел.

Сондай-ақ  Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Ресбуликасы халқына Жолдауында «сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресті жалғастыру қажет»-деп,  жемқорлықпен күресудің жаңа бағытын көрсетті. Осылайша ел болып, өркендеу үшін  қоғам дерті-сыбайлас жемқорлықты ауыздықтау қажеттілігін басты назарда ұстауды қатаң тапсырды.

Не істеу керек?

Өз ойыммен бөлісе кетейін. Бірінші кезекте әрбір азамат өзінен бастаса, балаларына бұл індеттен аулақ болу қажеттігін түсіндіріп, тәрбиелесе сонда ғана түп-тамырымен жоюға мүмкіндігіміз болады.  Ұдайы түсіндіру, үлгі көрсету арқылы біз үлкен нәтижеге жете аламыз.

Сондықтан да өрт сөндіруші және құтқарушылардың арасында да жоспарлы түрде мамандарды қатыстыру арқылы да түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады. Бұл жұмыс жемқорлық тәуекелі жойылғанша тоқтамау керек.

Көп жағдайда жең ұшынан жалғасу жұмысқа тұрарда, оқуға түсу кезінде орын алып жатады. Біздің жұмысқа келсек, арнайы білімің және физикалық дайындығың болмаса ақшамен жұмысқа тұрамын деу бекершілік. Өрт сөндірушілерді дайындайтын елімізде бір ғана оқу орны бар. Ол Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы. Егер ұлыңыз осы оқу орнын таңдаса, оқуға түсу кезінде  тек заңды бекітілген мамандарға жүгінгені жөн болады.

Мекемеде 33-81-03 нөмірлі   сенім телефоны бар, арыз-шағым жәшігі орналастырылған, басшы құрамның қабылдау күндері анық.  Қандай да бір сұрақ туындаса, хабарласыңыз.

Мұның барлығы қоғам кеселі-сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жасалып жатқан шаралар. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу бәріміздің міндетіміз. Пара берген де, пара алған да қылмыскер. Осыны ұмытпайық.

 

 

Д. Райханов, 

Өрт сөндіру және авариялық-құтқару  жұмыстары қызметінің  бастығы азаматтық қорғау полковнигі