ПАТШАЛЫ РЕСЕЙ КЕЗЕҢІНДЕГІ ШЫМКЕНТ ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Қазіргі Шымкент қаласының аумағы 1170 шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Осыншама аумақта қаншама тарих және мәдениет ескерткіштерінің нысандары орналасқанын бүгінгі таңда нақты ешкім дөп басып айта алмайды. Өйткені, республикалық маңызы бар қала атанып, еншісін бөліп алғалы шаһар ішінде ешқашан тарихи-мәдени ескерткіштерді түгендеп, қазіргі жағдайына толық мониторинг жасала қоймады. Дегенмен, қала аумағындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу тарихы сонау ХІХ ғасырдағы кезеңнен бастау алып, ғылыми айналымға ендіріліп келеді. Осы бір Шымкент қаласы аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің зерттелу тарихына аз-кем шолу жасап, ғалымдардың еңбектерін парақтап шығып едік.

Шымкенттің қазіргі аумағында орналасқан ескерткіштердің зерттелу тарихы толығымен Қазақстандағы тарих және археология ғылымының дамуымен тікелей байланысты (1).

Қазақстандағы археология ғылымының қалыптасуында екі кезеңді: революцияға дейінгі және кеңестік кезеңді бөліп қарауға болады. Өз кезегінде революцияға дейінгі кезеңді тағы да екі сатыға: 1867-1895 жылдар және 1895-1917 жылдарға бөлуге болады. Бұл кезең Түркістан генерал-губернаторлығы құрылған 1867 жылдан басталып, 1895 жылы Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің пайда болуы, одан ары 1917 жылғы революцияға дейінгі уақыт аралығын қамтиды. Шымкент-Сайрам тарихи-мәдени ауданына қатысты өңірдің ескерткіштерін алғашқы ғылыми зерттеу жұмыстары В.В. Бартольд пен Н.П. Остроумовтың әрекеттерімен байланыстырып, 1893 жылдан басталды дей аламыз.

1893 жылдың мамырында Түркістан өлкесіне Санкт-Петербург университеті мен Ғылым академиясының тапсырмасымен болашақ белгілі шығыстанушы академик В. В. Бартольд іссапарға жіберілді. Оған негізінен Шу және Іле аңғарларындағы ескерткіштерді зерттеу тапсырмасы жүктелді. В. В. Бартольдтің қолында: «…елдің өткені туралы жазбаша деректермен қоса, барған жеріңізде бұрынғы мекен етушілердің қалдырған ізі жайында ақпарат жинап, мүмкіндігінше қалалардың, бекіністердің, т.б. қирандылары туралы қысқаша сипаттама беріңіз» деген нақты тапсырма болды (2).

В.В. Бартольд Ташкенттен бастап, көне керуен жолымен Сайрамға, одан ары Әулиеатаға дейін зерттеді. Ол өзінің жолында жолыққан археология ескерткіштеріне сипаттама беріп, ортағасырлық жазба дерек көздерінен алынған мәліметтермен салыстыра отырып жазды. В.В. Бартольдтың осы сапардан соң бақылау барысында түйгендері мен жасаған қорытындылары кейін «Моңғол шапқыншылығы дәуіріндегі Түркістан» деп аталған іргелі еңбегінде жалғасын тауып, докторлық диссертациясына айналды. Атап өту керек, тура осы еңбек Испиджаб қаласы мен оның айналасы туралы, онда өмір сүрген халықтардың тарихи тағдыры туралы алғашқы егжей-тегжейлі қамтыған мәлімет болды(3).

В.М. Массонның пікірінше, В.В. Бартольдтың «Есебі» көптеген жылдар бойы осы аймақтың ортағасырлық тарихи топографиясы саласындағы кезекті барлық зерттеулердің деректану базасы болып қала берді, және солай қала бермек» (4).

1893 жылдың маусымында Түркістан өлкесінің бастығы барон А.А. Вревскийдің тапсырмасымен Ташкенттен Шымкент уезіне Н.П. Остроумов келеді. Оның басты міндеті Арыс өзені жағасында орналасқан Мамаевка селосына бару болды. Н.П. Остроумовтың осы іссапары мен зерттеу жүргізуіне мемлекеттік қазынадан арнайы қаржы бөлінді. Сапарға себеп болған нәрсе, соның алдында ғана межелеуші К.Д. Боранин село маңындағы Қарауылтөбенің басынан күміс және мыс монеталар көмбесін тауып алуы еді. Сол маңдағы Жуантөбе қалашығында және Бөріжар қорымында шағын археологиялық қазба жұмыстарын жүргізгеннен кейін Н.П. Остроумов Шымкентке оралды. Бұл жақта уезд бастығы Н.Е. Благовидовтың көмегімен Алуакент қалашығында қысқа мерзімді археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.

Бұл археология ескерткішін ол 1888 жылы Шымкенттен өткен сапары кезінде көрген болатын. Н.П. Остроумовтың сипаттауына қарағанда, Алуакент Шымкент қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай төрт верста қашықта, Бадам өзенінің оң жағалауында орналасқан. Оның батыс тұсын өзен суы шайып кеткен екен. Ескерткіштің солтүстік-батыс жағынан қоршай жатқан қорғаныс дуалының орны бар. Н.П. Остроумов шағын қазба жұмыстарын жүргізе отырып, боялмаған, ақшыл және көгілдір түске басымдау боялып, жылтыратылған түрлі керамикалық бұйымдардың бөлшектерін тапты. Осының негізінде бұл ескерткіштің жоғарғы қабаттары кейінгі ортағасырлық кезеңге жатады деп айтуға болады (5).

Революцияға дейінгі кезеңнің екінші сатысы Ташкент қ. Түркістан археология әйесқойлары үйірмесінің ашылуымен байланысты 1895 жылдан басталады. Бұл кезең бірінші кезекте сол үйірменің жұмыстарымен байланысып, 1917 жылға дейін жалғасты.

Үйірме жергілікті интеллигенция өкілдері, шенеуніктер, әскерилерден бастап, өлкенің өткеніне, тарихына, археология және сәулет ескерткіштеріне қызығатын барлық азаматтардың басын қосты. Үйірменің белсенді мүшелері қатарында Н.П. Пантусов, Н.П. Остроумов,  В.А. Каллаур, Н.С. Лыкошин, Ә.А. Диваев, И.В. Аничков, П.П. Иванов, В.Д. Городецкий және басқа да кісілер болды.

Үйірме құрылғаннан кейін, 1896 жылдың мамырында А.К. Гейнстің күнделігінде жазылған ескерткіштерді көру үшін Сайрамға И.В. Аничков келеді. Оның назарын А.К. Гейнстің күнделігінде баяндалған тас баған аударған еді. Осы себепті И.В. Аничков былай деп жазды: «Бұл бағанды (мешіт террасасының төбесін ұстап тұрған тіреу) жергілікті молдалар қандай да бір ежелгі құрылыстың бағанасы болса керек дейді. Олардың сөзінше, жазулары мұсылмандардікі емес. Бағанға көз жүгірте қарағанымда мен оның Каллаурға жеткізілгенге ұқсайтынына көз жеткіздім» (6).

Үйірменің бір мүшесі В.А. Каллаур археологиялық және эпиграфиялық материалдарды жинақтады. В.А. Каллаур қызметтік мүмкіндігі мен өлкеге жиі сапарлайтынын пайдаланып, ірі археологиялық ашулар тізбегін жасады. Ол алғашқылардың бірі болып Әулиеатадан шығып, Испиджабқа баратын керуен жолының бағытын сипаттады. Оның археология ескерткіштерін анықтауы мен олардың сипаттамасы туралы жазбасы қазіргі уақытта да маңыздылығын жойған жоқ (7).

Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің басқа мүшелерінің де нәтижелі ізденістері маңызды. Соның бірі Н.С. Лыкошин өзінің публицистикалық жазбаларымен, мақалаларымен, Шығыс қолжазбаларынан тәржіме аудармаларымен танымал болды. Ол Шымкент қаласы мен оның айналасындағы ескерткіштер туралы материалдар жариялаған (8).

П. Комаров 1905 жылы Боралдай өзеніне құятын Теректі өзенінің сағасынан жоғарырақ табылған жартас бетіндегі суреттер туралы мәліметтерді жариялады. Оның сызып алған сызбалары үйірменің «хаттамаларында» жарияланды (9).

1906 жылы орманшы Максимов Майлыкент болысының Корнилов елді мекенінен сегіз верста қашықтағы Теректі шатқалынан ежелгі тас қазбаларын-үңгірді байқайды. Бұл аймақты Н.В. Ковалев зерттеп, онда шлак қалдықтарының едәуір мөлшерін, қою жасыл түсті глазурьмен қапталған керамикалық шамдарды тапты (10).

1915 жылы В.Д. Городецкий Шымкент уезінің археология ескерткіштерін сипаттай жазды. Ол сыртқы пішініне қарай қалашық, елді мекен, обалар және т.б. деп бөлді. Ғалым Қабылсай мекеніндегі жазуларды анықтап, Бадам, Арыс, Сайрамсу өзендері мен Қаратау аңғарларында орналасқан елді мекендер мен қалашықтарды тіркеді.

Кейбір жағдайларда В.Д. Городецкий археологиялық нысандарды сипаттау кезінде оларды қандай да бір түрге бөлмей, оларды «қорған»деген жалпы атаумен жаза берген. Ол Қараспантөбе, Жуантөбе, Мамаевское, Төрткүлтөбе, Балықшы сияқты үлкен ескерткіштерді ғана қалашық деп, ал кейбір жағдайларда Жағатай қорғаны секілділерін бекініс деп атады. В.Д. Городецкийдің бұл жұмысы революциядан кейін, 1922 ж. Жарияланды (11).

Революцияға дейінгі уақыттағы Сырдария қалаларының тарихымен Түркістан өлкесінің публицисі А. Добросмыслов айналысты. Сауалнама мәліметтері мен этнографиялық деректерді пайдалана отырып, ол Шымкент қаласы XII ғасырда болған деп мәлімдеді. Оның мұндай тұжырымға келуінің негізгі дәлелі ретінде қаланың байырғы тұрғындарының қала аумағында Қожа Ахмет Ясауидің замандасы Дәруіш бабаның сүйегі жатыр деген сөзі себеп болған (12).

Шымкент аумағынан ежелгі заттардың кездейсоқ табылып тұруы сирек құбылыс емес еді. XIX ғасырдың 80-жылдарында қала маңынан адам бейнесі бар пластинка табылса, ал 1902 жылы нақ Шымкент қаласының аумағынан XVI ғасырға жататын шейбанидтердің 8 күміс монетасыы табылды (13).

Императорлық археологиялық комиссияның 1900 жылғы есебінен Сайрамсу жағалауындағы жар құлаған кезде жергілікті тұрғындар құмыра тапқаны туралы дерек кезіктіреміз. Құмыра ішінде күміс қазынаны құрайтын әртүрлі (білезіктер, сырғалар, тұмарға арналған қорап, құрсау және т.б.) күміс бұйымдар болған. Осының жанынан тағы да Х-ХІ ғасырларға тән түрлі монетадан тұратын көмбе табылған (14).

 

Сілтемелер:

(1) ТарихнамалықшолуғақазіргіШымкентаумағыжәнеИспиджабтарихи-мәдениөңіріне кіретінескерткіштердібұрынзерттегензерттеушілердіңжұмыстары енгізілген. Жұмыстардыңсипатына қарайаумақтық жағынан Арысөзенінің аңғары мен оның жоғарғы ағысындағы Кеңжиде мекеніне,Бадамөзенініңаңғарынадейінгі алқаптықамтиды.БұғанКелесөзенініңаңғарыменҚаржантаубөктері де кіреді.

(2) Бартольд В.В. 1893-1894 жылдар Орта Азияға ғылыми мақсатта барған сапар туралы есеп. Шығ.: 9 томды. – М.: Наука, 1966. – Т.4. – 10 б.

(3) Бартольд В.В. Моңғол шапқыншылығы дәуіріндегі Түркістан. Шығ.: 9 томды. – М.: Наука, 1963. – Т. 1. – 760 б.

(4) Массон В.М. IV томдық шығармаларына алғысөз / Бартольд В.В. Шығ.: 9 томды. –М.: Наука, 1966. – Т.4. –  10 б.

(5) Остроумов Н.П. Мамаевка елді мекеніне археологиялық сапар // Түркістан археология әуесқойлары үйірмесі мүшелерінің хаттары мен отырыстарының хаттамалары. – Ташкент, 1899. –
№ 4. – 118-137 б.

(6) Массон М.Е. Көне Сайрам // Известия Средазкомстариса. – 1928. – № 3. –23-42 б.

(7) Каллаур В.А. Әулиеатадан батысқа қарай Шымкент уезі шекарасына дейінгі көне керуен жолы бойындағы Әулиеата уезінің тарихи орындары // Түркістан археология әуесқойлары үйірмесі мүшелерінің хаттары мен отырыстарының хаттамалары. – Ташкент, 1904. – № 9. – 48-55 б.

(8) Лыкошин Н.С. Шымкент // Таңғажайып Ресей. – СПб., 1904. – № 168. – 149-151 б.

(9) Комаров П. О Боролдай жазбаларында // Түркістан археология әуесқойлары үйірмесі мүшелерінің хаттары мен отырыстарының хаттамалары. – Ташкент, 1905. – № 10. –22-25 б.

(10) Агеева Е.И. Қаратау және Сырдарияның орта ағысындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу тарихына қатысты // Қазақ КСР Ғылым академиясының Хабаршысы. Археология сериясы.  – 1949. – Шығ. 2. – 135-142 б.

(11) Городецкий В.Д. Шымкент уезінің археологиясына қатысты // Орыс географиялық қоғамының Түркістан бөлімінің Жаршысы. – Ташкент, 1922. – Т. XV. –99-108 б.

(12) Добросмыслов А.И. Сырдария облысының қалалары: Қазалы, Перовск, Түркістан, Әулиеата және Шымкент. – Ташкент, 1912. – 201 б.

(13) Қазақстанның археологиялық картасы: Реестр. – Алматы: Ғылым, 1960. – 256, 369 б.

(14) Императорлық археология комиссиясының 1900 жылға есебі.-СПб,1902.- 124-125 б.