ПОЛИЦИЯНЫҢ АТЫН ЖАМЫЛҒАН ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚ ШЫМКЕНТТІК ТҰРҒЫННАН 2,312 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ЖЫМҚЫРҒАН

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Бүгін, яғни 8 қазан сәрсенбінің сәтінде Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мырза баспасөз мәслихатын өткізді. Брифинг «Шымкент қаласындағы қоғамдық-саяси ахуал туралы» деген тақырыпта болды. Әдеттегідей, модератордың аузынан шыққан құқық қорғау саласында, оның ішінде интернет-алаяқтық мәселелері туралы сөздерге құлақ түрдік. Түртіп алған деректерді ақпарат көзінің бастапқы күйінде назарыңызға ұсынсақ дейміз.

Сәрсен Абайұлы бүй дейді:

– Дәстүр бойынша қылмыстық істердің тіркелуі туралы азырақ анықтама бере кетейік. Өткен апта көлемінде қылмыстық қудалау органдары тарапынан жалпы 152 іс тіркелген. Оның ішінде 49 ісі алаяқтық фактісі, 30 іс ұрлыққа, 15 іс есірткінің заңсыз айналымына қатысты және 7 жол-көлік оқиғаларына қатысты істер тіркелген.

Тіркелген 49 алаяқтыққа қатысты істердің негізгі бөлігін өздеріңіздер шамалап отырған боларсыздар, тіпті «дәстүрге айналды деп айтсақ та болар, интернет-алаяқтық болып отыр. Интернет-алаяқтық бойынша өткен апта ішінде 14 іс тіркелген екен. Бұл бойынша тағы да айтпасқа амал жоқ, К. есімді азаматшаға белгісіз азамат өзін «полиция қызметкерімін» деп таныстырып, «сіздің атыңыздан белгісіз азаматтар заңсыз несие рәсімдеп жатыр, мен сізге көмектесемін» деп сеніміне кіру арқылы 2 миллион 312 мың теңге қаржыны иемденіп алған. Осы тұста айта кетейік, полиция өздігінен тұрғындарға хабарға шығып, «мен полиция қызметкері едім, сіздердің аттарыңызға заңсыз несие рәсімделіп жатыр» деп ешқашан айтпайды. Бұл жерде полицияға жеке тұлға, азамат өзі арызданған жағдайда ғана құқық қорғау органдары сол арыз-шағым бойынша іс қозғайды. Басқа уақытта полиция тұрғындарды мазаламайды, сізге шығып заңсыз несие рәсімделу процесі туралы хабарласуы мүмкін емес. Тұрғындардың сақ болғанын сұраймыз, – деп қала әкімінің орынбасары сөзін түйіндеді.