ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МЕКТЕПТЕ АТА-АНАЛАРДЫ ИНТЕРНЕТТЕГІ АЛАЯҚТЫҚТАН САҚТАНУ ЖОЛДАРЫМЕН ТАНЫСТЫРДЫ
- Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
Еңбекші аудандық полиция басқармасының Криминалдық бөлімі қызметкерлері қаладағы №142 жалпы орта білім беретін мектептің ата-аналарымен кездесу өткізіп, интернеттегі алаяқтықтың кең таралған түрлері және олардан қорғану жолдары туралы мәліметтерді ортаға салды. Бұл жайында полиция басқармасының әлеуметтік желідегі ресми парақшасы ақпарат бөлісті.
– Мектеп оқушыларының ата-аналарына интернет-алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Мұндағы басты мақсат – қазіргі таңда интернет-алаяқтардың құрбанына айналып отырған мектеп жасындағы балалардың қатары артып келеді, соның алдын алу. Балалар мен жасөспірімдердің интернеттегі әрекеттерін ұдайы қадағалап отырмаса, онлайн-ойындар, әлеуметтік желілердегі жарнамалар астына жасырынған сілтемелермен алаяқтардың құрығына оңай ілініп, қаржылық қиындықтарға ұрынып жатқандар күн санап көбейіп жатыр. Бүгінгі құқық қорғаушылардың түсіндірме жұмыстары осындай келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталып отыр, – дейді полиция қызметкерлері.
Аудандық құқық қорғаушылар кездесу барысында интернет-алаяқтардың онлайн әрекет ету тәсілдері, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын қылмыс түрлері, банк карталары мен жеке деректерді қорғау әдістері жөнінде түсіндірді. Мектеп оқушыларының ата-аналарына күдікті сілтемелерге өтпеу, белгісіз тұлғаларға жеке мәлімет бермеу және балалардың интернеттегі қауіпсіздігін бақылау қажеттігі ескертілді.
Іс-шараның мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, интернет арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу. Полиция басқармасының қызметкерлері профилактикалық мақсаттағы қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыратынын мәлімдеді.