ПОЛИЦИЯ ҚҰЖАТСЫЗ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ ЖАНДАРҒА КӨМЕКТЕСУДЕ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан облысы полиция департаменті қызметкерлері құжаты және құқықтық мәртебесі жоқ азаматтарға көмектесіп жатыр. Бұл шара ел аумағында биыл шілде айында басталған болатын. Сол уақыттан бері Ішкі істер министрілігі өкілдері бір құқықтық мәртебесі жоқ, жеке басын куәландыратын құжатсыз жүрген адамдарды анықтау және оларға көмек көрсету бойынша жұмыс жүргізіп келеді.

Негізінен бұл санатқа белгілі бір тұрғылықты жері жоқ, шалғай жерлер мен шаруа қожалықтарында мәжбүрлі еңбекке жегілген азаматтар жатады. Сондай-ақ білім, құқықтық сауаттылықтың төмендігіне және денсаулығына байланысты полиция, прокуратура, сот секілді құзырлы органдарға өз бетінше жүгінуге мүмкіндігі жоқ адамдар  кіреді.

Жыл басынан бері жүргізілген тексеріс барысында ел бойынша құжаттары жоқ 404 адам анықталған. Оның 200-і Қазақстан Республикасының азаматтары, ал 14-нің  азаматтығы жоқ жандар.  Бүгінгі таңда өзгелерінің құқықтық мәртебесі тексеріліп, анықталуда.

Жыл соңына дейін жалғасатын науқанды ІІМ Көші-қон қызметі комитеті мен оның аумақтық бөліністері Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының және бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен жүргізуде.

Полиция органдары егер құжаттары жоқ адамдар туралы ақпарат естіп білген азаматтар болса, яки олардың өздері  тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне хабарласуды сұрайды. Оларға құқықтық көмек көрсету үшін әрбір аймақта жауапты қызметкер бекітілген.

Жалпы Түркістан облыс аумағында жыл басынан бері уақытша және тұрақты тұруға, сондай-ақ арнайы шақыру мен визаға өтініш берген 386 шетелдік міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өткен. Көші-қон қызметінің  мамандарының айтуынша дактилоскопиялық тіркеуден өту кезінде шетелдіктерде немесе азаматтығы жоқ адамдарда жеке басын куәландыратын құжат, ол болмаған кезде растау және дактотіркеуге жіберу туралы анықтама болуы тиіс.