ПРЕЗИДЕНТТІҢ 2024 ЖЫЛҒЫ ЖОЛДАУЫ: ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ НЕГІЗІ – «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАСЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Қазіргі қоғамда заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мемлекеттің тұрақты дамуының негізі болып саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында басқарушы органдар алдына әрбір азамат өзін қорғауда сезінетін және мемлекеттік институттарға сенетін тиімді қауіпсіздік жүйесін құру міндетін қойды. Бүгінде Қазақстанда Үкімет бұл жұмысты кешенді түрде жүргізіп отыр: қылмыстың алдын алу шаралары күшейтіліп, цифрлы технологиялар енгізіліп жатыр. Соның бірқатарына тоқталып, тілге тиек етсек дейміз.

 

Цифрландыру және бейнебақылау

Бүгінде қоғамда заң мен тәртіпті орнықтыру мақсатында Үкімет цифрлы технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Бейнебақылау желісі бүкіл ел бойынша кеңейіп келеді: 19 мыңнан астам камера бет-әлпетті тануға, қараусыз қалған заттарды түсіруге және тіпті көлік ағындарын талдауға қабілетті жасанды интеллектімен жабдықталған. Бұл жүйелерді Жедел басқару орталықтарымен біріктіру орын алған оқиғаларға нақты уақыт режимінде әркет етуге мүмкіндік береді.

Полиция қызметкерлері заманауи планшеттер мен смарт-жетондармен жабдықталып жатыр. Бұл олардың жылдам әрекет етуіне және қызмет тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Азаматтарға қолайлы болуы үшін «102» мобилді қосымшасы іске қосылды, сондай-ақ eGovMobile мен екінші деңгейлі банктердің қосымшаларында «Заң және тәртіп» қызметі пайда болды. Енді кез келген азамат құқықбұзушылық жайлы «бір батырма» арқылы хабарлап, қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы байланысты жеңілдете алады.

 

Әйелдер мен балаларды қорғау

Үкіметтің басым бағыттарының бірі – азаматтардың ең осал санаттары – әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ішкі істер министрлігінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі арнайы басқарма құрылды.

Ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру қылмыстық сипатқа ие болды. Биылғы жылдың 7 айында отбасылық зорлық-зомбылық деректері бойынша 8 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді.

Жаңа құқықтық тетіктердің арқасында соттар 56 мыңнан астам қорғау нұсқамасын шығарды, ал 19 мыңнан астам құқықбұзушы әкімшілік қамауға алынды. Мыңдаған әйел мен балаға дағдарыс орталықтарында көмек көрсетілді. Бұл мемлекет тарапынан азаматтардың құқығын қорғау бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

 

Есірткі қылмысына және экстремизмге қарсы іс-қимыл

Бүгінде есірткі қылмысы күрделі мәселе күйінде қалып отыр. 2024 жылдан бері вейптердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді, есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатаңдатылды. Биылғы 7 айда есірткіге қатысты 4,6 мыңнан астам қылмыс анықталып, 13 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды, 11 тоннадан астам есірткі мен 23 тонна химиялық зат тәркіленді.

Экстремизммен күрес те назардан тыс қалмайды. 2025 жылы экстремистік сипаттағы 44 қылмыстық құқық бұзушылық анықталып, оның ішіндегі 23 іс сотқа жіберілді.