ПРЕЗИДЕНТ Қ.ТОҚАЕВ ЕЛІМІЗДІҢ АГРОСАЛАСЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕРДІ АТАДЫ

  • Астана қаласы, Есіл ауданы
blog-single-image

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумына қатысып, агроөнеркәсіп кешенінің қазіргі жағдайы мен болашақ даму бағыты туралы өзекті ойларымен бөлісті. Форумға 2 мыңнан астам адам – шаруалар, сала мамандары, инвесторлар, қоғамдық және халықаралық ұйым өкілдері қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың айтуынша, ел экономикасы биылғы он айда 6,4% өссе, ауыл шаруашылығы да сол қарқыннан қалыспай отыр. Салаға құйылған инвестиция 790 миллиард теңгеге жетіп, 20% өсім көрсеткен. Соңғы үш жылда еңбек өнімділігі 37,3% артқан, ал Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингінде 32-ші орында орныққан.

Сонымен бірге, елдің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті әлі толық іске асырылмағанын атап өтті. Қазақстан жайылым жер көлемі бойынша әлемде 6-шы орында, ал егіс алқабы бойынша 8-ші орында тұр. Демек, басты міндет – қолда бар ресурсты тиімді пайдалану болмақ.

Президенттің айтуынша, соңғы он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен аса өсіп, 3,3 триллион теңгеден 8,3 триллион теңгеге жеткен. Ендігі мақсат – 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы одан асыра 2 есеге арттыру.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы екенін айта келе, агросаланы дамыту – жалпы елді дамытуға жол ашатынын ерекше тоқталып атап өтті. Алдағы жылдары бұл саладағы басты басымдық – нақты нәтижеге бағытталған сапалы жұмыс, тиімді реформа және ресурсты ұтымды пайдалану болмақ.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Астана қаласында өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумына қатысушылар алдында сөз сөйлеп, барша ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, нағыз еңбек адамдарының мейрамы ретінде диқандар, мал шаруашылығы мамандары, шаруалар – бәрі де еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан қажырлы еңбектері шынайы ризашылығын білдірді.