ПРЕЗИДЕНТ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРАМА ШТАТТАРМЕН СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТІКТІ ОДАН ӘРІ НЫҒАЙТУҒА НИЕТТІ ЕКЕНІН РАСТАДЫ
- Астана қаласы, Есіл ауданы
Қазақстанның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-та өтіп жатқан «Орталық Азия – АҚШ» С5+1 форматындағы саммитте сөйлеген сөзінде Қазақстан-АҚШ арасындағы қарым-қатынас туралы ой қозғап, экономикалық байланыстарына тоқталды. Бұл жайында Ақорданың баспасөз қызметі akorda.kz сайтында хабарлаған.
– Қазақстан мен АҚШ арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты дамытуды ұдайы қолдап келесіз. Мен мұны жоғары бағалаймын. Ақ үйде Президент лауазымын атқарған алғашқы кезеңде біздің қарым-қатынасымыз кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейінде заңнамалық тұрғыдан бекіді. АҚШ – Қазақстанға 100 миллиард доллардан аса қаржы салған ең ірі инвесторымыз, экономикамыздың қозғаушы күші саналады. Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард доллар межесіне жуықтады. Америкадағы уранға сұраныстың шамамен 25 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания бизнес жүргізеді, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапары аясында екі ел компаниялары жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасасқанын айтты.
Жалпы, Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы энергетика, аса маңызды минералдар, өнеркәсіп, көлік, қаржы, жасанды интеллект, білім секілді негізгі салаларды қамтитын экономикалық әлеуеті жарты триллион АҚШ долларынан асады.
Президент америкалық компанияларды елімізде инвесторлар үшін жасалған оңтайлы жағдайды пайдалануға шақырды. Тіпті, оларға өзі қолдау көрсетінін жеткізді.
Бұның алдында осы «Орталық Азия – АҚШ» С5+1 форматындағы саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ үйде тарихи кездесу ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президентіне алғыс айтып, С5+1 форматындағы саммит шын мәнінде Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқанына назар аударған болатын.