«Псевдосалафизм -адастыру жолы

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Бүгінгі қоғамды алаңдатып отырған негізгі проблемалардың бірі әсіресе жастар арасында салафизм идеологиясының белең алуы. Салафизм сөзінің араб тіліндегі түп-төркіні «салаф», яғни «бұрынғы өткен, алдыңғылар» деген сөзден шыққан.

Қазіргі Қазақстандағы «салафилік» — өткен адамдардың іс-әрекеттерін қаз қалпында, боямасыз көшіруге және өздерінің пайымдауларымен қабылдауға тырысқан, білім, ғылымнан жұтаң, саяси мақсаттар мен мүдделерге жету жолында қырғи-қабақ болған діни бағыт. Аталған теріс ағымды  дін ретінде қабылдаудың бір ұшы білімсіздікте жатыр. Осы орайда жанымызда жүрген әрбір адамның әлемдік және дәстүрлі дін деп қандай діндер айтылатыны туралы жеткілікті білгені абзал.

 Әлемдік және дәстүрлі деп қандай діндер аталады?

 

«Әлемдік діндер» ретінде әлемнің барлық құрылықтарына тарап, оның тұрғындарының нәсілдік, этникалық, тілдік, әлеуметтік немесе саяси қатыстылықтарына қарамастан бір сенім аясында біріктіретін діндерді түсіну қажет. Сонымен қатар, әлемдік діндер қатарына ежелден пайда болып адамзат өркениетінің даму тарихына ықпал еткен діндерді де жатқызуға болады. Қазіргі таңда әлемдік діндер қатарына үш діни бағыттар жатады: буддизм, христиандық және ислам. Әлемдік діндер Ұлы Дала тарихына да ықпал етті. Олар Еуразияның ұлан-ғайыр аумағына, соның ішінде Қазақстан жеріне де өз ықпалдарын сақтауда. «Дәстүрлі діндерге» келер болсақ, олардың қатарына нақты бір мемлекеттің аумағында өмір сүретін халыққа тиесілі және сол халықтың тарихына, дәстүрі, мәдениеті, тілі мен өзіндік танымының дамуына айтарлықтай үлес қосқан діндер жатқызылады «Дәстүрлі діндер» ұғымына қарсы «дәстүрлі емес» діндер, яғни: – қандайда бір аумақта салыстырмалы түрде аз уақыт ішінде таралған, – қандай да бір тарихи, мәдени және әлеуметтік маңызға ие емес діни ағымдар. Сонымен қатар, қандайда бір мемлекет аумағында «дәстүрлі емес» саналатын діндер, кейбір этникалық топтар үшін мәдениетқұраушы фактор ретінде және кейбір мемлекет халқының дамуындағы үлесі үшін дәстүрлі саналатын фактілердің кездесетінін атап өткен жөн.

Дін — адамның өте нәзік сезімі. Діннің осы ерекшелігін жат пиғылдағы саясаткерлердің алуан түрлі айла-тәсілдер арқылы өз мақсаттарына пайдалану көрінісі бар. Олар жекелеген адамдардың әлеуметтік жағдайларының төмендігін ескеріп «көмек» қолын созғансып ақшалай, заттай «сыйлықтар» беріп, өз ықпалдарына түсіруге әрекеттенеді. Мұндай айла-шаралардың түрлері өте көп. Кей-кейде бизнес немесе шет тілдерін оқыту арқылы да діни теріс пиғыл жүзеге асады. Осындай қақпандарға түсіп қалмау үшін діни экстремизм мен терроризмнің не екені туралы қоғамда жеткілікті ақпарат болуға тиіс.

Діни экстремизм және терроризм дегеніміз не?

Діни экстремизм тар мағынасында діндегі шектен шыққан көзқарастар мен әрекеттерге берілгендік. Мұндай экстремизмнің негізін демагогиямен байланысқан зорлық, агрессия және шектен шыққан қаталдық құрайды. Кең мағынасында бұл ұғым мемлекеттік құрылысты күштеп өзгерту немесе билікті басып алу, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған діни мотивацияланған немесе діни безендірілген әрекет және осы мақсатта діни алауыздық пен өшпенділікті қоздыру.

«Терроризм» терминіне келсек, латын тілінен аударғанда «қорқыныш, үрей» дегенді білдіреді, яғни экстремизм сипатының көрініс табуы. Терроризм зорлықтың аса қатыгез, үрейлі формалары мен әдістері арқылы саяси мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған қызметті білдіреді. Бұл барған сайын түрлі формаларға еніп, қарқынды үрей туғызып келе жетқан қазіргі заманның ең қауіпті әрі болжамы күрделі құбылысы.

Терроризм – қазіргі жаһанданушы заман қатерлерінің бірі, ол өзінің формалары мен көріністерінің ауқымдылығы және жиілігінен, адамзатқа қарсылығы мен қаталдығы тұрғысынан әлемдік қауымдастық алдындағы түйткілді мәселеге айналды. Діни экстремизм мен терроризмнің әлеуметке әкеліп жатқан зияны аса қауіпті, оның көрініс табуы келесідей:

– қоғам мен мемлекетке психологиялық және материалды шығыннан бастап, жеке тұлғаның өмірін қиюға дейін;

– азаматтық өшпенділік немесе алауыздықты тұтатудан бастап, өз алдарына мемлекеттің конституциялық құрылымының өзгеруін және оның аумақтық тұтастығының бұзылуын мақсат ететін бірқатар заңсыз қарулы құрылымдардың қызмет етуіне дейін. Діни экстремизмнің қылмыстық көріністерінің салдары сәйкесінше әрекеттерден кейін бірден көрінуі мүмкін немесе ұзақ мерзімдік зардаптар әкелуі де мүмкін.

Қоғамға қаупі бар теріс пиғыл мен әрекеттер оларға қарсы жүйелі жүргізілген үгіт-насихат жүмыстарынан, халықтың діни сауатының артуынан соң өңін өзгертуі  қалыпты жағдай. Қазіргі кезде псевдосалафизм деген сөз тіркесі бар.

Дәстүрлі емес «псевдосәләфилік» діни ағымы

“Псевдасәләфилік” – мұсылмандарға қара бет болған уаххабилердің жаңа бетпердесі (маскасы). Соңғы елу жылдың уаххабилері өздерін осы атпен жасыруда. Тіпті өздерін нағыз сүнни деген мағынадағы “Әһли сүннети хасса” деп атайды.

Дәстүрлі емес «псевдосәләфилік» діни ағымның ықпалына түскен жандардың тұлғасындағы ерекшеліктер:

Сөздеріндегі ерекшеліктер: Күнделікті қолданыстағы сөздерді араб терминдерімен ауыстыра бастайды. Әсіресе “Ахи”, “Ухти”, “Джазака Аллаһума хайран”, “Джахил”, “Мушрик”, “Мунафиқ”, “Бидғат”, “Харам”, “Аузубиллаһ”, “Әстағфируллаһ” деген сөздерді өте жиі еститін боласыз. Бұлардың бірқатары діни терминдер болса, ал енді бірі күнделікті қолданыстағы қарапайым сөздер (Бауыр, қарындас).

Атын өзгерту

Теріс діни ағымдағылар негізгі атынан бөлек  лақаб аттар ала бастайды.

«Абу Мухаммад”, «Абу Ибрахим”, «Саид Бурятский» т.б..

Алғашында бұл есімдер өжет,

қайсар әрі батыл болуға себеп болса

кейіннен заңсыз әрекеттерді жүзеге асыру барысында ешкім танып қоймасын (әсіресе құқық қорғау органдары)

деген мақсаттағы бір құралға айналады.

Бұл да өзін жасырудың (конспирация) бір түрі.

Музыкадан бас тарту

Рок, Поп, Джаз секілді музыкалармен қатар дәстүрлі, патриоттық әндердің өзін тыңдауды харамға шығарады.

Әйелдер ән айтатын жерлерден кетіп қалады.

Тек “Нашидтер” (ешқандай музыкалық аспапсыз айтылатын діни әуендер) тыңдайды.

Кейбіреулері одан да бас тартады.

Киім ерекшеліктері

Шалбардың балақтарын қысқарту

егер спорттық киім  болса балақтарды бүру

үнемі ақ шұлықтар кию

Кең және суреті, жазуы жоқ киімдер кию

радикалды азаматтардың киімдеріне әуестігінің артуы

қыз болса қара түсті жамылғылар немесе абая кию.

Оқитын мәшһүр әдебиеттері мен тыңдайтын мәшһүр ұстаздары: Шартты түрде оқытылатын кітаптары төмендегідей: “Үш негіз”, “Төрт қағида”, “Күмәннан тазару” “Таухид кітабы” (ав. Мухаммад ибн Абдалуаһаб ат-Тамами), “Описание молитвы пророка”, ” Ислам ақидасы бойынша 200 сұрақ” (ав. Шейх Хафиз Ахмад әл-Хакәми.) Қосымша оқылатын әдебиеттер: Егер құран аудармасын оқыса тек Саадидің тафсирі. Бухари және Муслим сахихтерін шархсыз (түсіндірмесіз) немесе өз ұстаздарының түсіндірмелерін оқиды. Мысалға Имам Науауидің “Сады праведных” атты ислам әлеміне танымал хадистер жинағы.

Сондай-ақ, тыңдайтын атақты уағызшылары: ал-Албани, шейх Усаймин, шейх Фаузан т.с.с.

Намаздағы өзгерістер: Намаз оқымаған бала намаз оқи бастайды. Бұрын оқып жүрсе намазын көбейте бастайды. Фарз намаздардан басқа нәпіл намаздарды да өте ұзақ әрі тастамай оқитын болады. Намазды Ханафи мәзһабымен емес аяқтарын талтайтып, қолдарын көкіректеріне байлап, басқаша оқиды. Әйел мен еркек намаздарының айырмашылығы болмайды. Егер жамағатпен оқылатын намаздар болса “Әмин” дұғасын дауыстап, айғайлап айтады. Кей жағдайларда жұма намаздарына мешітке бармайды. “Мешіттер адал ақшаға салынбаған, ондағы имамның ақидасы дұрыс емес, оларға ұюға болмайды” деген қарсылық пікірлерді ашық айтады.

Мінездегі өзгеріс: Отбасы мүшелерімен қарым қатынасы бұзылып, алғашқы уақытта кез-келген нәрсе үшін сөз таластырады, тез ашуланады. Уақыт өте келе тұйықтық басып, ешнәрсеге зауқы болмай, ашылып сөйлеспейді. Туған туыстармен қатынасын үзе бастайды. Туыстары арасында мемлекеттік, құқық қорғау органдарында қызмет істейтіндер болса, олармен мүлде араласпайды. Соңында барлық әрекеттерін жасырып, намаз оқи жүре жалған сөйлей бастағанын байқайсыз. Компьютер, телефондарына кодтар қойып, рқұсатсыз тисеңіз қатты ашуланып, дөрекі сөздер айтуға дейін баруы мүмкін. Бұл радикалданудың орта кезеңі болып табылады.

Жиһад: Ислам дінінің мәні, ең асыл мақсаты жиһад деген түсінік қалыптастырады. Оған ислам тек жиһадтан тұратындай көрініп,тек жиһад тақырыбы ғана қызықтырып, жүрген жерінде сол терминді іздей беретін болады. Оны “Бұл өмірдің мәні жоқ”, “Шынайы өмірге дайындалу керек” деген сөздерінен байқайсыз.

«Псевдосалафизм -адастыру жолы

Қазақстанның сотымен қандай діни бірлестіктер «террористік» және «экстремистік» деп танылды»?

  1. Қазақстан Республикасы сотының шешіміне сәйкес, бірқатар радикалды ұйымдар тобы «террористік» болып табылады:

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылдың 15 қазанындағы шешімі негізінде:

  1. «Аль-Каида»
  2. «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс»
  3. «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс»
  4. «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел»)
  5. Жоғарғы Соттың 2005 жылдың 15 наурызындағы шешіміне сәйкес:
  6. «Асбат аль-Ансар»
  7. «Братья-мусульмане»
  8. «Талибан» қозғалысы
  9. «Боз гурд»
  10. «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер»
  11. «Лашкар-е-Тайба»
  12. «Әлеуметтік реформалар Қоғамы».

III. Астана қаласы сотының 2006 жылдың 17 қарашадағы шешіміне сәйкес:

  1. «АУМ Синрикё»
  2. «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы»
  3. Астана қаласы сотының 2008 жылдың 5 наурызындағы шешіміне сәйкес:

1.«Түркістан ислам партиясы»

  1. Атырау қаласы сотының 2011 жылдың 25 қарашадағы шешіміне сәйкес:
  2. «Джунд-аль-Халифат» (Халифат сарбаздары).

Сонымен қатар, Қазақстанда «Хизб-ут-Тахрир» шетелдік ұйымы «экстремистік» деп танылып, қызметіне тыйым салынған

  1. 2005 жылдың 28 наурызындағы Астана қалалық сотының шешімімен:
  2. «Хизбут-Тахрир-аль-Ислами» ұйымы.
  3. Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2012 жылдың 7 маусымындағы шешімімен:
  4. «Сенім. Білім. Өмір» республикалық қоғамдық бірлестік.

III. Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының 2013 жылдың 26 ақпанындағы шешімімен:

  1. «Таблиғи-Жамағат».

«ДІН САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ ТАҚЫРЫПТАРҒА АРНАЛҒАН 20 СҰРАҚ ПЕН ЖАУАП» кітабынан үзінділер және Түркістан облысы Дін басқармасының «Дін мәселелрін зерттеу орталығы» дайындаған материалдар пайдаланылды.