Психоактивті заттарға тәуелділіктің заманауи аспектілері

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

денсаулық сақтау саясаты және

ұйымдастыру кафедрасы

 

Баймағанбетова К.С.

 

Қоғам мен мемлекеттің белсенді күресіне қарамастан, халық арасында маскүнемдік, темекі шегу, әртүрлі психоактивті заттарды қолдану әлі де болса ғасырдың өзекті мәселелері болып қала береді.

ХХІ ғасырдағы адам көптеген жолдармен жетістікке жетті, бірақ әлі де жастар арасындағы халықтың бір бөлігінде гедонистік мүдделер басым, жастар «осында және қазір» өмірден ләззат алғысы келеді немесе өздерінің табынушыларына (кумирларына) еліктеп, еркін және тартымды болғысы келеді, есейе келе өздерінің тұлғалық күйзелістерін жеңілдетуді осылай қарастырады.

Бұл дертке шалдығатын адамдар көбіне эмоционалды дисгармониялық, эмоционалды тұрақсыз болып келеді. Олардың интеллектісі айтарлықтай жоғары деңгейде болғанына қарамастан, олар бірнеше минуттық релаксацияда ләззат алып, қиялға беріліп ештеңеден күдіктенбейді. Проблеманы шешетін жеңіл жол деп қабылдайды. Психоактивті заттарға әуес адамдар организмнің биохимиясын, атап айтқанда мидағы нейромедиаторлар жұмысының бұзылып, кейіннен жинақтаушы жүйеде психикалық, психосоматикалық, содан кейін күрделі соматикалық өзгерістер болатынын сезбейді.

Ешкім маскүнем, нашақор немесе темекі шегуші болам деп ойламайды. Әрбірінде түрлі себептер, ол себептердің ең кең тарағандары: жасөспірімдердің қызығушылығы, кумирларға еліктеу, күйзелістен арылуға тырысу, микроортаға немесе субмәдениетке бейімделуге талпыну, қарым-қатынастағы шиеленісті жеңілдетуге және мерекелерді думандатып өткізу.

Қызығушылық пен көңіл көтеруден басталып, психоактивті заттарды пайдалану біз ойлағаннан да жылдамырақ, алдымен психикалық, содан кейін физикалық тәуелділікті қалыптастырады.

 

Ю.А. Александровский (2011 жыл) «Психоактивті заттарға (психикалық және физикалық) тәуелділік (алкоголь мысалында) – бұл, психоактивті заттарды тұтынуды тоқтату кезінде дисфункциялық жағдайдың дамуымен, ал асқынған жағдайларда – тұрақты соматоневрологиялық бұзылулармен және психикалық деградациямен жүретін патологиялық тартымдылық» деп мәлімдейді. Психоактивті заттарды бірдей жағдайларда жиі қабылдаудан, қайталаудан бұл тәуелділік нығайа береді [1].

Е.Касьянов және Д.Филиппов өз еңбектерінде, тәуелділіктің қалыптасуының келесі патогенезін ашады: жиі қолданылуына байланысты нейробиологияда марапаттау немесе қанаттандыру (вознаграждение) жүйесі өзгереді. Бұл адамның мотивациясына жауап беретін нейрондық байланыстар кешенін қамтиды. Марапаттау немесе қанаттандыру (вознаграждение) жүйесі биологиялық қажеттіліктерді қанағаттандыруды ләззат алумен байланыстырады. Ми денені өмір сүру үшін қажетті тапсырманы орындағаны үшін марапаттайды [2].

Көптеген авторлар, туа біткен бейімділікті тәуелділікке алып келетіндігін жоққа шығарады, бірақ ағзаның токсиндерге реакциясының белгілі бір механизмдерінің жалпы бұрмалануына байланысты тәуекелдер бар екенін атап өтеді.

Организмнің ең оңтайлы ежелгі орын толтыру механизмі – бұл тамақ инстинкті, демек, темекі шегу, алкогольді тұтыну және басқа психобелсенді заттарды қабылдау ең алдымен осы инстинкт арқылы оңай күшейеді.

Алдын алу мақсатында, тауардың зияны туралы ақпарат беру, тауардың қорабшасына қорқынышты бейнелерді қою жеткіліксіз, бұған қоса, белгілі бір заттарды қолданбай ақ, жастар арасында фрустрациямен күресу, ішкі қуат пен өзін-өзі ынталандыру дағдыларын қалыптастыруды, тұлғааралық қатынастарды жолға қоюды үйрету маңыздылау.