ПУШКИН КІТАПХАНАСЫ 125 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасы сонау 1899 жылы Пушкиннің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған. Міне, содан бері 125 жыл уақыт өтсе де аталған мекеме оқырмандарға абыройлы қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда бұл кітапхана –  шаһар көркіне көрік қосып тұрған заманауи ғимарат қана емес, оқырман үшін барлық жағдай жасалған мәдени орын.

Кітапханада 140 мыңға жуық кітап қоры бар, 48 кітапханашы еңбек етеді. Мұнда өмірден өткен әлемдік деңгейдегі тұлғалар мен қазақтың атақты қаламгерлерінің, мәдениет және өнер майталмандарының, сан түрлі ғылымның дарабоздарын еске алу кештері, жергілікті ақын-жазушылардың мерейтойлары, сондай-ақ түрлі мәдени тұрғыдағы іс-шаралар үзбей өткізіліп тұрады. Сонымен бірге жергілікті суретшілердің көркемсурет галереясы ұйымдастырылып тұратын үлкен залы тағы бар.

Кітапхананың тағы бір ерекшелігі – мұнда қаладағы басқа кітапханаларда жоқ ағылшын бөлімі жұмыс істейді. Бұл бөлімге жыл бойына шетелдік қонақтар келіп, қазақ халқының бай мұраларымен, әдебиетімен, жетістіктерімен, қала берді қала өмірінің тыныс-тіршілігімен танысады.

– Кітапханамызда жыл сайын қаладағы жастардың білімдерін арттыратын, олардың кітап оқуға деген құштарлығын оятатын және жас өскінді интеллектуалды дамыған тұлға етіп қалыптастыруға ықпал ететін дәстүрлі әдеби-поэзиялық фестиваль, ал әр ай ішінде түрлі ұлттардың әдебиеті мен мәдениетін айшықтайтын бірнеше бағыттағы басқосулар мен жиындар өтеді. Яғни, бұл мекемеге қала тұрғындары мен қонақтары тек кітап оқуға ғана емес, басқа да рухани байлыққа жетелейтін осындай жиындардың белсенді қатысушысы ретінде де жиі келіп тұрады. Кітапхана алдағы кезеңдерде өзінің ерекше тарихымен, өзгеше жолымен өркендеп, қажетін іздеп келген оқырмандар мен қала тұрғындарына лайықты түрде қызмет ете береді, – дейді аталмыш мекеменін директоры Наталья Романова.

* * *

Жуырда А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхананың 125 жылдығына орай Шымкент қаласының әкімдігі және Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен аталған мекемеде «Кітапхана: ізденіс, жаңалық, болашақ» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға ҚР Ұлттық кітапханасы, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы,  сонымен қатар, Ресей, Өзбекстан елдерінен кітапхана өкілдері, зиялы қауым, ақын-жазушылар, еліміздің облыстық, қалалық, аудандық көпшілік кітапхана қызметкерлері мен кітапхана ардагерлері қатысты.

Конференцияның алғашқы бөлімі салтанатты жиынмен басталды.  Алдымен ұлттық аспаптар оркестрі күмбірлеген күй ойнап, келушілердің құлақ құрышын қандырса, артынша «Яссы» би ансамблі әр қимылды музыкамен ұштастыра отырып билеген қазақша биімен қонақтарды тәнті етті. Ары қарай кітапхана бойынша экскурсия жасалды. Сектор меңгерушісі Зәуре Москеуқызы келген қонақтарды ғимараттың екінші қабатындағы оқу залына шақырып, оларды сондағы кітап бөлімдерімен толықтай таныстырып өтті.   Қазіргі таңда кітапханада 11 құрылымдық бөлімше мен оқу залы, абонемент, өнер, көрме залы, американдық бұрыш бар және келушілер үшін арнайы кофехана жұмыс істейді екен.

Бұдан кейін жиналғандар арнайы залға өтіп, орындыққа жайғасқан соң, кітапхананың тыныс-тіршілігін терең баяндаған бейнебаян көрсетілді. Осыдан соң арнайы шақырылған қонақтарға сөз беріліп, олар өздерінің жүрекжарды тілектерін жеткізіп жатты. Бірінші болып Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов сөз алды. Ол:

– Мұндай кітапханалардың ашылуы біздің білімімізге, мәдениетімізге әсері өте зор болған. Сондықтан мұндай датаны атап өтпеуге болмайды. Мұның екі жағы бар. Біріншіден, Пушкин ұлы ақын болса, екіншіден аталған кітапхананың қала мәдениетінің дамуына, өркендеуіне қосқан үлесі орасан зор, – дей келіп, кітапхана директоры Наталья Романова мен кітапхананың өзге де қызметкерлеріне қала әкімінің атынан Алғыс хаттар табыстады.

Одан соң Ресей Федерациясының Алматыдағы консулы Наталья Сорокина ұжымды мерейтоймен құттықтады. Өз сөзінде ол Пушкин  кітапханасының бүгінде Ресей мен Қазақстан елінің мәдениетін жалғаушы көпір ғана емес, шынайы достықтың символы болып табылатынын айта кетті.

Бір қуантарлығы, алдағы уақытта кітапхана қоры тағы да 2000 кітаппен толықпақ. Бұл туралы ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақ төрайымы Бақытжамал Оспанова айтып өтті.

– Аталған кітапхана – еліміздегі ең көне кітапханалардың бірі. Ол шежірелі Шымкент шаһарының, бүкіл оңтүстік өңірінің тарихы мен қазіргі дамуының ажырамас бөлігі болып табылады. Айтулы мерейтойға жету жолында қаншама кәсіби мамандар жемісті еңбек етті. Бүгінгі таңда кітапхана кітап оқуды насихаттаудағы озық дәстүрлерді сақтаумен қатар, заманауи ақпараттық технологияларды игере отырып, сенімді түрде алға жылжуда. Аталған кітапхана қазіргі заманға сай жаңа техникамен, заманауи технологиямен жабдықталған, ел руханияты үшін қызмет көрсететін мәдени орталыққа айналды. Кітапхана ісін адамдардың кәсіби еңбегінсіз дамыту мүмкін емес. Ең құнды рухани қазына болып табылатын кітапхананың  халқымыздың интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға қосып жатқан еңбегі өлшеусіз.

Алдағы уақытта біз осы кітапханаға 2000-нан астам кітап жібереміз. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шыққан, республикада ешқандай кітапханада жоқ, біздің қорда сақталған сол кітаптарды сіздерге сыйға тартпақпыз, – деді ол. Сөз соңында Бақытжамал Қайырбекқызы кітапхана үздіктері мен кітапхана ісінің ардагерлерін Алғыс хатпен және «Құрметті кітапханашы» төсбелгісімен марапаттап, оларға өз алғысын білдірді.

Салтанатты жиынға Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы өкілетті өкілі Момбек Әбдіәкімұлы да қатысқан болатын. Өз сөзінде жазушы кітапхана тарихы 1899 жылдан емес, одан бұрын басталатынын баяндады.

– Негізі, менің зерттеуім бойынша Шымкент қаласында бірінші кітапхана 1886 жылы ашылған. Қазіргі Майлықожа көшесіндегі «Шолпан» кафесі тұрған жерде 250 кітабы бар екі бөлмелі үй кітапхана ретінде жұмысын бастаған еді. 1891 жылы сол кітапхана қазіргі Қазыбек би көшесіндегі филармонияның орнында қоғамдық үй болған әулие Сергий Радонежский шіркеуінің бір бөлмесіне көшірілген. 1899 жылы оған орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің есімі берілді. Міне, бүгінгі 125 жылдық дата сол күннен бастау алып отыр, бірақ шындығында кітапхана тарихы одан бұрын басталған.

«Кітапты сүймейтін адамның көңілі жоқ, кітапханаға келмейтін адамның жүрегі жоқ» деп Әбіш Кекілбаев айтпақшы, барлығымыз да кітапхананы жақсы көреміз. Осы кітапханадан біліміміз өсті, шыңдалдық. Мен Алматыдан Шымкентке 1980 жылдары келдім, бұл кітапханаға алғаш рет сол кезде бас сұққанмын. Міне, содан бері еш қол үзген емеспін. Өміріміздің бәрі кітаппен үндесіп өтіп жатқаны белгілі, сондықтан менің ең жақсы көретін жандарым осы кітапханашылар деп айтар едім. Алдағы уақытта 150 жылдық мерейтойда да осылай бас қосайық, – деді ол.

Шара соңында «Тарихпен үндескен кітапхана» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізіліп, ары қарай Шымкент қалалық опера және балет театрының әншісі, Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Үрәлхан Сейілбекова әуезді ән шырқады. Осымен шараның салтанатты құттықтау сәті аяқталып, кітапхана ұжымы келген жұртты дәлізде арнайы ұйымдастырылған кофе-брейкке шақырды.

Кофе-брейктен кейін жиынын екінші бөлімі – пленарлық отырыс өткізілді. «Кітапхана: Іздену. Жаңалық. Болашақ» тақырыбында өткен бұл халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақ төрайымы Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасының Электронды ресурстарды басқару қызметінің жетекшісі Айтоты Бәкіқызы, Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Жоғары Шыршық аудандық ақпараттық-ресурстық орталығың директоры Дильбар Абдукаримова, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының баспасөз бөлімінің басшысы Ардақ Нұрғали, Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының қоғамдық дипломатия маманы Корина Мак Грегор, ID-Logic компаниясының коммерциялық директоры Камила Бекеева қатысып, кітапхана мәдениеті, кітап қоры, оқырмандар талғамы мен талабы сынды мәселелерді талқылады. Алдағы уақытта қаламызда жас ұрпақты кітап оқуға баулу, оқу мәдениеті мен кітапханашы имиджін қалыптастыру мәселелері бойынша біршама маңызды әрі келелі жұмыстар атқарылмақ.

М.ЫБЫРАЙ