РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ЖАСТАР АРАСЫНДА «КҮЗГІ КРОСС» ӨТТІ
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Республика күні мерекесіне орай, Шымкент қаласының «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен «Жоғары медициналық колледж» орта оқу орны бірігіп «Күзгі кросс» атты спорттық сайыс ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бірлік пен отансүйгіштік рухты арттыру болды.
«Орталық» саябақта өткен бұл марафон нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлады. Таңғы салқын ауа мен күздің ерекше көрінісі қатысушылардың жігерін жанитындай әсер қалдырды. 100 метрге жүгіру жарысына 12 жас қатысып, шапшаңдық пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Ал эстафеталық марафонға 4 адамнан құралған 12 команда қатысты.
Жарыс барысында қатысушылар бір-бірін қолдап, жеңіске жету жолында бар күштерін салды. Бұл спорттық шара тек бәсекелестік емес, достық пен ынтымақтың, жастардың белсенділігін көрсетті.
– Спорт бізді біріктіреді. Жастарды біріктіру алаңын жан-жақты толықтыруға ниеттеспіз. Салауатты өмір салтын қалыптастыру – дені сау ұлттың кепілі. Бүгінгі марафон – жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, қоғамда белсенді өмір ұстанымын қалыптастыруға бағытталған игі бастама, – деді «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның басшысы Жансерік Жұман.
«Күзгі кросс» эстафеталық марафон сайысының топтық жарысы нәтижесінде жеңімпаз атанған бірнеше команда белгілі болды. Олардың қатарында «Сұңқарлар» командасы 1-ші орын, «Қырандар» командасы 2-ші орын, «Жалын» командасы 3-ші орынды алып, жүлделі орындарды бөлісті. Ал, сайысқа қатысушылардың ішінде жекелей сында да жеңімпаздар бөлек анықталған болатын. Атап айтқанда, 100 метрлік қашықтыққа жүгіру жарысының жеңімпаздары: 1-ші орын жүлдесі Билол Абдикадировқа, 2-ші орын Азизбек Тахиржановқа, 3-ші орынның жүлдесі Бейбарыс Мизамидинге бұйырды. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталып, марапатталды.
«Күзгі кросс» марафоны қатысушыларға керемет әсер қалдырды. Мұндай спорттық шаралар жас ұрпаққа үлгі болып, салауатты өмір салтын дәріптегені анық.