РЕСПУБЛИКА КҮНІ – ЕЛІМІЗДІҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ БАР МЕРЕКЕСІ
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы

Республика күні – Қазақстанның мемлекеттік тарихындағы ең маңызды мерекелердің бірі. Бұл күн еліміздің тәуелсіздікке бастар алғашқы үлкен қадамы ретінде халық жадында сақталған.
Тарихи негізіне тоқталар болсақ, 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны» қабылдаған болатын. Бұл құжат Қазақстанның өз аумағында толық билік жүргізуін, табиғи ресурстарға иелік етуін және ішкі-сыртқы саясатта дербес шешім қабылдауға құқығы бар екенін жариялады.
Осылайша, Республика күні – тәуелсіз мемлекеттіліктің бастауы, ұлттық егемендіктің негізі қаланған күн ретінде тарихта қалды. Бұл күн Қазақстанның болашақ Тәуелсіздік алуына жол ашқан саяси және рухани бетбұрыс сәті болды.
Бұл мерекенің маңызы өте зор. Өйткені, Республика күні – еліміздің еркіндікке ұмтылған рухын, бірлігін және елдік санасын дәріптейтін мереке. Ол азаматтарды Отанға деген сүйіспеншілікке, тәуелсіздікті құрметтеуге тәрбиелейді. Бұл күн — әрбір қазақстандық үшін ел тағдыры мен ұлттық болмыстың қадірін сезінетін ерекше сәт.
Қазіргі атап өтілуі 2022 жылдан бастап қайта маңызға ие бола түсті. Республика күні ұлттық мереке мәртебесіне ие болды. Бұл шешім — тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және елдің егемендік тарихындағы маңызды датаны қайта жаңғырту мақсатында қабылданды.
Бүгінде Республика күні еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен аталып өтеді. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, мәдени орталықтарда түрлі мерекелік іс-шаралар, көрмелер мен концерттер ұйымдастырылады.
Қорытындылай келгенде, Республика күні — тәуелсіз Қазақстанның іргетасы қаланған тарихи күн. Ол халқымыздың азаттыққа деген арманын, елдіктің мәнін және бірліктің қуатын ұлықтайды.
Бұл мереке — өткенге тағзым, бүгінге құрмет, болашаққа сенім!
Динара ҚОСМҰРАТ
«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК-нің экскурсия жетекшісі