САЙРАМДАҒЫ ЕЖЕЛГІ ЖЕРАСТЫ ЖОЛДАРЫ МЕН ҮҢГІРЛЕРІ
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Туған жердің тарихи орындарын, оның ішінде үңгірлерін, жерасты жолдарын тілге тиек етудегі негізгі нысана – сол, үңгірлерден, жерасты жолдарынан рухани нышандарына саралап тануда болса керек. Аңызбен қойындасқан ақиқаттың жігін ажырату, өшуге айналған белгілерден рухани тектің бастауын танып білу, үңгірлердің жұмбақ дүниесін зерттеу, ел-халық өмірінің тарихымен сабақтастыру – бұл саладағы темірқазық болуы керек. Сайрамдағы жерасты жолдары мен үңгірлер – бұл, қаланың қорғаныс, діни және мәдени қызметтерін қамтамасыз еткен ерекше тарихи мұра. Олар Сайрамның тек үстіңгі емес, жер қойнауындағы тарихының да бай екендігін көрсетеді.
Орыстың танымал ғалымы М.Е.Массон 1925 жылы Сайрамда болған кезінде былай деп жазады: «Бұрынғы мешіттен қалғаны қырық күндік жерасты «Шілдеханасы» ғана. Оған түсетін жерден ойып жасаған 25 баспалдақ бар. Баспалдақтан түскен жерде биіктігі бір жарым метрдей ені 2,2 метр, 1,8 метр келетін бөлме бар». Өкінішке қарай, біздің уақытымызға дейін бүл шілдехананың бөліктері сақталмаған. Мұндай фактілерді келтіре берсек Сайрам және Түркістан қалаларының төңірегінде көптеп кездеседі.
Енді жерасты жолдарына қайта оралсақ, қаланың сыртына апаратын жерасты жолының болғаны жөнінде археологтарда әлі ондай деректер табыла қойған жоқ. Дегенмен, ондай жерасты жолының болғандығын теріске шығармайды. Түркістан (Яссы) қаласы мен Сайрам (ежелгі Исфиджаб) қаласының аралығындағы жолды Қожа Ахмед Яссауидің есімімен байланыстыратын аңыздар жеткілікті. Бұл аңызға айналған жер астындағы жасырын жол жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша жолдың бір шеті Сайрамдағы ескі Жұма мешіттен басталады екен деседі.
1988 жылы Сайрамның солтүстік бетіндегі «Қырықмазар» жотасында шаруа қамымен жер тегістеп жүрген бульдозерші А.Сұлтанов жер астындағы ғимаратқа тап болады. Қазылып жатқан карьердің барлық жұмыстары тоқтатылып, өлкетану музей қызметкерлеріне хабар береді. Зерттеу нәтижесі бойынша, бұл табылған дүние мешіт те емес, жерасты жолы да емес екен. Сайрамда біздің эрамыздағы VII ғасырға тән будда монастырі болып шықты. Осы жерасты монастырі табылғанда бүкіл Сайрамдық халық тосын жаңалыққа елең етіп, тұрған жерлері көне замандағы тарихи құндылыққа толы екенін сезгендей болып еді. Жан-жақтан ғалымдар, археологтар, зерттеушілер, журналистер келіп табылған үңгірдің сырын ашуға қызығып үңілгендей болып еді. Қазіргі күнде үңгір жауын-шашынның әсерінен толықтай құлап, бұзыла түскен.
Енді, осы үңгірлерді тану ісі мен жер асты жолдарын зерттеу не үшін керек дегенге келсек, ол – адамзаттың тарихи-әлеуметтік аядағы даму эволюциясын танып-білу үшін, рухани жетістігіміздің тегін тектеу үшін ғана қажет дер едік. Бүгінгі Сайрамның күмбірлеген күмбездері мен сағаналары сонау көне дәуірден сыр шертсе, сондай-ақ жер астындағы үңгірлері мен жолдары да өз бойында жұмбақ сырларын жасырып жатыр. Бұл бағытта зерттеу жұмыстарын терең жүргізу қажет деп білеміз.
Бабыржан ФАЗИЛОВ
«Сайрам» музейінің ғылыми қызметкері
Көрнекі фотосуретте «Сайрам» музейінде тұрған көне Сайрамның жерасты жолдарының бірінің макеті