Сайрамда бар сансыз баб: ӘБДІЛ ӘЗІЗ БАБ ЖӘНЕ МІРӘЛІ БАБ КЕСЕНЕЛЕРІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Сайрамның қазақ жеріндегі қасиетті қыры туралы, онда сансыз бабтар мекен еткені, оның көп бөлігі осында жерленгені туралы айтып келеміз. Сол сансыз бабтар қатарын тізбелейтін болсақ, Әбділ Әзіл баб (Бәлегардан баб), Мірәлі баб, Жомарт баб (Шах Камалиддин), Сарқалқа баб, Шах Каландар баб, Ботбай баба, Ақ ата (Шахабаддин Исфиджаби), Қазы Байзауи, Сізік ата, Боздақ ата, Гөзел ата, Лайқор ата, Ибраһим ата, тағы да басқа аталар мен бабтарды тізбелеп, біраз жерге баруға болады.

Алайда, осыншама әулиелі мекеннің ішінде ескі замандардан бүгінгі таңға тек бірнеше бабтың ғана кесенесі жетіп отыр. Оның ішінде ең көркем сәулет ескерткіштеріне аз-кем тоқталып, сипаттама беруді мақсат еттік. Ендеше, Әбділ Әзіз баб және Мірәлі баб кесенелері туралы ақпараттарға кезек берейік.

 ӘБДІЛ ӘЗІЗ БАБ КЕСЕНЕСІ

Әбділ Әзіз баб (Бәлегардан баб) кесенесі XIV ғасырдың аяғы – XIX ғасырдың екінші жартысына жатқызылады. Кесене – Республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші, 1982 жылдан бастап мемлекет қорғауына алынған. Мінәжат ету мен діни туризм нысаны. Сайрамның солтүстік бөлігінде, ортағасырлық Сайрам (Испиджаб) қаласының бас көшелерінің бірінде, сырты қоршалған зират ішінде орналасқан. Негізгі фасады Жүсіп Сайрами көшесіне қараған. Сайрам тарихы бойынша жазбаша деректерде бұл орынды қаланың төңірегіне жатқызады. Қазіргі уақытта бұл Сайрамның орталығына айналған.

Кесене Оңтүстік Қазақстан аумағында мұсылмандықты алғашқы уағызшыларының бірі Әбділ Әзіз бабтың (Абд ал-Азиз) қабірі үстінде тұрғызылған. Халқымыз сондай-ақ күмбезді бәле әкелуден, жала жабудан сақтайтын қасиеті үшін оны «Бәлегардан» – «Бәлені аластатушы» деп те атайды. Әбділ Әзіздің өмірбаяны Сайрамның өзіндік тарихи кезеңі болып табылатын XVII ғасырдың соңы – XVIII ғасырдың басында жазылған «Мадинат әл-Байда мен Испиджаб әулиелерi хақындағы трактаттар» шығармасында келтіріледі. Деректер бойынша Әбділ Әзіз Мұхаммед Пайғамбардың үзеңгілес буындарынан кейінгі екінші, ең жақсы ұрпақтар және олардан діни білімді мұраланғандарға жататын тақуа мұсылмандар – таби’индар (таби’ундар) қатарына жатқызылады. Ол қасиетті исламды орнықтыру кезінде кәпірлерге қарсы қасиетті соғыста азапты өлім құшады. Әбділ Әзіз ауызша аңыздарда Қожа Ахмет Яссауиге дейін шамамен 300 жыл бұрын өмір сүрген сияқты, ал кейбір кітапқұмарлар Қожа Ахмедтің шежіресін тіпті Әбділ Әзізден бастайды. Ауызша қайталамаға қарағанда, «Мадинат әл-Байда мен Испиджаб әулиелерi хақындағы трактаттарда» Әбділ Әзіз бабтың бейнесін айқын және толық көрсетеді. Ортағасырлық агиографиялардағы бір типтес эпитеттер (лайықты, мінсіз, адал, ұлы, білімді, сенімді және т.б.) оның тарихи шындыққа қатынасы алыстау бірнеше келбетін көрсетеді. Ол Мұхаммед пайғамбардың алғашқы ізбасарларының бірі араб қолбасшысы Ысқақ бабтың ту ұстаушысы (аламдар) болған. Шығармада: «Сонымен қатар, оны Ташкент қаласында Аламдар-Баба деп атайды және [ол] атақты», – деп айтылады. Мұнда автор сайрамдық Әбділ Әзіз бабты Ташкенттен шыққан «ту ұстаушысымен» теңестіргенде қателеседі (бірнеше рет көшіріп жазу нәтижесінде?), ал ташкенттік Аламандар басқа қолбасшының ту ұстаушысы – исламдағы алғашқы имамдардың бірі Әбубәкір Мұхаммед Қафал Шаши (976/977 ж. өмірден қайтқан) болған.

1920-шы жылдардың бірінші жартысында П.П. Иванов және М.Е. Массонның Сайрамға жасаған экспедициялық сапарлары ескерткіштің тарихнамалық дәстүрінің бастауы болды. Оны 1947 жылы Қазақ КСР-і Ғылым академиясының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының архитекторлары зерттейді (В.В. Константинова, Г.Г. Герасимов). 1963 ж. Шымкент облыстық музейінің тапсырмасы бойынша егжей-тегжейлі өлшемдері алынады (Т. Поднебесная). 1983 жылы кесенені қалпына келтіруге қатысты жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау кезінде бұл өлшемдер нақтыланып, толықтырылады (Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінің «Қазақ жобалауқалпына келтіру» институты). 1980-ші жылдардың екінші жартысы – 2000-шы жылдары басылымдарда ескерткішті тарихи-сәулеттік талдау жұмыстары көрініс табады (Б.Ә. Байтанаев, Ю.А. Ёлгин, Н.Н. Мұхамедиева).

Әбділ Әзіз баб кесенесі ұзақ және күрделі даму сатысынан өтіп, геометриялық құрылымдарға бағынған әртүрлі уақыттың бөлік композициясын бойына айқын біріктірген. Құрылыстың қай кезеңге жататыны әлі де болжамдық сипатта. Әбділ Әзіз бабтың қабірінің үстіндегі алғашқы мемориалдық құрылыс туралы мәліметтер жоқ. Мүмкін, бастапқыда ашық аспан астында жерленген. Бәлкім, мазар XII ғасыр дейін пайда болған, себебі ескерткіш қарахандар кезеңінің мәдени қабатында орналасқан. Құрылыстың құрылымы осы дәуірде қалыптасқан сопылық салт жоралғылармен байланысты. П.П. Иванов Сайрам тарихы («Рисалия») бойынша деректерге сілтеме жасай отырып, XIV ғасыр Әбділ Әзіз қабірі үстіндегі кесене қираған кезінде Әмір Темірдің қолбасшысы Наурыз Барақ хан кірер есігі оңтүстікке қараған, белгілі жаңа ғимаратты салдырады деп жазады. Уақыт өте келе ол бұзылады, 1860-шы жылдардың аяғында бүгінгі күнге дейін сақталған ғимарат салынады. Дегенмен, ескерткіш эволюциясында бірыңғай көрініс жоқ. М.Е. Массон Барақ хан салдырған кесененің құрылыс іздерін қарастырмағандықтан, біршама ерте құрылыс туралы ештеңе айтпайды, дегенмен, ескерткіштен XVI–XVI ғасырларға жататын түрлі-түсті керамикалық бұйымдар сынықтарының табылуы, үшінші құрылыс кезеңі болды деп шамалауға мүмкіндік береді.

Әбділ Әзіз баб кесенесі – порталды-күмбезді құрылыс. Ол қатар бойымен созылған үш бөлмеден тұрады, оның ортасында тұрғаны монументалды порталмен (пештакпен) және биік цилиндрлі барабан үстіндегі сфероконустық күмбезбен ерекшеленеді. Орталық залдың батыс қабырғасында михраб нишасының орналасуына қарағанда кейінгі кезеңде зияратхана ретінде қызмет етуі мүмкін. Екі жағындағы бөлмелер (көрхана) залмен аркалы саңылаулар арқылы өзара байланысқан. Әбділ Әзіз баб күмбезінің оңтүстігіне, қарама-қарсы Әулие атаның әкесі Сейид Қожа хан атаның жерлеу орны орналасқан. Орталық және оның бүйіріне жалғасқан бөлмелердің негізгі өсі өзара перпендикуляр. Барлық көлемі бірігіп үлкен көлденең өсті құрайды.

Төртбұрышты залдардың жоспарынан күмбездерінің негізіне өту үшін ежелгі аркалық желкенше (тромп) түрі қолданылған. Орталық көлемнің күмбезі сегіз қырлы бөлігіне тірелген биік цилиндрлі барабан үстіне тұрғызылған. Кесененің бүйір бөліктерінде сегіз қырлы өтпе жоқ, олардың күмбездері тікелей қабырғаға жалғасқан. Орталық күмбездің өзіндік құрылымы, сипаты бойынша құралған қисық қалау тәсілі Ташкенттегі Намазгах алқалы мешітінің күмбезіне (1845–1867 жылдар) ұқсас.

Ғимарат (көлемі 14×6,9 метр, биіктігі 11 метр) күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Қабырға қаландысына бұзылып кеткен XIV–XVII ғасырларға жататын ғимараттың төртбұрышты кірпіштері қолданылған.

Кесененің көлемдік-кеңістіктік композициясы жинақы әрі мәнерлі. Бүйірлерінің көлемі күмбездерімен бірге тым төмен, олардың тегіс қабырғалары орталық бөліктің монументалдық маңыздылығын арттырып, олармен бірге әдемі келбетін құрап тұр. Оң жақ бүйір бөлменің қапталындағы қабырғаның сыртына салт жораларға мойынсұнумен байланысты культтік маңыздылығы бар ағаш торлы (панжара) тесік орналасқан айқышты қабырғаға сүйірлі ниша жасалынған.

Интерьері сыланған және еденіне кірпіш төселген. Сыртқы қабырғалары қаланды күйінде қалдырылып, безендірілмеген, тек порталының бұрыштарындағы дөңгеленген бағаналары жекелеген гипстік сәндік бөлшектер құмыра тәрізді вазада және портал аркасының архивольты ширатылып есілген түрінде өрнектелген.

МІРӘЛІ БАБ КЕСЕНЕСІ

Мірәлі баб кесенесі XII ғасыр–XX ғасырдың басы жататын ерекше стилдегі сәулет ескерткіші. Сайрамның орталық бөлігінде, ортағасырлық екі негізгі көшелердің қиылысынан батысқа қарай 250 метр қашықтықта, қоршалған мазарат ішінде орналасқан.

Мірәлі баб кесенесі әйгілі сопылық шейх және дін маманы болған әкесі Падшах Мәлік бабтың қираған кесенесінің оңтүстік порталының алдына тұрғызылған. Сонымен қатар әйгілі сопының ұлы болған Мірәлі баб туралы «Мадинат-әл-Байда мен Испиджаб әулиелерi хақындағы трактаттарда» (XVII ғасырдың соңы – XVIII ғасырдың басы) оның «нақты шыққан тегі сеид (сахих)» және Қожа Насруллах Фарс және Фатхаллах Маджзуб есімді екі ұлы болғаны туралы нақты мәліметтер келтіріледі. Ауызша әңгімелерде Мірәлі баб ислам дінін таратқан көрнекті ғалым болғаны айтылады.

Мірәлі баб қабірінің үстіндегі бастапқы құрылыс нысаны туралы «Мадинат әл-Байда мен Испиджаб әулиелерi хақындағы трактаттарда» айтылған: «Ол қайтыс болғаннан кейін шамамен он бес жыл өткен соң, оның адал достарының бірі Мұхаммад Туджар Ғыждуани (?) биік құлпытас орнатады». Бұл ашық аспан астындағы қабір үсті құрылыс – сағана болуы мүмкін. Бұдан әрі қарай, «ұлдарының моласы әйгілі әкесінің джалвеханасының (бастырмамен жабылған бөлмелер) екі жағында орналасқаны» айтылады. Кесене дамуының екінші кезеңінде құрылыс айван-бастырма түрінде болды деп жорамал жасауға болады. Кесененің алғашқы ғимараты қашан пайда болғаны белгісіз. 1925 ж. М.Е. Массон кесененің қираған қалдықтарын көрген. Демек, қазіргі ғимараттың негізгі бөліктері кейінгі уақыттарда салынған.

Кесененің порталды-күмбезді ерекшелігі айқын көрінеді. Көлемдік кеңістіктік композициясы өте қарапайым: тікбұрышты жоспары төртбұрышты қабірханамен үйлесіп, цилиндрлі барабан үстінде сфероконусты күмбезбен жабылған. Негізгі фасадын құрайтын портал оңтүстікке қараған. Ғимарат (көлемі – 7,66×6,26 метр, биіктігі – 7,84 мтер) тікбұрышты кірпіштен тұрғызылған. Портал ортаазиялық пештак қағидасымен ешқандай байланысы жоқ, композициясы мен бөлшектері бойынша эклектикалық болып келеді. Аркасының кескіні бойынша жарты шеңберге жақындап, дәстүрлі тікбұрышты жиектеумен шектелмейтін өзгеше және үйлесімсіз үлкен болып көрінеді. Керісінше, қарапайым тегіс қабырғаларға қарағанда портал пештак қағидасының сәндік безендіру схемасына ұқсамайтын мәнерлі кірпіш қаландысымен әшекейленген. Сәнделген белбеуі мен бұғаты, «сухарик» деп аталатын дулыға секілді кокошникке ұқсайтын пилондардың үстіндегі жалған фронтондар, жүретін шағын басқышы мен «кірпіш стилі» ХІХ ғасыр екінші жартысындағы орыс эклектикасы архитектурасынан алынған. Ішкі қабырғаларында өсі бойынша жартылай шеңберлі нишалар орналасқан. Қабырғалары мен едені цементті-құм ерітіндісімен сыланған.

Мірәлі баб кесенесі Республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші санатына енген, 1982 жылдан бастап мемлекет қорғауына алынған. Қазіргі кезде мұнда зиярат ету және діни туризм нысаны ретінде келетін туристер мен саяхатшылар саны мол.