Сайрамда Қызыр пайғамбар мешітінің орны мен мұнарасы бар

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Сіз білесіз бе?

Сансыз бабтар елі көне Сайрамда пайғамбарлар есімімен байланысты бірнеше тарих және мәдениет ескерткіштері бар. Қағазға түскен аңыз-әңгімелерде бұл көне Исфиджаб өңірінде алты пайғамбардың табаны тиген деседі. Сондай ескерткіштердің бірі – Қызыр мұнарасы мен мешіті.

Жалпы, мұсылман қауымының түсінігінде әлемде 124 мың пайғамбар келіп, өз қауымын тура жолға бастапты деседі. Сол пайғамбарлар ішінде есімі Құран-кәрімде кездесетін жаратушының елшісінің бірі – Қызыр ғалейкум сәлем. Қызыр пайғамбар туралы тек мұслман қауымы ғана емес, ислам келгенге дейінгі ежелгі көшпелілердің наным-сенімдерінде Қызыр ата, Қыдыр ата, Қадыр ата, Азар-тегін, тіпті Кезер-Білге қаған дейтін аңыз кейіпкерлерін жолықтырып жатамыз.

Сайрам туралы аңыз-қиссалардың бірінде Қызыр пайғамбар осы өңірде дүние келгені, тіпті оның ата-анасының есіміне дейін нақтылай атап өтеді. Соның бір жарқын мысалы, ХҮІІ ғасырда жазылып, ХІХ ғасырда баспа бетін көрді деп саналатын «Мәдинай әл-Байда немесе Испибджабтың әулиелері туралы трактаттар» дейтін еңбекте әр жұманың кешінде Қызыр пайғамбар әкесі Қожа-Салих пен Бибі-Ғияс ананың басына келіп зиярат етеді деген жолдар бар.

Аңыз әңгімелер бойынша осы мешіт құрылысының жерастында (шіллехана) Қызыр пайғамбар жалғыз өзі 60 жыл жасырынып, ораза тұтып, дұға оқыған екен. Осыған байланысты ол сопы-дәруіштерінің жебеушісі есептелген.

Сайрам қалажұртының шахристанының орталық бөлігінде, Қызыр пайғамбар мешітінің аймағында 2007 жылы «Мәдени мұра» өңірлік бағдарламасы аясында қазба жұмыстары жалғасын тапты. Бұл мешіт бір жақты айванмен бір камералы аулалы құрылыс түріне жататыны анықталды. Ол ескерткіш мешіт ретінде де, ханака мешіті ретінде де қолданылуы мүмкін дейді мамандар. Осы бір сәулет ерекшелігіне қарай «Ферғана сәулет мектебінің» өкіліне жатқызылады. Бүгінгі таңға мешіттің құрылысы аман жетпегенмен, зерттеушілер Қызыр пайғамбар мешітін Шымкент қаласындағы ХІХ ғасырда салынған Жәми мешітінің ең жақын аналогы және мүмкін прототипі ретінде таныстырады.

Қызыр пайғамбар мешітінің бастапқы ғимараты туралы нақты деректер жоқ. 2004 және 2007 ж.ж. жүргізілген археологиялық зерттеулер мешіттің өмір сүруінің соңғы кезеңінде (XVIII–XIX ғ.ғ.) ортасында намаз оқу залынан (қыстағы мешіт) басқа ашық аула, айван, құжыра (зиярат етушілерге арналған), шіллехана жер асты құрылысы, дахма түріндегі екі сатылы қабір үсті құрылысы және т.б. бар мешіт-ханака түрінде көп қызметті ғұрыптық ғимарат болғанын көрсетеді. Мұнара – кешеннің ең биік зәулімі. Ол мешіттің оңтүстік-шығыс бұрышынан 3 м қашықтықта орналасқан. 1948 ж. жер сілкінісі нәтижесінде мұнара ішінара қирайды (шам бөлігі бұзылады). Дегенмен, 1920–1940 ж.ж. фотосуреттері бойынша қалпына келтіріледі. Жеке тұрған цилиндрлі мұнара (іргесінің диаметрі – 2,96 м, биіктігі – шамамен 10 м) балшықтың көмегімен қыш кірпіштен тұрғызылған. Діңі негізінен үшар басындағы терезелікке дейін болмашы ғана тарылады. Мұнараның ұшар басы шамдығы мен күмбезімен қоса 1990 жалдардың басында қалпына келтірілген.

Айта кетсек, Сайрамдағы «Қызыр пайғамбар мешіті мен мұнарасы» деп аталатын тарих және мәдениет ескерткішімен аттас нысан Самарқан қаласында да бар. Кейде, интернет әлемінде қос нысанды шатастырып таныстырып та жататыны бар. Бұл екі сәулет ескерткіштерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтары туралы алдағы уақытта арнайы таныстыратын боламыз.

Бүгінгі таңда Қызыр мұнарасы Шымкент қаласының көрнекті туристік орындарының қатарынан саналады. Жыл сайын мыңдаған өз еліміздің және алыс-жақын шет елдерден саяхатшылар ат басын бұрып жатады.

С.Дүйсебайұлы