САЙРАМНАН  ТАБЫЛҒАН БІР ҚҰМЫРА КҮМІС ТЕҢГЕ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Соңғы  он жылда  Сайрам  қаласында жүргізілген жүйелі археологиялық қазба жұмыстар және ескерткіштің стратиграфиясы мен оның керамикалық кешеніне жасалған зерттеу Исфиджаб пен Сайрам  бір қала болған  деген қорытындыға  алып келді. Сайрам қаласы аумағындағы археологиялық  жұмыстардың көлемді болды деп  айтуға болмайды. Жұмыстар  жерді пайдаланушылардың келісімімен эпизодтық  түрде, ескерткіштерді қорғау бойынша  құзырлы органдармен келісілген жоба шарты барысында кент  аумағындағы құрылыс кезінде жүргізілген.

Сайрам қаласындағы  2013 жылғы  зерттеулер  тарихи-мәдени мұраны  сақтау бойынша  құзыретті  органдардың  келісімінсіз  жасалған болашақ сауда  орталығындағы  құрылыс жұмыстары орнында жүргізілді. Зерттелген телім  Сайрамның ортасында, Ә.Темір мен Ж.Сареми  қиылысындағы базардың орнында орналасқан.

Қазба барысында ортағасырлық  моншаның бір бөлігі,нақты айтқанда оттық бөлігі  табылды. Зерттеу жұмыстары  жалғасып, қазба  аумағы кеңейтілді. XIV-XV ғ.ғ. жататын мәдени қабат деңгейінен тандыр анықталды. Тандыр түбінен құмыра ішінде 2660 тан астам күміс тиыннан тұратын көмбе табылды.   Құмыра ішінде тимуридтердің танга мен мири шығарылымдарынан басқа жеті шығыс әулетінің тиындары бар. Күміс тиындар көмбесі  Шахрух сұлтан тұсында 1418 жылы  жасырылған деб болжанады (Б.А.Байтанаев А.О Брагин. П.Н.Петров «Сайрамский клад тимуридских монет» Книга ІІ. Алматы 2015 ж.17 б).

Әмір Темір мен  ұрпақтарының  теңгелерін  нумизматикалық тұрғыдан зерттеген кезде  негізгі екі түрлі ақша түрі айтылады. Олар  6 граммдық  күміс танга және 1,5 граммдық  танганың төрттен біріне тең «мири» монеталары.  Мири сөзі  «Әмір»  атағынан  келіп шыққан. (Рахматуллаева А. Саломов Ж. «Нумизматика  темуридов» 2012 ж. 87 б )

Монеталар алтын, күміс және мыстан соғылған. Алтын ақшалар аз мөлшерде соғылды. Тек  жорықтардағы  айтулы жеңіс құрметіне арнап  Самарқанд және  Герат қалаларындағы монета сарайларында соғылған. Негізгі ақша жүйесі күміс монеталарға негізделді. 1397-1382 ж.ж . Хорезмді жаулап алған соң  Әмір Темір атымен соғылған «Фулус» монеталары кең таралды. (И.Тухтиев «Темур ва темурийлар сулоласининг тангалари» Тошкент 2006ж.)

Әмір Темір  және жергілікті билеуші   атымен  20 монета сарайының аты тіркелген. Олар: Бухара, Карши, Кашан, Киш, Орду, Сайрам, Дарбанд, Самарқанд, Ташканд,  Табриз, Бакуйа, Ходжанд, Шахрухийа , Тирмиз,  Херат,  Шаш, Шираз, Бадахшан, Мардин  және т.б  5 монета сарайының атауы анонимді (белгісіз, оқылмады). Монеталар арасында Жошы, Жалайыридтер, Қарақойлы және Мехрабандықтар әулеттеріне тән болған теңгелер де бар. Монеталар төртбұрышты, үшбұрышты, шеңбер,  тамшы және жүрек  тәріздес пішіндерде соғылған.  Темуридтер теңгелерінің аверсінде  (монетаның бетінде) «Шәһадат кәлимасы», «Төрт халифаның есімдері» жазылған. Реверсінде  жергілікті билеуші мен  Әмір Темір есімі және хижри жыл мен ай көрсетілген. Нумизматикалық зерттеу барысында күміс көмбе теңгелері темурид ханзадалары  Сұлтан Махмұтхан, Сұлтан Шахрух, Мухаммед Джахангир және Халил Сұлтан, Сұлтан Ескендір, Омар Шейх тұсында соғылғаны белгілі болды (Б.А.Байтанаев А.О Брагин. П.Н.Петров «Сайрамский клад тимуридских монет» Книга І . Алматы 2014 ж.).

Қазына сол кездегі қоғамда белгілі  бір орынға ие болған адамға тиесілі екені даусыз.Өйткені, бұрынғы Сайрамның  орталығы  қаланың беделді  ауданы болып, екі негізгі көшенің қиылысында  орналасқан тұрғын үйде  орналасқандығын    көрсетеді.  Қазына иесі саудагер, ақша айырбастаушы (сараф) немесе әскери қызметті атқаратын беделді адам болуы мүмкін. Әскери науқан кезеңінде  ыңғайлы  уақытта  өзінің қорын  тығып қою керек деп шешкен  ауқатты адамға немесе жұбайына тиесілі болуы мүмкін. Қазынаның иесі Ұлықбектің Моғолстанға  жасаған жорығына қатысып,сол соғыстан қайтпай  қалған шығар. (Б.А.Байтанаев «Сайрамский клад ». Алматы 2013 ж. 61 б.)

2013 жылы табылған «Сайрам  көмбесі» тимуридтер уақытының 2670 күміс тиыннан тұрады. Шахрух  билігі кезеңіндегі  (807/1405- 850/1447 жж.) аймақтағы  тауар-ақша қатынасының  дамуы мен қызмет етуін түсінуге  үлкен  үлес қосады. Көмбедегі  тиындардың  басым көпшілігі (73 пайызы) қайта шекілгендер және оның басым бөлігі Тимуридтік Шахрух билігі  уақытына жатады. Сайрам көмбесіндегі  қайта шекіме жарияланымы Қазақстан,тіпті Орта Азия нумизматикасының дамуына үлкен  үлес қосады.

 

Ф.Эрметова

«Шымкент қаласының музейлер бірлестігі» МКҚК «Сайрам музейі» бөлімінің ғылыми қызметкері