САЙРАМНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫНАН

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Еліміздің қалыптасуы мен даму тарихы, салт-дәстүрлеріміз бен мәдени құндылықтарымыз, ата-бабаларымыздың асыл мұралары рухани жаңғырудың қайнар көзі болып табылады. Тарихты білмей жатып, келешекті болжауға болмайды. Кез-келген елдің даму жолы өткенімен тығыз байланысты болмақ.

ХІХ ғасырдың 70-жылдары Орталық Азия мен Қазақстанда археологиялық зерттеулердің бастау алған кезі болып табылады. Сол кездегі ғалымдар қатарында Василий Радлов, Николай Веселовский, Петр Лерх, Василий Бартольд болды. Ал 1920-30 жылдары еліміздегі археология саласына көп еңбек сіңірген Әлкей Марғұлан, Сергей Руденко, Александр Бернштам сынды ғалымдар жетекшілік жасаған экспедициялар Қазақстанның барлық өңірлерінде күрделі археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, маңызды жаңалықтарға жол ашты.

Сайрам-Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан көне тарихы бар қалалардың бірі. Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда, мәдени және діни орталық болған Сайрамның тарихы тек археологиялық және жазба деректермен ғана емес, халықтың ауызша шежіресімен де бай. Сайрам қаласының ғылыми түрде зерттелуі  ХIХғ.2-жартысынан бастау алады. Ресейлік шығыстанушылар, саяхатшылар Сайрам жайлы алғашқы мәліметтерді жинап, жазба деректермен байланыстырады. 1866 ж. Сайрамда болған зерттеуші А.К.Гейнс көне жәдігерлер туралы айтып өтсе, 1893-1894жж. атақты шығыстанушы, ғалым, Санкт-Петербург университетінің профессоры В.В.Бартольд Орта Азияға сапарында Сайрамда болып, оның архитектуралық ескерткіштері жайлы жазады. ХХ ғасырдың басында Сайрам тарихын зерттеуге П.П.Иванов, М.Е.Массон үлес қосты. П.Иванов Сайрамның тарихи топографиясы туралы мақалалар жарыққа шығарды. Белгілі археолог, профессор М.Массон 1925 жылы  Ташкенттен арнайы тапсырмамен Шымкент өлкелік музейін ашу үшін келеді. Сол кезде оны Сайрам тарихы қатты қызықтырады. Сайрамға жәдігерлер жинақтау мақсатында 2 рет барып, онда археологиялық қазбалар жүргізіп, бұл жерлердің ежелгі жағдайын сипаттау мәселелерімен тыңғылықты айналысып, оған үлкен мән беріп еңбектерін жазды. ХХ ғ.60-70 жылдары атақты археолог ғалымдар К.Байпақов, У.Шалекенов Сайрам туралы пікірлерін білдірген. Өз өлкесінің тарихын зерттеп, көпшілікке танытуда көп еңбек еткендердің бірі әрі бірегейі журналист, ғалым М.Мірхалдаров жергілікті халықтың қолындағы көне жәдігерлерді жинап, Сайрам музейінің негізін қалап, дамуына сүбелі үлес қосты. Сонымен қатар, Сайрамдағы сансыз баптар туралы аңыз-әңгімелерді жинақтап, бірнеше кітаптарды шығарды. Сайрам тарихына ерекше көңіл аударып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазған археолог, ғалым Б.Байтанаев. 2013 жылы Б.Байтанаев басқарған археологтар тобы Сайрамда қазба жұмысы кезінде күміс көмбе, алтын көмбе тапты. Сол бойынша ғылыми еңбектер жарыққа шықты.

Сайрамда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарын кең көлемді деп айта алмаймыз, әлі де зерттеуді қажет етеді. Ғасырлар қойнауы мен тарих белестерінің арасында, қабат-қабат жер қыртыстарының астында қалып қойған асылдарымыз бен бай мұраларымызды зерттеу арқылы Сайрам тарихынан сыр шертетін құнды деректер ашуға мүмкіндік аламыз.

Б.Нуркулова

Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің «Сайрам» музейінің аға ғылыми қызметкері