САЙРАМ – ЕРТЕГІЛЕР МЕКЕНІ немесе ЖҮСІП ПАЙҒАМБАРДЫҢ МАЗАРЫ САЙРАМДА ЖАТЫР

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Кәрі Сайрам. ХІХ ғасырдың соңындағы тарихи карталарда қазіргі Сайрамның орнындағы көне қала осылай аталып көрсетіледі. Бұл қала тарих қойнауынан Исфиджаб, Аққала, Мәдинат әл-Байда, Сарям, Сайрам деп түрліше аталып, тарихшылар арасында VI-XVIII ғасырларда өмір сүрді деп мәмілеленгенмен, одан тереңдеп кетуі ғажап емес. Қазір ғой, Шымкент қаласының іргесі қаланған уақыт жыл санауға дейінгі ІІІ-ІІ ғасырларға телініп, 2200 жылдығы межеленді. Кей тарихшылар да осы мерейтойлық дөңгелек сипыр белгіленген соң Шымкентті ортағасырлық Нуджикентке теліп, Кәрі Сайрам тарихын көлеңкеге қарай қалдыра бастады…

Бұған дейінгі «Өлкетану» айдарындағы материалдарымызда Шымкент қаласының археология және сәулет ескерткіштері жайында тоқталып едік. Ел болған жерде материалды құнды жәдігерлерден өзге материалдық емес мұралар да болатыны белгілі. Кез-келген нысан аңыз-әпсаналарымен адамды байрап, ынтықтыра түсетіні анық. Бүгінгі арнайы сөз еткелі отырған тақырыбымыз да халықтың ауыз әдебиеті жанрындағы тылсымға бейім мифтер. Сену-сенбеу жағы өз еркіңізде, жалт-жұлт етіп құбылған қисса оқиғалар желісіне назар аударып көргейсіз.

«ӘУЛИЕЛЕР КЕНІ – МӘДИНАТ-УЛ БАЙЗА»

Өткен жылдары тарихшы, профессор Ж.Артықбаев бастаған, драматург С.Қасымбек қостаған топ Кәрі Сайрамға арнайы сапарлап, түйген ойларын фейсбук әлеуметтік желісінде бөлісіп отырды (сілтеме: https://www.facebook.com/share/p/15YhzWJkvs/). Сол бөліскен мәліметтері арасында жергілікті халық әулие санап, зиярат ететін қасиетті орындары қатарында исламдық тұлғалармен қоса, басқа да дін кейіпкерлері жайында аңыздар бар еді. Мысалы, Ыдырыс пайғамбар, Қызыр пайғамбар, Иса пайғамбардың анасы Бибі Мәриәм, Жүсіп пайғамбар, Нұһ пайғамбар деп кете береді. Мұнша мәліметті алғаш оқығанда тосырқап қарап, таңырқап қабылдаған едік.

Иә, рас, тарихи әдебиеттерде ортағасырлардағы ислам орталығы болған Кәрі Сайрам қаласы мұсылмандар келгенге дейін де тәңіршілдік, зороастризм, манихеизм, христиан діндері секілді ірі діндердің ордасы болғаны туралы деректер бар. Бірақ, исламмен астасып, осы күнге де жетті дегенге илана қоясыз ба? Ғылымның археология саласында жиі пайдаланылатын «мәдени қабат» дейтін терминді ауыз әдебиетінде де қолданса болады екен-ау.

Қолымызға ХІХ ғасырдың соңында Н.П.Остроумов газетке бастырған «Әулиелер кені – Мәдинат-ул Байза», кейінгі кездері «Сайрам аңыздары» деп аталып жүрген еңбек жинақ тиді. Осы еңбекте Ресей империясына қараған заманда Кәрі Сайрамда үлкен базарлар көптігі, ал оған дейін «Сарйам елі базар ұйымдастыру құлықтық жағынан зияны көп болады» деп, базары аз еді дейді. Көне қаланың қасиеттілігі базарында емес, ерте замандарда өткен әз әулиелер мен мужтаһид ғалымдардың қабірлері мен кесенелерінің көптігінде деген ойды қозғайды. Тіпті, арнайы зияраттап келген кісі Кәрі Сайрамның бір қақпасынан кіріп, екінші қақпасынан шығар болса, бар күнәсінен арылатыны да жазылыпты. Көне шаһардың дінге қатыстығы, іргесі діни мақсатта салынғаны тағы бір деректі былай келтіреді: «Ақыры, барлық дана ғұламалар бәр ауыздан әзрет Ыдырысқа (ғәлейһиссәлем) екі өзен арасын, яғни Бадам мен Ақсу өзендері аралығында қала салуды кеңес береді. Әзіреті Ыдырыс (ғ.с.) ғұламалардың кеңесін бұлжытпай орындап, қаланы сонда тұрғызады. Алғашында қалаға төрт жүз ғимарат тұрғызылады және оған төрт қақпа орнатылады, әр қақпаға алты рабаттан тұрғызылады. Ол рабаттардың үшеуі сыртта, ал үшеуі ішкі жағында болады. Әр жүз үйдің арасынан бір құдық қаздырады. Осылайшы, Ыдырыс (ғәлейһиссәлем) Сарйамды отыз жыл мекендейді. Негізінде ол кісінің мекендеген жері құлшылық орны болатын» («Сайрам аңыздары» – Алматы: «Нұрлы-Әлем», 2014, 14-бет). Мұндағы Ыдырыс деп отырған кісі Құранда аты кездесетін 25 пайғамбардың бірі Ыдырыс пайғамбар. Оқырманға дерек ретінде айта кетсек, діни әпсаналарда Ыдырыс Алла-Тағала өз дәргейіне әкеткен,  Ілияс пен Қыдыр іспетті мәңгі тірілік дәрежесіне жеткен адам ретінде сипатталады. Аса тақуалығымен белгілі болған Ыдырыс ажал періштесін алдаусыратып жұмаққа еніп, Аллаға адалдығы үшін сол жұмақта немесе жеті қат көктің бірінде Қиямет қайымға дейін қалдырылған. Қиссаларда ол жазуды қаламмен алғаш жазған, киім тіккен, жұлдыздарға қарап болашақты болжай алған делінеді.

«Сайрам аңыздары» жинағында сол Ыдырыс пайғамбар Сайрамның іргесін қалады дейді. Одан кейін де мұнда Нұһ пайғамбар, Ескендір Зұлқарнайын, Қызыр пайғамбар, Намруд, Ибраһим Халилулла секілді діни кейіпкерлердің ізі қалып, Сайрамды көркейтуге еңбек сіңіргені айтылады. Одан тыс, Ж.Артықбаев пен С.Қасымбектің Иса пайғамбардың туған жері, Бибі Мәриәмның тыным тапқан жері деп осы Сайрамды атағанын да бір ескеріп қойыңыз. Қызық па?

Аталған пайғамбарлардың барлығы да араб пен еврей жұртының өкілдері емес пе дерсіз. Оған жауапты жоғарыда тек исламның ғана емес, оған дейінгі діндердің де орталығы болды деп біршама түсінік берген едік, «Сайрам аңыздарында» да тағы ашықтап кетіпті. Бір тұсында «Әзіреті Иса (ғәлейһиссәлем) да бұл қалада төрт жыл тұрды. Сол тұста қаланың басым бөлігі мұқ және тарсалар еді» десе, келесі бір жерінде «Наушируан Әділ әлемді жаулады. Оның екі ұлы бар еді, бірінің аты Язди Жүрмәлік, екіншісінің есімі Шаһрияр еді. Язди Жүрмәлікке Түркістан мен Сарйамды берді. Ол келіп Сарйамға түсті. Ондағы бүкіл мұқтар мен тарсаларды қуып шығарды, кейбіреулерін өлтірді. Ол кісі мұнда он үш жыл өмір сүрді. Маһартөбе (қазіргі Мәртөбе) ол кісінің ордасының орны болатын» дейді. Мұндағы «мұқтар мен тарсалар» деген сөзді «Сайрам аңыздарын» аударған авторлар «еврейлер мен христиандар» деп аударыпты («Сайрам аңыздары» – Алматы: «Нұрлы-Әлем», 2014, 20-бет). Ал, ғылыми айналымдағы түсініктерде «тарса» деп несториандық христиандарды атаса, «мұқ» деп манихеизм діні өкілдерін (сілтеме: https://www.facebook.com/share/p/19NrqrgTsY/), енді бір жерде зороастризм дінінің қалдықтарын атапты. Демек, пайғамбарлар және діни кейіпкерлер жайлы аңыздар және олардың Кәрі Сайрамда болуы, өмір сүруі, жерленуі секілді әпсаналардың төркіні белгілі болған секілді.

Жоғарыда тоқталған «ауыз әдебиеті қатпарларындағы мәдени қабат» дейтін түсінігіміз осы ғой. Нешеме ғасырлық тарих қойнауынан жергілікті тұрғындардың ауыздан-ауызға құбылып, бұлақтың қайнап шыққан көзіндей жетіп отыр. Бірден пайғамбарлардың Сайрамға қатысы жоғын, мұнда аяқ баспағанын алға тартып, аңыз деректерін жоққа шығарудың қажеті жоқ. Бұл – діни кітап емес, ауыз әдебиеті.

ЖЫЛАНДАР ЫМДАП, ИШАРАЛАП БЕЛГІ БЕРЕТІН ЖЕР

Өткен сапарларымыздың бірінде Сайрамға экспедиция ұйымдастырып едік. Сапар мақсаты Шымкент қаласына қарайтын аумақтағы археологиялық есерткіштерге түгендеу жүргізу, бүгінгі жағдайларын бағамдау, жаңа нысандарды анықтау болды. Сол экспедиция барысында жол бойына қойылған «Жүсіп/Юша пайғамбар» дейтін сілтеуіш белгі біздің назарымызды аударып, ат басын бұрдық. Оған дейін де «Сайрамда Жүсіп пайғамбардың қабірі бар» дегенді емес-еміс естіп қалатынбыз, ғылыми кітаптардан тұратынымыз тағы бар. Қасиетті мекен туралы мән-жайды өз көзімізбен көріп, аңыз-әпсанасын тыңдаудың реті келді.

Жалпы, бұл қасиетті жер туралы алғашқы деректі «Сайрам аңыздарынан» жолықтырып едік. Онда «Ишанның шығыс жағынан шамамен бір миль қашықта Йұша ғәлейһиссәлемның қабірі бар. Мұнда екі әзіз кісі жатыр. Бірі жоғарыда, аты аталған есімі – Қожа Абдолла Бағыстани, ол кісінің қабірінен ешбір белгі қалмаған. Құбыла жағында Қожа Абдулқаһһар Сариамидің қабірі» деп деректейді («Сайрам аңыздары» – Алматы: «Нұрлы-Әлем», 2014, 70-бет). Біздің сөз еткелі отырған «Жүсіп/Юша пайғамбар» дейтін сілтеуіші бар нысан ойдан шығарылған немесе ертегі секілді дүние емес екенінің бір дәлелі осы. Тарихи еңбектерде жіптік ұшы бар, бірақ аңызбен астасып жатқан сакарльді объект болып тұр.

Қабір басында зиярат үйі, құрбандық шалатын орын, дәретхана салынып, зиярат әдептері көрсетілген ақпарттық стенд ілініпті. Соған қарағанда мұнда келетін зияратшылар саны әжептеуір секілді. Өзін Сапар Елубайұлы деп таныстырған шырақшы кісі қарсы алды.

Сапар Елубайұлы, Жүсіп пайғамбар қабірінің шырақшысы:

«КӘДІМГІ АҚ ОРАМАЛ СЕКІЛДІ БІР УЫС БҰЛТ БУДАҚТАП ҰШЫП ЖҮРЕДІ»

– Бұл жер – Жүсіп пайғамбардың жерленген мазары деп бұрыннан келе жатқан орын. Қабірдің ұзындығы 17 метр, ені 4 метр. Жүсіп пайғамбар міне, осы жерде жатыр. Келген кісілер «оны қалай дәлелдейсің?» дейді. Оның тылсымдық дәлелдері көп, бірақ жазбаша дерек жоқ болып тұр. Кешегі күнге дейін ғайыпқа, тылсымға сенген ғажап қазақ едік, тәуелсіздік алғалы дін адамдары көбейіп, дәлел сұрайтындар көбейді.

Өзім Бәйдібек ауданының Бәйдібек ауылының тумасымын. Тылсым мен әруақ жолына түсіп, Қаратаудың теріскейіндегі, Жаңатас жақтағы Әбу-Мұса Әшқари сақабаның басында түнеп жүргенімде аян берді. Ол кезде «Ясин» сүресін оқымасам тұра алмайм, сондай «аурым» бар, Қызыр ата «Әбу!» деп айқайлап келді. Сонда, «Әбу» деген сөз дін мен әруақ жолында жүрген кісілерге берілетін мәртебе екен. Сондай ат алып, «Әбу-Сапар» атандым.

Дәлел сұрап, күмән келтіретіндерге бір дәлел ретінде мына құдықты көрсетемін. Бұл құдықты былтыр қаздық. Оның алдында арғы кіреберістегі басқа құдық басында құран оқып отыр едім, қасымдағы шөптің арасы сықырлады. Сап-сары жылан, осы жердің иесі ғой, басын тік көтеріп маған қарап тұр екен. Амандастым да, құранымды жалғап оқи бердім. Жылан біраз қарап тұрып, кетіп қалды. Тірлігімді бітіріп, Жүсіп пайғамбардың басына келсем, бағанағы жылан осы жерде жатыр. Ол кезде мына жерде құдық жоқ еді. Әлгі жылан маған қарады да, құйрығын сақиналап белгі берді. Ол сақиналаған әрекеті «құдықты мына жерден қаз» деп ымдағаны ғой. Ал, бірінші құдықты су керек болғасын екі сымды қолға ұстап, әншейін беталды қаза салып едік. Осылайша, Қызыр атаның нұсқауымен негізгі екінші құдықты қаздық. Су құдықтың түбінен емес, қабырғасының үш жерінен сорғалап тұрады. Былтыр Ораза айт мейрамына, сосын Ашура түнінде су ақты. Биыл да солай болды. Өткенде оразаның ортасында, 15-і күні оразамды ашып, шай ішіп отыр ем, ақша бұлт болып белгі берді. Кәдімгі ақ орамал секілді бір уыс бұлт мына долана мен арғы долана арасында будақтап ұшып жүреді. Жүгіріп келіп ем, құдықтың ішіндегі үш көзден су сорғалап тұр екен, құйып алдым. Әлгі бұлтты осы жерге келген Ақбілек деген журналист жігіттер бар еді, соларға көрсеттім. Камераға түсіріп алғысы келді, бірақ түспеді. Тылсым ғой.

Екінші бір тылсымды айтайын. Бұл жерге шырақшы болар алдын Ордабасыдағы Ер-Дәуітте шырақшы болдым. Ғайыптың көкесі сол жерде, көкірегім сонда ашылды. Одан кейін Тоқсансайдағы Көзата әулиеде үш жыл болдым. Одан кейін осы жерде 1 жыл шырақшы болдымда Сайрамдағы Махмұт ата әулиеге ауыстым. Сол кезде осы жерге жол түсіп келіп ем, иесі (жылан) жатыр екен. Құран оқып, амандасып ем, еш бұрылмаған күйі құйрығымен артқа жүріп ініне кіріп кетті. Міне, бұл да бір ишара еді. «Бәрібір қайтып келесің» деген ым белгі ғой. Артынша қайта келіп, осы жерге шырақшы болдым.

Бұдан басқа да тылсым дәлелдер бар. «Жүсіп-Зылиқа» дастанын оқығаныңыз бар ма? Сондағы кейбір оқиғалар желісін кейде-кейде осы жерден көріп қаламын. Дастанда Жүсіптің зынданда жатуы, Зылиқаның зар илеуі, теңбіл аурымен ауруы секілді оқиғалар суреттеледі емес пе? Сондай құбылыстарды бейнелейтін әрекеттерді рухтар осы жердің иесі (жыландар) арқылы көз алдыңа келтіреді. Мұның бәрі тылсым. Ғайыпты осы жерге қонсаң көресің.

Құдықтың суы көзге ем. Бірде Өтемістің бір келіншегі келді. Құран оқып, дем салып бердім, құбыла жақтан кішкентай жарық түсті дейді. Одан тыс, бала көтере алмай жүрген әйелдер келіп тұрады. Мынау тұрған Шапырашты ауылының бір келіншегі күйеуі екеуі келіп түнеп, осы жерден көтерді.

Екінші құдықты қазып жатқан кезімізде бір жігіттер келді. Меккеге қажылыққа барып, сол жақта аян беріпті, құдық қазуға көмектесті. Маған құдықтың суы 7 метрде шығатыны мәлім еді, әлгі жігіттер «Құрандағы Жүсіп сүресі 12-ші сүре ғой, сондықтан 12 метр қазамыз» деп 12 метр қазды. Бірақ, су 7 метрден шықты. Осындай-осындай ғайыпты тылсым құбылыстар орындалып тұрады.

P.S: Жоғарыдағы кіріспемізде айтқанымыздай, тылсым мен ғайыпқа сену-сенбеу өз еркіңізде. Біздің мақсат – тұрғындар киелі, қасиетті санайтын нысандарды оқырман назарына жеткізу, ауыз әдебиетінің ерекше жанры – қисса, аңыз-әпсаналар кейіпкерлерінің қазіргі қоғамдағы орнын көрсету ғой. Сайрамға жолыңыз түсе қалса, абыр-сабыр базарына емес, ертегілер еліне енгендей аңыз-әпсаналарына да мән бере жүргейсіз.

 

С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ